Жұма, 19 сәуiр, 20:53

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№30 (2040)
16.04.2024
PDF мұрағаты

Балалар мектепке барды. Санитарлық талап сақталды ма?

07.09.2021

972 0

Күллі әлемді індет жаулап, пандемия жарияланған тұста білім саласына да үлкен өзгеріс енді. Ұстаздар жаппай онлайн форматта білім беруге машықтанып, балаларды оқытуды тоқтатпады. Дегенмен оқушылар да, ұстаздар мен ата-аналар да мектепке барып оқығанды қош көрді. Биылғы оқу жылы көптің көңілінен шығып, дәстүрлі форматта білім беруді бастады.

Қаладағы 454 оқушы білім алатын Ғани Мұратбаев атындағы №171 мектеп те өз қызметін бастап кетті. 1 қыр-күйек – Білім күнінде мектеп алаңында білім ошағының табалдырығын аттаған шәкірттерге салтанатты жиын ұйымдастырылды. Мектеп директоры Бекзат Сағындықұлы өткен оқу жылы мектеп үшін де, шәкірттер үшін де сәтті болғанын, биылғы жылы да сол деңгейден қалмауды мақсат тұтқанын айтты. «Өткен 2020-2021 оқу жылында мектебімізде 11 сыныпты 17 түлек бітіріп, барлығы да жоғарғы оқу орындарына түсті. 16 оқушы ҰБТ-ға қатысып, 10 оқушы мемлекеттік грант, 2 оқушы әкім грантын иеленді, 5 оқушы ақылы бөлімге түсті. Биыл бар-лығы 454 оқушы білім алады. Оның 27-і мектеп бітіретін түлектер. Олардың ішінде 2 «Алтын белгі» үміткері бар», – деді мектеп басшысы.

Айта кетерлік жайт, биыл бірінші сынып оқушылары «Әліппемен» қайта қауышты. Салтанатты жиында мектеп директоры мен ардагер ұстаздар оқушыларға шәкірт зейінін ашуда басты оқулық саналған «Әліппені» табыстап, білім нәрімен сусындауда сәттілік тіледі.

Жалпы биылғы жылы балалардың қауіпсіздігі мен еш кедергісіз білім алуы үшін барынша жағдай жасалған. Ең алдымен оқушылардың дене қызуын тексеретін құрал, антисептик секілді қорғаныс құралдарымен жаб-дықталған. Одан бөлек жеке бас қауіпсіздігі де назардан тыс қалмаған. «Мектептегі қауіпсіздікті сақтау мақсатында күзет агенттігімен келісім-шарт жасалды. Олар күнделікті мектепті 07.30-19.30 аралығында күзететін болады. Сондай-ақ мектепке кіреберісте арнайы турникеттер орнатылған. Мектепте «Ashyq» жүйесі енгізілгендіктен, барлық ата-аналар жүйеден тексеріледі», – дейді №171 мектеп директорының бейінді оқыту жөніндегі орынбасары Мөлдір Әбдіқалиқызы.

Одан бөлек Мөлдір Медетованың айтуынша, мектеп оқушыларының сапалы білім алуы мақсатында арнайы интерактивті тақталар алынған. Енді оқушылар сабаққа қатысты арнайы бейнематериалдарды тамашалай ала-ды. Бұл өз кезегінде оқушылардың белгілі бір пәнге деген қызығушылығын арттыруға сеп болмақ. Одан бөлек өткен оқу жылында жаңадан жасақталған биология кабинеті биылғы жоғары сынып оқушыларының білім алуына едәуір үлесін қоспақ.

Жалпы биылғы оқу жылында көбінесе оқушылар мен ұстаздардың қауіпсіздігі үшін жағдай жасалған. Соның ішінде олардың санитарлық талаптарды сақтауына баса назар аударылған. Бұл туралы мектептің бастауыш сынып мұғалімі Жұлдыз Төлегенова айтып берді. «Жаңа оқу жылында жақсы жаңалықтар легі көп болды. Соның ішінде оқушылардың әліппемен білім алатыны көпті қуантқаны рас. Ал дәстүрлі білім беру форматына көшу туралы жаңалық ата-аналар мен балалар үшін қуанышты жаңалықтың бастысы болғаны анық. Себебі ата-аналар көбінесе балаларының партада отырып, мұғалімнің көз алдында білім алғанын қалайды. Ұстаздар қауымына да дәстүрлі форматта білім беру жеңілірек екені сөзсіз. Ендігі мақсат оқушылардың зейінін ашып қана қоймай, олардың қауіпсіздігін қамтасыз ету», – дейді 1 «Б» сыныбының мұғалімі.

Расында оқушылардың барлығы мектепке барып оқитыны жақсы жаңалық қатарынан табылғаны анық. Көк экранның артында телміріп отырғаннан гөрі, партада отырып білім алған, сыныптастарымен етене араласқан тиімді. Енді тек сақтық шарасын қатаң сақтап, ілім мен білім жолында аянбай еңбек ету қажет.

А.НҰРАЗҒАЛИ

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: