Сәрсенбі, 17 сәуiр, 02:45

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№30 (2040)
16.04.2024
PDF мұрағаты

Бүгін Ахмет Байтұрсынұлының туғанына 150 жыл толды

05.09.2022

821 0

Бүгін – ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының туған күні. Осыдан тура150 жыл бұрын қазіргі Қостанай облысы, Жангелді ауданы Ақкөл ауылында дүниеге келген алаш арысының бүгінгі мерейтойы ЮНЕСКО көлемінде тойланып, түйіні өзі туған өлкеде қойылуы керек болған еді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Тарихи тұлғасы мен арқалаған жүгі, көрген азабы ешбір ханның, ешбір батырдың, ешбір бидің, ешбір ғұламаның тұлғасымен салыстыруға келмейтін екі алыптың бірі Әлихан Бөкейхан болса, екіншісі – Ахмет Байтұрсынұлы.

Қазақ тарихының ең бір шешуші кезеңінде қатар өмір сүрген қос арыстың маңайына топтасқан ұлт элитасы халқын ұлтсыздандыру нөпірінен аман алып шығу үшін өткел болып төселді. Бәрінің басы бәйгеге тігіліп, бәрінің әулеті қуғынға ұшырады.

Абай Құнанбайұлы туралы «Қазақтың бас ақыны» атты мақала жазып, ойшылға қазақ жазба әдебиетінің төрін ұсынған Ахмет Байтұрсынұлының өзіне «Қазақтың бас ғалымы» деген атақ берсе жарасады.

Оған қазақ тілінің дыбыстық жүйесін, грамматикалық құрылымын, қазақ әліпбиі мен емлесін ғылыми дәйекпен ретке келтіріп, қазақ тілінің лексикалық қоры мен синтаксистік құрылымын өзге тілдердің ықпалынан тазартуға күш салған ғылыми еңбектері мен алғашқы оқулықтар дәлел.

ХІХ-ХХ ғасырда қазақ халқы үшін қандай ауыр болғанын түсіну үшін Байтұрсын әулетінің арғы-бергі тарихына көз салса жетіп жатыр.

Әкесі мен ағаларының нақақ қудалануы жүрегіне шоқ боп түскен алаш арысы 1937 жылы атылғанға дейін ұлт ұпайын түгендеп өтті.

Бұған да оның бүгінге цензура мен плагиаттан әупіріммен аман жеткен ғылыми еңбектері мен әлі күнге дейін табылмай келе жатқан құнды дүниелерінің даңқ-дақпырты дәлел.

Ол қазақ публицистикасы мен ғылыми тілін жасанды, қасаң сипаттан арылтып, халық тіліне жақындату үшін төл терминологияның негізін қалады.

Ақын, лингвист, әдебиетші, түркітанушы, публицист, педагог, аудармашы, мемлекет қайраткері, қазақ тіл білімі мен әдебиеттану ғылымдарының негізін салушы, ұлттық жазудың реформаторы, араб графикасының негізінде қазақтың төл әліпбиін түзіп, төте жазудың көмегімен «Қазақ» газетін ұйымдастырды, ұлттық журналистиканы дамытты.

Алашорда үкіметінің мүшесі болған.

2017 жылы Үкімет қаулысымен Қазақстан халқы тілдерінің күні 22 қыркүйектен Ахмет Байтұрсынұлының туған күніне ауыстырылды.

Жоғарыда айтқанымыздай, ұлт ұстазының бүгінгі мерейтойы ЮНЕСКО көлемінде тойланып, түйіні өзі туған өлкеде қойылуы керек болған еді. Бірақ дәл той қарсаңында тұтанған алапат өрттің бірнеше күнге созылып кетуіне байланысты шаралар кейінге шегерілді.

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: