Жексенбі, 22 желтоқсан, 15:39

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№100 (2110)
21.12.2024
PDF мұрағаты

Білімге ұмтылған талапты жастың мекені

30.11.2021

1574 0

ХХІ ғасыр – ақпараттық технология мәдениетінің алтын дәуірі. Айналадағы дүниеге, адамның кәсіби мәдениеттілігіне мұқият қарайтын шақ. Қазіргі педагогика теориясының өзгерген білім беру мазмұны, тың көзқарасы технологиялармен тығыз байланысты. Осы үдеден шығып, үздіксіз білім беруді дамытуға үлес қосып келе жатқан мектептің бірі – №280 негізгі мектебі.

Тағылым танымы

Бүгін біз тарихы тереңнен бастау алған мектепке ат басын бұрдық. «Казрис» мектебі өткен ғасырдың 1932-1934 жылдары Қиыр Шығыстан корейлерді бұрынғы «Казрис» елді-мекеніне сол кездегі саясатпен күштеп қоныстандырған жылдардан басталады. Ол кезде су мол болғандықтан олар егіс алқаптарына күріш-бидай дақылдарын егіп, бау-бақша өнімдерімен айналысқан. Ауылға корейлермен бірге өзбек, орыс т.б. ұлт өкілдері қоныстанған.

Осыған орай 1934 жылы аралас орыс-қазақ мектебі ашылған. Мектеп кол­хоздың атымен жеті жылдық «Казрис» мектебі болып аталады. Оған себеп алғашқы рет күріш дақылының «Қазақ салы» деген сортына байланысты орысша «Казахский рис», қысқаша «Казрис» атауы берілген. Мектептің алғашқы директоры М.Таңқыбаев болса, А.Мұсабаев, Ж.Мұсабаев, А.Әбубәкіров, К.Есдәулетов, Ә.Мұсабаев  секілді білікті ұстаздар оқушыларға дәріс береді.

Одан кейін мектеп директоры  Д.Бақбергенов болып, кейін соғыстан бір аяғынан жараланып келген А.Әбубәкіров жетекшілік жасап, содан соң Марал бабаның немересі Бақытжан Бекішов болады. Бақытжан Сүлейменұлының еңбек жолы соғыс жылдары кезінде «Казрис» ауылының бастауыш мектебінде мұғалім болудан басталады, ол кезде небәрі 14 жаста еді. Ол ауыл балаларын білім нәрімен сусындатып, жас буынға тәрбие мектебін берген ең талантты директордың бірі еді.

Осынау білім ордасынан қанат қаққан, осы ұлағатты ұстаздардың шәкірттері кейін еліміздің өркендеуіне, дамуына сүбелі үлес қосты. Олардың қатарында педагогика ғылымдарының докторы, тарих, табиғаттану оқулықтарының авторы Тотай Тұрлығұлов, соғыс ардагері, құқық қорғау саласында абыройлы кызмет еткен  Жұмабай Байқадамов, қазіргі Шымкент қаласы  Ұлттық қауіпсіздік комитетінің бастығы болып, зейнетке шыққан Әлішер Тұяқбаев, соғыс ардагері, ауыл шаруашылығын дамыту, егіс алқаптарын әртараптандыруда көп жылдар бойы еңбек еткен Асқар Едербаевтар бар.

 Нақты деректерге сүйенсек, 1950 жылдары  бала санына сәйкес бастауыш мектеп жабылып, 1963-1964 жылдары қайта ашылады. Сол уақытта мектеп ұжымын С.Оразалиев басқарады. 1979 жылы белгілі себептермен мектеп қысқартылып, 1989 жылы он жыл өткен соң қайта ашылады да, білікті ұстаз Райхан Қоқашова директор болады. 1993-1998 жылдар аралығында Гүлжаһан Мамырбаева директор қызметін атқарса, 1998-2020 жылдары жауапты қызмет Шолпан Алпысбаеваға жүктеледі. Ал былтырдан бастап ұжымды Жанат Көмекбаева басқарып келеді.

Білімге ұмтылған талапты жастың мекені

Ұстазы мықтының…

«Елу жылда –  ел жаңа» дейді қазақ. 2013 жылдың қыркүйегінде заманауи үлгідегі жаңа типтік жобада салынған 100 орындық  мектеп ғимараты пайдалануға беріліп, «Казрис» негізгі мектебі болып құрылды. Бұл ұлы істің бас-аяғында жүріп, ауыл балаларының жаңа мектепте оқуына ықпал еткен жанның бірі Сейтқали Бегманұлы Алшынбаев еді. Бұл кісі бүгінде республикаға танымал кәсіпкер, білім меценаты.

Мектеп жаңадан бой көтергенге дейін апаттық жағдайда болған. Меценат осы жағдайды көрген соң қаражат салып, тәуекелге бел байлап Досан ауылының балаларына мектеп салуды қолға алады. Білім ошағын салуға қажетті қаржының  жартысын мемлекет, жартысын өзі шы­ғарып су жаңа мектепті салады. Бұл Сейтқали Бегманұлының Досан ауылының балаларына сыйлаған үлкен жақсылықтарының бірі.

2016 жылдың қазан айынан бастап қалалық білім бөлімінің және облыстық білім басқармасының ұсыныстары бойын­ша қала әкімінің шешімімен №280 не­гізгі мектебі болып қайта өзгертілді. Бүгінде жаңа білім ордасы қажет жабдықпен, арнайы бөлмелермен толық қамтамасыз етілген. Тарих тағылымы ретінде мек­тепте  Досан атындағы мұражай ашы­лып, ауылдан соғысқа аттанған ҰОС ардагерлерінің деректері қойылған. Бұл игі іс жас ұрпақтың бойына патриоттық тәлім  тәрбие беру және отансүйгіштікке, туған жерді құрметтеуде алар орыны ерекше болып қала беретіндей.

Дана халқымызда «Ұрпағы білімді халықтың – болашағы кемел» деген нақыл сөз бар. Осы ретте ұстаздар қауымына салмақты жауапкершіліктің  артылғаны белгілі. Бүгінде бұл мектеп ұжымында өз мамандығын қалыптастыра білген, жас мамандардың әрдайым ақылшысы, үнемі ізденісте жүретін ұлағатты ұстаздар баршылық. Мырзабек Есжанов, Гүлжаһан Мамырбаева, Гүлбану Сатбаева, Айнаш Смаева, Айнұр Тулекова, Айгүл Қуанышбаева, Гүлмира Қожбанова, Жеңіскүл Қалиева, Ақжарқын Нұрқасымқызы, Индира Майлыбаева, Күлзада Үргенішбаева, Гүлден Акимова, Мөлдір Альсугурова сынды ұстаздар біздің сөзімізге дәлел бола алады. Себебі бұл мұғалімдер бойында ерекше дарыны бар балаларды қалалық, облыстық оқу, өнер сайыстарына үздіксіз қатыстырып, білімдерін ұштаумен қатар шәкірттерінің өз бойындағы дарынын көрсетуіне ықпал етіп жүрген жандар. Олар әр баланың жетістікке жетуі үшін күн-түн демей еңбек етіп, оқушы бойына білім дәнін сеуіп келеді.

– «Ескіні ескермей, жаңаны жаңартуға болмайды» дейді халқымыз. Маған дейін басшылықта қаншама мектеп басшылары болды.

Бағымызға орай, бүгінде мектеп ұжы­мының, оқушылардың жеткен жетістігі аз емес. Қазір мектепте ән, волейбол, баскетбол, футбол, таэквандо, дзюдо, шахмат т.б. үйірмелер жұмыс жасайды. Биылдан бастап мектепте жаңадан штат ашылып, дефектолог маман жұмыс істеп жатыр. Педагог-психолог және дәрігеріміз бар. Алда коворкинг орталығы ашылмақ. Жалпы мектепте 70 қызметкер болса, соның барлығы балалардың жағдайы жақсы болуы үшін жұмыс істеуде, – деді мектеп басшысы Жанат Шамшатқызы.

Білімге ұмтылған талапты жастың мекені

Жаңа мектептегі тың тыныс

Қай елдің болмасын өсіп-өркендеуі ұлттық білім жүйесінің деңгейіне, дамыту бағытына байланысты. №280 мектеп бұл тұрғыда үдеден шыққан білім ордасы деуге толық негіз бар. Білікті мамандар шоғырланған бұл мектеп жыл сайын білімді оқуышларды үлкен өмірге қанат қақтырады. Қазіргі таңда мектепте барлығы 39 мұғалім жұмыс істейді.

Биыл 2021-2022 жаңа оқу жылында 410 бала білім алуда. Оның 120-сы жаңадан бой көтерген «Бәйтерек» шағын ауданынан келіп қосылған.  Ал биыл мектеп табалдырығын 40 оқушы аттаған. Бұдан бөлек мектеп алды даярлықта 22 бала білім алуда. Былтыр білім ордасын 22 оқушы бітірген. Оның ішінде 18 оқушы мемлекеттік білім грантын жеңіп алса, қалған төртеуі ақылы негізде білім алуда. Ал биылғы оқу жылында 30 оқушы мектеп бітірмек.

Білім ошағында оқушыларға көмекте қарастырылған. Киім-кешек, арнайы оқу-құралдарымен қатар 140 бала ыстық тамақпен қамтамасыз етілген.   

– Мектеп ұжымы үшін пандемия қиынға соқты. Балаларға білім беру мә­селесіне байланысты қиындықтар туын­дады. Бірақ бәрін қолдан келгенше реттедік. Білім беру жүйесі қашықтан болған соң 23 планшет, 64 ноутбук, 15 компьютер барлығы 102 техникалық жаңа құрылғылар алынды. Аз қамтылған, көп балалы отбасы балаларына 15 компьютер келісім негізінде таратылып берілді. Мектеп оқушылары қашықтан өткізілетін білім сайыстарына қатысты. «Шын мықтыға тұсау жоқ» дегендей осындай қиын сәттерде де пәндік олимпиадалар мен түрлі онлайн додаларда оқушыларымыз жүлделі орындар алды, – деді мектептің оқу ісі жөніндегі орынбасары Мырзабек Есжанов.

