Жексенбі, 05 мамыр, 10:30

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№35 — 2045
04.05.2024
PDF мұрағаты

Жанданған мерекеде жаңарған Қызылорда

23.10.2022

997 0

Биыл Сыр өңірінде нәтижелі жобалар жетерлік. Қала тұрғындарының сұранысын қанағаттандыру мен түйткілді мәселені шешу үшін шаһарға жаңа қоғамдық көліктер келуде.  Одан бөлек «Балалар жылына» орай ойын алаңдары да көптеп салынуда. Сонымен қатар әлеуметтік, қоғамдық нысандар да көптеп бой көтеруде. Міне, осындай бірқатар нысандардың ашылу салтанаты Республика күніне орай облыс орталығы мен барлық ауданда өтті.

Мерекеге орай облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев бір мезетте бірнеше әлеуметтік нысанның ашылуына қатысты.

− Барша жерлестерімді қайта оралған ұлттық мереке – Республика күнімен шын жүректен құттықтаймын! Араға 13 жыл салып, Президент Жарлығымен Республика күні Ұлттық мереке болып халықпен қайта қауышты. Бұл тарихи мәні жоғары, идеологиялық салмағы ерекше айтулы күн еліміздің бүгіні мен ертеңіне адал қызмет ететін, ерен істер мен елеулі бастамаларды жалғастыратын барша азамат үшін маңызды, − деді Нұрлыбек Машбекұлы өз құттықтау сөзінде.

Мереке аясында аймақ басшысының бастамасымен, демеушілердің қолдауымен құны 1,6 млрд теңгені құрайтын 80 спорт ойын алаңы бір мезетте тарту етілді. «Балалар жылына» орай жасалған бұл істің нәтижесінде қала және аудандарда ойын алаңдары бой көтерді. Сонымен қатар меценаттың қаржысы есебінен Жаңақорған ауданында құны 790 млн теңгені құрайтын заманауи демалыс паркі ашылса, Сырдария ауданы Нағи Ілиясов ауылында 350 млн теңгеге «Еңбекшілер аллеясы» бой көтерді.

Өңірде білім саласының дамуына тілеулес меценат азаматтардың мектеп, балабақша ашу ісіне ынтасы жоғары. Бұған 300 орындық жаңа балабақшаның ашылуы дәлел бола алады. Жеке кәсіпкердің бастамасымен ашылған балабақша шаһардың ең ірі және шеткі аумағында орналасқан. Жыл соңына дейін тағы 2 мемлекеттік балабақша пайдалануға берілмек.

Мерейлі мерекеде қоғамдық көліктер қатары жаңа 40 автобуспен толықты. Бұған дейін Қызылорда автобус паркіне «Өнеркәсіпті дамыту қоры» акционерлік қоғамы арқылы жаңадан лизингке 150 автобус алуға 1,43 млрд теңге қаржы бөлінген. Соның аясында қыркүйекте 21 жаңа автобус алынды. Ал қараша айында автобустардың қалғаны келеді. Жаңа автобустар бүгінде қоғам игілігіне қызмет етуді бастап кетті.

Биыл өңірде 4 жаңа білім ошағы ашылды. Жыл соңына дейін тағы 8 мектеп пайдалануға берілмек. Апатты деп танылған Тоқабай ауылындағы мектеп жеке инвестор есебінен 500 млн теңге қаржыға салынуда. Оқушыларды тасымалдау үшін осы оқу жылында мектептерге 30 автобус берілмек.

Облыста түрік компанияларымен бірлескен ынтымақтастық жаңа деңгейге көтерілді. Биыл қала аумағын жылу, жарықпен толық қамтамасыз ететін, қуаттылығы 240 мегаватты құрайтын жылуэлектр орталығының іргетасы қаланды. Құны 215 млрд теңгеден асатын жоба 2025 жылы аяқталады деп жоспарланған. Тағы бір түрік компаниясымен жылына 24 мың тонна қызанақ пастасын шығаратын зауыт салу туралы келіссөздер жүргізілуде.

Аймақ орталығында бүгінде жаңа Неке сарайы, 1000 орындық Өнер орталығы, сол жағалаудан қан орталығының құрылысы жүруде. Сондай-ақ белгілі кәсіпкер, меценат Марат Дүйсенбаевтың демеушілігімен құрылысы басталған құны 1,5 млрд теңгені құрайтын «Анаға тағзым» орталығы шаһардың ажарын аша түспек.

Аймақта салынған шыны зауытының күйдіру пеші қажетті температурасына жетіп, қазанның 9-ы алғашқы сынама шыны өндірілді. Зауыт айналасынан 8 ілеспе өндіріс дамиды деп жоспарланған. Енді зауытта шыны-талшықты, композиттік материалдар және басқа да өнімдер шығарыла бастайды.

Қаланың негізгі қақпасы әуежай да қайта жаңарады. Болат Өтемұратовтың тікелей қолдауымен құны 12 млрд теңге болатын «Қорқыт ата» әуежайының жаңа терминалы салынуда. Қазірдің өзінде өзге де демеушілермен 100 млн теңгеге бұрынғы терминалдың ішкі және сыртқы әрлеу жұмыстары жүргізілді. Сонымен қатар Қызылорда қаласында заманауи үлгідегі «Оқушылар сарайы» да бой көтереді.

Алдағы 3 жылда аймақта «Жайлы мектеп» жобасы аясында құны 70 млрд теңгеге 15 мемлекеттік мектептің құрылысын салу жоспарға енген. Оның ішінде 19,6 млрд теңгеге 2023 жылы 9 білім ошағының құрылысы басталады.

Денсаулық сақтау саласында 2 жыл ішінде 27 нысан халық игілігіне берілмек. Орталық атқарушы органдармен бірге жасалған орнықты жұмыстардың нәтижесінде Қызылорда қаласында көпсалалы аурухана мен емхана тұрғындардың игілігіне қызмет ететін болады.

Қайта жанданған мереке аясында аймақ осы және өзге де әлеуметтік маңызы зор жаңа нысандармен толықты. Өңірдің өркендеуіне үлес қосатын жұмыстардың аз еместігіне де көз жетті.  Жүйелі жұмыстар жанданып, аймақтың алға басқан қадамы адымды. Әлеуметтің әлеуетін арттыратын жұмыс легі көбейетініне де сенім мол.

А.БІРКЕНОВ

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: