Санжар Керімбайдың «Өзбекәлі мәдени майдан», «Қаныш ғылыми майдан» кітаптарын оқып шыққаннан кейін осы мақаланы жазуға себеп болған еді. Қазақтың рухы мен намысын көтеретін керемет шығарма екен. Кітапты оқи отырып көп дүниені білмей келгеніме кәдімгідей қынжылдым. Кітаптан алған әсерімде шек жоқ. Сол әсерлерімді студенттерге, достарыма түгел айтып жеткізу мүмкін емес. Сондықтан осындай ұлы тұлғаларымызды насихаттайтын әдеби шығармаларды жастарға оқуға шақырып жүрмін. Жастар қазір оқудан қалып барады, бұл өте қауіпті дүние. Сауатсыздық белең аладыма деп қорқамын. Әсіресе, мына жасанды интеллект заманында өте қауіпті. Адам оқу арқылы шыңдалып кемелденетінін ұмытпауымыз керекпіз.
Жоғарыдағы кітаптардың ішінде небір қазақтың ұлы тұлғалары туралы да айтылады.
Негізі бізге уақытында көп дүниені айтпаған екен ғой.
Біздің Қазақ елі өз тәуелсіздігін алғаннан бері 35 жылға аяқ басты. Осы уақыт аралығында егемен ел ауыз толтырып айтарлықтай елеулі табыстарға қол жеткізді. Елімізде саяси-экономикалық, әлеуметтік-мәдени өзгерістер жасалынып жатыр.
Бірақта бір әттегені қалып бара жатырған сыңайлы. Әттегені көп заман болды ғой.
Ол төл тарихымыздағы зиялы атанған адамдар, халқына қызмет істеген оқымыстыларымыз, интеллигенцияның таңдаулы өкілдері, ұлттық элита қатарында болып келген халқымыздың зиялы өкілдері әлі де болса жас ұрпаққа толық үлгі етіп насихатталмай келеді.
Бұл туралы Манаш ағамыз (академик М.Қ.Қозыбаев) “Біз қазақ зиялыларының жалпы тарихын жазар белеске келіп қалдық. Онда зиялы қауым кім, ол қай заманда жеке тап болып, топ болып қалыптасты, қандай кезеңдерді басынан кешірді, қазақ зиялыларының өркениетке қосқан үлесі қандай? – деген сияқты келелі сауалдарға жауап беруіміз керек – деген.
Бұл жерде ағамыз әлі де болса ақиқатты түсінігіміз толық қалыптасып үлгермеген, шынайы бағасын алмаған өзекті мәселелердің бірі – осы ұлттық интеллигенцияның тарихы туралы айтып отыр.
Расында, Кеңестік кезеңде “қазақ интеллигенциясы” шовинистік шырмаудың кесірінен жалпылай “орыс интеллигенциясының” көлеңкесінде қалып кетті.
Осы Қазақ интеллигенциясының қайнары болған тұлғалар саяси қудалауға ұшырауынан қазақ елі өзіміздің ұлттық мәдени құндылықтарымыздан айрылып қалдық. Осының салдарынан көзі ашық, көкірегі енді оянып келе жатырған жас ұрпақ өзге өркениеттер әсеріне көбірек ұшырап кеттік.
Жиырмасыншы ғасырдың 20-шы жылдарынан бастап орыстық шовинизм, одан кейін Сталиндік режим қазақ зиялыларының, көзі ашық, саналы оқығандарының көбеюіне астыртын қарусыз «саяси» шабуыл жасады. Өз қолымызды өзімізге кестіріп, жолымызды жапты.
Сол кездегі қазақтың зиялы өкілдері мен өнер иелері шығармаларын өз халқына арнап шығарды, өз жұртын жырлады, туындыларында ұлттың өмірін, көзқарасын, мүддесін білдірді, сөйтіп қазақтың ұлттық санасын оятуыға күш жұмсалған болатын. Ал ол идеялар отаршылдардың көздеген мақсаттарына бүйірден соққандай әсер етті.
Қазақ зиялылары ойлау қабілетін, санасын, ақылын – игілікке, ізгі мақсаттарға жұмсаған көпке пайдалы істерге бағыттаған, ұлттық мәдениетті алға бастырып, руханиятқа өзіндік үлес қосуға қолданған, жаңашыл, жасампаз жандар еді.
Біздің зиялыларымыз рухани өресі кең, ойы терең, халқының даналығын бойына жинақтаған тұлғалар болды. Олар қоршаған ортасына, өзіне де, өзгеге де сыншылдықпен қарайтын, қоғамдық құбылыстарға өзіндік көзқараспен, адамгершілік, имандылық тұрғысынан бағалайтын гуманист. Өз тағдырының халық тағдырымен тығыз байланыстылығын жақсы ұғынған, халық мүддесін бәрінен де жоғары қойып, халықтың жоғын жоқтаушы, қорғанышы, ұлттық мұраттар жолындағы табанды күрескер еді.
Сондай тұлғалардың бірі емес бірегейі десем артық болмас, Садықбек Сапарбеков болатын.
Мұрағаттық мәліметтерде Садықбек Сапарбеков 1902 жылы Жаңақоған ауданындағы Сырдарияның сол жағалауындағы «Балапантөбе» деген жерде дүниеге келген, қазіргі «Байкенже» елді мекені болуы керек. Ол атау жергілікті жерде әлі бар. Әкесі кедей шаруа болған. 1912-1917 Жаңақорғандағы орыс-түзем мектебінде оқыған, қазір бұл мектептің ғимараты аудандық мұражайға айналған.
Садықбек небәрі 17 жасында партияда болып, 18 жасыннан мемлекеттік, қоғамдық жұмыстармен айналысқан. 1920-1923 жылдар аралығында Түркістан өлкелік партия комитеті жанындағы партия мектебінің коммунистік жастар одағы бөлімін басқарды, сонымен бірге Алматы, Жетісу облыстық комсомол комитетінің хатшысы қызметтерін қоса атқарды. Мұндай лауазымды қызметтерді жасау кезкелгеннің қолынан келе бермейтін іс.
Сол жылдары Садықбек көрнекті комсомол қайраткері Ғани Мұратбаевпен бірге зейінді балаларды қамқорлыққа алып тәрбиеледі. Ғани Мұратбаев екеуі Ташкендегі базарда жүрген қазақ балаларын үгіттеп интернатқа жатқызып оқытқан. Кейін солардың ішінен небір атақты ғалымдар мен қоғам қайраткерлері шықты.
Профессор Әуелбек Қоңыратбаев өз естеліктерінде – ел ішінде комсомолдың жұрт таныған екі жетекшісі болды, оның бірі – Ғани, бірі – Садықбек деп бекер айтып отырған жоқ.
Жастардың жалынды жетекшісі болғаны соншалық, барлық Орта Азия мен Қазақстанның комсомол белсенділері ол кезде осы екі тұлғаны идеал тұтып, солардың ықпалында өсті.
Садықбек Сапарбеков сол кездегі қазақ жастары ішінен шыққан, Тимерязев атындағы академияны бітірген алғашқы қазақ азаматы еді.
Қазақ әдебиетінің кейінгі жанашырларының бірі, ғалым, Құлбек Ергөбектің Әбділда Тәжібайұлы жайында деректі ғұмырнамалық кітабында Садықбек туралы да мәліметтер бар екен: Ол орысша, қазақша екі тілде бірдей жазатын, уәжді, білімді кісі еді. Сол Садықбек ағам бір күні институтқа келіп тұр: – Әбділда мен сені басшыларыңнан бір жылға сұрап алдым. Қарсақбайға бірге барамыз. Мен ауданды ұйымдастырамын. Отанға мыс береміз. Сен маған аудандық газет шығарып бересің. Қарсақбайдай ауданда газеттің болмауы ұят – деген екен. Мен үндеместен келісіп Садықбек ағама ілесіп жүре бердім дейді. Қарап отырсақ өндірісті аймақты көтеруге бара жатып, сол өңірдің мәдени-әлеуметтік жағдайына да мән бергендегі не деген көрегендігі.
Садықбек жойқын қайраткер еді ғой. Маңдайымызға сыймады. Тірі болғанда ғажап халықшыл қайраткер болатын еді. Атылып кетті – деп қынжылып жазғаны бар.
Қазақстан бойынша қамауға алынғандардың саны 105 мың адамды құраса, оның 22 мыңы ату жазасына ұшырады. Солардың бірі де бірегейі жерлесіміз Садықбек Сапарбеков еді.
Садықбек Сапарбеков 1937 жылы қараша айында, Орал облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы болып тұрған кезінде ұсталып, «халық жауы» деген жалған айыппен қамалды. 1938 жылы Алматы облысының Іле ауданына қарасты «Қарасу» маңындағы «Қандысай» деген жерде атылған екен.
Қазіргі таңда Жаңақорған ауданындағы №125 орта мектепке және бір көшеге Садықбек Сапарбековтың есімі беріліп, ол оқыған мектепке ескерткіш тақта орнатылған.
Елім, жерім деп өз халқының болашағы жолында адал қызмет еткен және сол жолда құрбан болған бабаларымыздың атқарған істері мен ерен еңбектерін кейінгі ұрпаққа үлгі етіп айтып та, жазып та отыру бүгінгі оқыған зиялы қауымның үлкен міндеті деп білемін.
Жастарымыз көзі ашық, көкірегі ояу, кемелденген еліміздің азаматтары болуға ұмтылса екен, «болмасаң да ұқсап бақ» деген оймен жазып отырмын.
Оразхан Айдаров,
Қорқыт Ата атындағы
Қызылорда университеті
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!