Қарауылтөбе ауылдық округіндегі Айтбай Хангелдин атындағы №179 мектебі қай кезде ауыл балаларына сапалы білім беру мен жағдай жасаумен ерекшеленіп келеді. 1997 жылы мектепке ақын, драматург, публицист, аудармашы Айтбай Хангелдиннің есімі берілген. Үздіксіз қызмет етіп келе жатқан білім ордасына бүгінде 85 жыл толды.
Жақында атаулы мерекеге орай мектепте «Білімнің бесігін тербеткен» тақырыбында мерекелік шара өтті. Шараға ауыл әкімі, облыстық кәсіподақ комитеті төрағасының орынбасары Нұргүл Сабырқызы, қалалық кәсіподақ комитетінің төрағасы Орынша Міржақыпқызы, қалалық білім бөлімінің әдіскері Нұржан Қуанышбай мен ардагер ұстаздар, ауыл әкімі қатысты.
– Құрметті ардагерлер және ұстаздар, сіздерді 85 жылдық мерейтоймен құттықтаймын. Ұстаздар мен шәкірттердің тек биіктен көрінуі мектеп мерейін өсіреді. Мұны өздеріне артылған жауапкершілікті жұмыла көтере білген ағартушылардың арқасы десем артық болмас. Өскелең ұрпаққа заман ағымына сай білім мен тәрбие беруде оларға қойылатын талап жоғары. Ал қазіргі уақытта оқытудың жаңа әдісін қолдану оқушының білім деңгейінің өсуіне өз септігін тигізеді. Бұл тұрғыда нәтиже баршылық. Біздегі басты мақсат – алдымызға келген өреннен адамгершілікті, білімді, салауатты азамат қалыптастыру. Осы жолда аянбай еңбек етіп жүрген ұстаздар қауымына шын жүректен алғыс білдіремін, – деді Орынша Міржақыпқызы.
Мерекелік шарада ұстаздар қауымы қала әкімінің, облыстық, қалалық кәсіподақ комитетінің «Құрмет» грамотасымен марапатталып, сыйлықтар табысталды. Сондай-ақ мектеп қабырғасында білім алып жатқан өнерлі оқушылар мерейтой құрметіне ән-жырдан шашу шашты. Осылайша, бірнеше буын ұрпақ өкілдері бас қосып, білім алған, еселі еңбек еткен жандар естеліктерімен бөлісіп, мерейтойға жылы лебіздерін білдірді.
Жалпы білім ұясында бүгінде Айтбай Хангелдин атындағы арнайы кабинет жабдықталған. Ол жерде ақынның қолжазба жұмыстары, фотолары, түрлі суреттері сақталған. Сонымен қатар мектеп мерейтойында ардагерлер бөлмесі де ашылды.
Айта кетерлік жайт, мектептің 85 жылдық мерейтойы аясында «Хангелдин даралары» мектепшілік дебат клубының жетекшісі Қазына Ниязованың ұйымдастыруымен «Мектеп тарих толқынында» тақырыбында ауыл мектептері арасында пікірталас турнирі ұйымдастырылды. Одан бөлек «Білімнің мерейлі мекені» тақырыбында қалалық семинар өтті.
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!