№280 негізгі мектебінде пәндік каби­неттер соңғы үлгідегі заманауи жаб­дықтармен қамтамасыз етілген. Мұнда медициналық көмек көрсететін арнайы кабинеттен бастап, оқушыларды еңбекке баулитын тігін машиналары мен станоктар қойылған бөлмелер бар. Мектеп басшысы балалардың ерте еңбекке араласуына, еңбексүйгіш болып өсуіне әсері мол екенін айтады. Бұдан бөлек білім ордасында балалар жаттығатын арнайы алаң мен спорт зал және 2 бөлмеден тұратын кітапхана жұмыс істейді. Кітап қоры 10000-ды құрайды. Сондай-ақ биылдан бастап инклюзивті кабинет ашылған. Мұнда дефектолог балаларға көмек көрсетеді.

Дарын ошағы

Бұл білім ордасында спорт, мәде­ниет, білім бағытындағы  жарыстарда жоғары нәтиже көрсетіп, мектеп бе­делін ас­қақтатқан оқушылар аз емес. Соның бірі – Арлан Русланұлы. Мектеп табалдырығын аттағаннан кейін көп уақыт өтпей өзінің оқудағы зейіні мен спорттағы қабілетін байқатқан ол, жаттықтырушысы Асанәлі Таңа­таровтың көзіне түскен. Міне, сол уақыттан бері тотами төрінен түскен емес. Ол «Абзал және Компания» ТС 25 жылдығына орай балалар және кадеттер арасындағы таеквондодан қала­лық біріншілікте 24 келі салмақ дәре­жесінде жүлделі I орын, Таеквондодан «Dream Cup»  ашық республикалық турнирінде 6-7 жас аралығында 31 келі салмақ дәрежесінде II орын, Таеквондодан балалар арасындағы Қазақстан Респуб­ликасының чемпионатында 6-7 жас ара­лығында 32 келі салмақ дәрежесінде III орын иегері. Ал Динара Қыпшақбаева ауыр атлетикадан ел чемпионы.

Білімге ұмтылған талапты жастың мекені

Қайрат Әбенов, дене шынықтыру пәнінің мұғалімі:

– Динара 2017 жылдан «Қызылорда облысы­ның дене шынықтыру және спорт басқармасының облыстық жоғары спорт ше­берлігі мектебінде» жаттығады. Динараны өз қамқорлығына алып, спорт саласында жетістіктерге жету мақсатында қолдау көрсетіп жеке бапкері Ханимулин Альберт үлкен үлес қосып келеді. Оқушымыз ауыр атлетикадан 17 жасқа дейінгі ұлдар мен қыздар арасында ҚР-ның жеке командалық  чемпионатында 76 келі салмақпен ІІ орын, 23 жасқа дейінгі жастар арасында ҚР чемпионатында 75 кг салмақпен I орын иегері. Биылдың өзінде екі жарыстан жүлделі оралды.  КР 5-ші жастар ойындарында 87 келі салмақпен ІІ орын, ауыр атлетикадан ҚР жеке командалық чемпионаты 81 келі салмақпен III орын алды, – деді пән мұғалімі.

Білімге ұмтылған талапты жастың мекені

Ақниет Әмірқызы да өнерлі оқу­шының бірі. 2019 жылы «Болашақ жұл­дыздары» атты республикалық өнер байқауына «Хореография» номинациясы бойынша қатысып, «II дәрежелі Лауреат», «Тәуелсіздікке тарту» атты Республикалық дарынды балалар мен жасөспірімдер арасындағы өнер бай­қауынан «Хореография» номинациясы бойынша I орын алды.

Жалпы тізе берсек, дарынды білімді жастардың қарасы қалың. Мектеп ұжы­мы да жас өрендерді шыңдау жолында талмай еңбек етіп келеді.

Сөз соңы. «Сіздер мен біздер тек болашақ буынды ғана емес, жалпы адамзаттың қадір-қасиетін, мән-мағынасын  түсінетін жаны да,  тілі де таза, білімді, жан-жақты мәдениетті, патриот азамат тәрбиелеуге міндеттіміз», – дейді Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев. Расында, білікті де білімді жас өреннің заман көшінен қалмасы, діттеген мақсатына жетері анық. Талай дарынның шырағын жаққан осынау білім ошағы да талай ұлағатты ұстаз бен шәкірттің құтты мекеніне айналды. Алдағы уақытта білім ордасынан ел тұтқасын ұстайтын білікті, адал жандар шығары күмәнсіз.

Ақтілек БІТІМБАЙ

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: