ҮНДЕУ
ҚҰРМЕТТІ АЗАМАТТАР!
Мемлекет басшысының Жарлығына (01.07.2026 ж. №1338) сәйкес 2026 жылғы 23 тамызда Қазақстан Республикасы Құрылтайы депутаттарының сайлауы тағайындалды.
Оны дайындау мен өткізу тәртібі Қазақстан Республикасының «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Конституциялық заңымен егжей-тегжейлі регламенттелген.
Қазақстан Республикасы Орталық сайлау комиссиясының қаулысымен (01.07.2026 ж. №26/41) аталған сайлауды Дайындау мен өткізудің негізгі іс-шараларының күнтізбелік жоспары бекітілді.
Көрсетілген Күнтізбелік жоспарға сай 2026 жылғы 2 және 23 шілде аралығында партиялық тізімдерді ұсыну және тіркеу кезеңдері өтеді, ал 2026 жылғы 23 шілдеде, сағат 18:01-ден бастап сайлау алдындағы үгiт басталады.
Ол 2026 жылғы 22 тамыз, сағат 00:00-ге дейін жалғасады.
Осыған байланысты, сондай-ақ Қазақстан Республикасының «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Конституциялық заңының 27-бабының 2-тармағына сай партиялық тізімді тіркеу мерзімі аяқталғанға дейін қандай да бір сайлау алдындағы үгiт жүргізуге жол берілмейді.
Осы талапты бұзу Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 102-бабына сәйкес жауаптылыққа әкеп соғады.
Қазақстан Республикасының «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Конституциялық заңының 27-бабының 9-тармағына сәйкес сайлау алдындағы жөнсiз үгіттi жүргiзуге тыйым салынады.
Мұндай үгітке сайлаушыларға тегiн немесе жеңiлдiк шарттарымен тауарлар, бағалы қағаздар беру, қызметтер көрсету, лотереялар, қайырымдылық акцияларын өткiзу, ақша төлеу не осындай уәде беру жатады.
Жөнсіз жүргізілген үгіт үшін Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 122-бабының 2-бөлігіне сәйкес жауаптылық көзделген.
Егер параға сатып алумен ұласқан құқық бұзушылық белгілері болған жағдайда, Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 150-бабының 2-бөлігі бойынша қылмыстық жауаптылық туындайды.
Сондай-ақ сайлау тағайындалған кезден бастап кандидаттарға, партиялық тізімдерді ұсынған саяси партияларға, сонымен бірге олардың атынан немесе оларды қолдап кез келген жеке және заңды тұлғаларға ойын-сауық және спорттық іс-шараларды ұйымдастыруды қоспағанда, қайырымдылық іс-шараларын өткізуге тыйым салынатынын атап өткен маңызды.
Кандидаттың, партиялық тізімді ұсынған саяси партияның, сондай-ақ олардың сенім білдірілген адамдарының жоғарыда көрсетілген талаптарды бұзуы кандидатты немесе партиялық тізімді тіркеу туралы шешімнің күшін жоюға әкеп соғады.
Қазақстан Республикасының «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Конституциялық заңының 27-бабының 7 және 7-1-тармақтарына сәйкес бұқаралық ақпарат құралдары, сол сияқты онлайн-платформаларды пайдаланушылар кандидаттың немесе саяси партияның ар-намысына, қадір-қасиетіне және іскерлік беделіне көрінеу нұқсан келтіретін үгіт материалдары мен өзге де ақпаратты жариялаудан бас тартуға міндетті.
Кандидаттар, саяси партиялар туралы көрінеу жалған мәліметтерді тарату немесе сайлау нәтижесіне ықпал ету мақсатында олардың ар-намысына, қадір-қасиетіне және іскерлік беделіне нұқсан келтіретін өзге де әрекеттер жасағаны үшін Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 104-бабына сәйкес әкімшілік жауаптылық көзделген.
Сонымен қатар жала жабу, яғни басқа адамның абыройы мен қадiр-қасиетiне нұқсан келтiретiн немесе оның беделiн түсiретiн көрiнеу жалған мәлiметтер таратқаны үшін де Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 73-3-бабына сәйкес жаза көзделген.
Сонымен бірге жалған ақпаратты, құқыққа қайшы контентті орналастыру, тарату Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 456-2-бабына сәйкес жауаптылыққа әкеп соғады.
Бұған қоса қоғамдық тәртіпті бұзу немесе азаматтардың немесе ұйымдардың құқықтары мен заңды мүдделеріне елеулі зиян келтіру қаупін төндіретін көрінеу жалған ақпарат тарату да Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 274-бабы бойынша қылмыстық жауаптылыққа әкеледі.
Қазақстан Республикасының «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Конституциялық заңының 28-бабының 9-тармағында көзделген қоғамдық пікірге сауал салуды жүргізу және оның нәтижелерін жариялау тәртібіне ерекше назарларыңызды аудартамыз.
Нақты айтқанда, осы заң нормасына сай бұқаралық ақпарат құралдары, онлайн-платформалар сайлауға байланысты қоғамдық пікірге сауал салу нәтижелерін жариялаған кезде, сауал жүргiзген заңды тұлғаны, сауал жүргізуге тапсырыс берген және оның ақысын төлеген тұлғаларды, сауал жүргiзілген уақытты, ақпарат жинау әдiсiн, сұрақтың нақты тұжырымын, сауал салынғандардың саны мен сауал салу нәтижелерінің қателiк коэффициентiн көрсетуге мiндеттi.
Қоғамдық пікірге сауал салуды Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес тіркелген, қоғамдық пікірге сауал салуды жүргізу бойынша кемінде бес жыл тәжірибесі бар заңды тұлғалар және бұл туралы Орталық сайлау комиссиясын жазбаша түрде алдын ала хабардар ете отырып жүргізуге құқылы.
Қоғамдық пікірге сауал салу нәтижелерiн, сайлау, сайлауға байланысты өзге де зерттеулер, кандидаттарды не саяси партияларды қолдап дауыс беру нәтижелерiнiң болжамдарын дауыс берiлетін күннің алдындағы бес күн ішінде және дауыс берiлетiн күні бұқаралық ақпарат құралдарында, онлайн-платформаларда жариялауға жол берілмейдi.
Сайлау күнi дауыс беруге арналған үй-жайда немесе пунктте қоғамдық пiкiрге сауал салуды жүргізуге тыйым салынады.
Бұл ретте қоғамдық пікірге сауал салуды жеке тұлғалардың жүргізуіне және олардың нәтижелерін жариялауына мүлдем жол берілмейді.
Осы талаптарды сақтамағаны үшін Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 120-бабына сәйкес жауаптылық көзделген.
Мазмұндалғанды ескере отырып, Бас прокуратура заңдылық пен қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету, құқық бұзушылықтардың алдын алу, сондай-ақ адам мен азаматтың құқықтары мен бостандықтарын қорғау мақсатында сайлау процесіне қатысушылардың барлығын қолданыстағы заңнаманың талаптарын қатаң сақтауға және құқыққа қайшы әрекеттерге жол бермеуге шақырады.
Е. Өтегенов
Қазақстан Республикасы Бас Прокурорының орынбасары
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!
