Сенбі, 27 сәуiр, 01:01

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№32 (2042)
23.04.2024
PDF мұрағаты

Талайға бағдар берген алтын ұя

28.03.2021

2859 0

Өскелең ұрпақтың кемел келешегі үшін білім нәрімен сусындатып, жас шәкірттің кеудесінде ақыл-білімнің отын жағуда ұстаздар қауымының үлесі мол. Тарыдай болып кіріп, таудай болып шыққанға дейін шәкірт бойына ізгілік дәнін себуден жалықпайтын ұстаздар. Баланың баянды болашағы үшін өмірдің оңы мен солын үйретіп, білімнің қайнар көзімен сусындатуда мектептің алар орны ерекше. Мектеп қабырғасында өткізген 11 жылында ұстаздар баланың зерек болып өсуі үшін аянбай еңбек етеді.  Ал жас ұрпақтың ұстаз артқан үмітті ақтауы уақыт еншісінде. Осы үдеден танбай келе жатқан білім ұясының бірі – қала іргесіндегі Абай ауылында орналасқан № 138 Абай Құнанбаев атындағы орта мектеп. Білім ордасының іргетасы 1937 жылы қаланған. Колхоздардың ірілендірілуіне байланысты мектеп болып ашылған білім ұясы 1951 жылы жетіжылдық мектепке айналды. Осы жылдары мектепке «Абай» есімі берілді. 1967-1968 оқу жылында мектеп орта білім беру жүйесіне көшті.

Білім саласында 35 жыл қызметте

«Адамның адамшылығы – жақсы ұстаздан» дейді дана Абай. Баланың болашақ таусылмас азығы мұғалімнің тәлімді тәрбиесі мен өрелі өнегесінде жатыр. Жақсы ұстаздың шарапаты шәкірт бойында өмір бойы сарқылмас байлық ретінде сақталып, оның есімі мәңгі жатталып қалады. Ондай ұлағатты ұстазға көпшіліктің де құрметі бөлек болары белгілі. Бұл білім ошағын білікті басшылар басқарып, талай шәкіртті түлетті. Алғаш мектепті Ақберген Мұсабаев, одан кейін Нәби Ерманов, Нұртаза Жаңғабылов, Кәри Ерназаров сынды білім саласына еңбегі сіңген ұстаздар басқарды. Ал 2012 жылы білім беру саласында 35 жыл қызмет атқарып келген Кенжегүл Қуанышбаева білім ордасына басшылық қызметке келді. Мектеп басшысы «Ұстаз болу – өз уақытын аямау, өзгенің бақытын аялау» деген қағиданы естен шығарған емес.

Үйретері көп үйірмелер

№138 Абай Құнанбаев атындағы орта мектепте оқушыларға арналған бірнеше жоба қолға алынған. Киелі шаңырақ өрендерді тереңдете оқытып қана қоймай, олардың шығармашылық қабілетін шыңдау, қоғамға бейімдеу, түрлі деңгейдегі мәдени-рухани іс-шараларға белсене атсалысу істеріне де дағдыландырады. Өйткені әрбір көзі қарақты ата-ана баласының толыққанды білім алуымен қатар, олардың ой-өрісі, дүниетанымының кеңеюін де қалайды. Осы орайда аталған білім ордасында ғылыми-шығармашылық бағытта ізденімпаз, жаңашыл оқушы тәрбиелеуге айрықша көңіл бөлінген. Мектептегі жобалар да бір жолға қойылған. «Әжемнің әңгімесі», «Оқуға құштар ұлан», «Әкем үйреткен…» сынды жобалар үздіксіз жүруде. Сонымен қатар балалар бос уақытын тиімді пайдалану үшін бірнеше жоба қолға алынған. Соның бірі «Ойна, домбыра!» үйірмесі. Бүгінде үйірмеде 20 бала бар. Олар көптеген күйді емін-еркін ойнай алады.

– Бүгінде ұлттық аспабымыз күллі әлем мойындаған мәдени құндылыққа айналды. Бұл – қазақтың қасиетті қара домбырасына берілген әділ баға. «Өнер – ұлт келбеті» дейді дана халқымыз. Баршамызға ортақ құндылық домбыраны жан-жақты насихаттап, жас ұрпақтың санасына сіңіру өте маңызды. Домбыра – қайталанбас асыл дүние. Сондықтан мектепте домбыра үйрену сабақтарын енгізу қажетті әрі дұрыс бастама. Себебі жаһандану уақытында халқымызға тән бірегей құндылықтарды жаңғырта беруіміз керек, – деген еді Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев.

Абай атындағы мектепте домбыра сабағы қосылатын болса ешқандай қиындық туындамайтын секілді. Себебі оқушылардың көзінен ұлттық аспапқа деген қызығушылық жоғары екені байқалады. Бүгінде үйірмеге қатысып жүрген жеткіншектердің жеткен жетістігі аз емес. Еділ Орманбек республикалық балалар мен жастар шығармашылық конкурсынан «Аспапта орындаушылық өнер» номинациясы бойынша І дәрежелі дипломмен, «Бозторғай» балалар шығармашылығының халықаралық өнер жарысынан ІІІ орын, қалалық «Сыр жұлдыздары» жас өнерпаздар байқауынан жүлделі        ІІ орындардың жеңімпазы.

Білім ошағында би үйірмесі де бар. «Нұр-Ару» би тобы республикалық  «Болашақ жұлдыздары» өнер байқауында «Хореография» номинациясы бойынша қатысып, ІІ орынмен марапатталған.

Сондай-ақ мектепте «Асық ату», «Тоғызқұмалақ», «Әжелер ансамблі» көркемөнерпаздар, «Жас биологтар», «Жас тілшілер» сынды үйірме жұмыс істейді.

Білім ұясының белесі

Қызылорда облыстық  білім басқармасының «Руханият және келісім мәдениеті – бірлігі жарасқан елдің кепілі» тақырыбындағы облыстық шығармалар байқауынан 10-шы сынып оқушысы Нұрайлым Есенғалиева ІІІ орын алса, ақын, сатирик Қазыбек Әшірбекұлының шығармашылығын насихаттау мақсатында өткен «Жас сатирик» атты қалалық ақындар мүшайрасында 9-шы сынып оқушысы Қарақат Қыдырбай алғыс хатпен, қалалық «Сұлу Сырдың жағасында бір қала бар» атты эсселер байқауында қазақ тілі мен әдебиеті пән мұғалімі Алтын Баймаханова алғыс хат иемденген. «Фариза оқулары» тақырыбындағы жалпы білім беру ұйымдарының 7-9 сынып оқушыларына ар­налған облыстық көркемсөз оқу байқауында 10-шы сынып оқушысы Дінислам Әлішерұлы ІІ орын, ұлы ақын Абайдың 175 жылдығына орай 8-11 сынып оқушылары арасында ұйымдастырылған «Өлең –  сөздің патшасы, сөз сарасы» атты қалалық байқауында 10-шы сынып оқушысы Дінислам Әлішерұлы ІІІ орын алған.

Білімді адам ғана осы заман ағымына ілесе алатынына көзіміз жетті. Қазіргі таңда бүкіл дүниежүзінде робото­техника ғылымы кең қолданыс тауып отыр. Біздің мемлекетіміз де осы бағытта дамыған елдер қатарына қосылу мақсатында ғылыми-техникалық прогресстің осы бір маңызды бағытынан құр қалмауда. Абай атындағы мектептегі оқушылардың техникаларды жетік меңгергені сөзімізге дәлел бола алады. Робототехника бойынша өткен «Кyzylorda robot school»  атты қалалық байқауда «Робосумо» бағыты бойынша Дәулет Ишанбек, Айдана Тілешова ІІ орынмен марапатталған.

Ұлы ақынның 175 жылдығы

Өткен жылы Ұлы ақын Абай Құнанбайұлының 175 жылдық мерейтойы қарсаңында білім ошағында «Абай жаққан бір сәуле сөнбес үшін» тақырыбында облыстық  әдеби-сазды кеш өткен. Оған облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы С.Дүйсенбаев, және аға буын өкілдері К.Ермағанбетова, Р.Әбілханов, Р.Көзденова, Ж.Бодықбаев, С.Әбішев, Е.Уәйіс, С.Аңсат, Г.Сәдуақасова, М.Баймбетов және Қосшыңырау ауылдық округінің әкімі Д.Таубай, мектеп мұғалімдері, оқушылар, ата-аналар қатыстқан.

– Жеткіншектің жұлдызын жағып, тағылымын қалып­тастырып, танымын кеңейтуде білім-ғылым мен тәлім-тәрбиенің ықпалы ерекше. Себебі бүгінгі дамыған заманда өркениеттің өлшемі, елдің кемел келешегі оқу-ағарту саласындағы оң бастамалар арқылы жүзеге асуда. Ал оның қайнар көзі – мектеп пен ұстаз дейтін егіз ұғымнан бастау алады. Шәкірт жүрегіне нұр құйып, жан-жақтылыққа баулитын киелі шаңырақ қоғам үшін қай кезде де маңызды. Осындай талап үдесінен шығып, адам бойындағы ізгілік атаулыны қалыптастыруда өлшеусіз үлес қосып келе жатқан ұстаздардың еңбегі зор, – дейді К.Қуанышбаева.

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: