Енді Қазақстанда Соңғы қоңырау 1 маусымда атап өтіледі, – деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Бұл туралы Оқу-ағарту министрлігі Орта білім комитетінің төрағасы Гүлмира Кәрімова айтты.
«Барлық қазақстандық мектепте оқу жылының ұзақтығы – 36 апта. Дәстүр бойынша, оқу жылының бірінші күні – 1 қыркүйек, ал биылдан бастап соңғы оқу күні – 31 мамыр. Бұл күні оқушылардың жас ерекшелігіне сәйкес, сабақтармен қатар, сабақтан тыс шаралар өткізіледі. 1 маусым – жазғы каникулдың алғашқы күні, сонымен қатар, бұл күні балаларды қорғау күнімен қатар, мектептерде соңғы қоңырау мерекесі өткізіледі», – деді ол.
Еске салайық, бұған дейін Мәжілістің жалпы отырысында депутат Аманжол Әлтай Оқу-ағарту министрлігінің соңғы қоңырау күніне қатысты бұйрығына наразылығын білдірген еді.
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!