Сенбі, 20 сәуiр, 00:33

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№31 (2041)
20.04.2024
PDF мұрағаты

Қош көрдік, Әліппе!

07.09.2021

1665 0

Биыл оқу жылындағы басты жаңалық – білім саласына әліппе қайта оралды. Иә, бұған оқушылар да, мұғалімдер де, ата-аналар да қуанды. Себебі осыған дейінгі қоғам арасында біраз талқыға түскен «Сауат ашу» оқулығындағы кеткен қателіктерден шаршаған, баласының болашағына алаңдаған жұрттың көңілі енді орнына түскендей.

МИНИСТР СӨЗІМЕН БАСТАСАҚ…

Асхат Аймағамбетов, ҚР Білім және ғылым министрі:

– Бірінші қыркүйекте өтетін біздің бірінші сыныпқа алғаш рет мектеп табалдырығын аттап келіп отырған оқушыларға біз салтанатты түрде әліппені қолына ұстатуымыз керек. Ол – осындай бір жақсы дәстүр. Әліппе деген баланың ең алғашқы оқулығы. Ең алғашқы кітабы. Сондықтан біз алдыңғы жылы айтқандай әліппені дайындадық. Жалпы әліппе дайын. Өңірлерге жеткізіліп жатыр. Міне, әліппе де, букварь да, ана тілі де дайын, – деген болатын. Министр сөзінде тұрды. Балалар әліппемен қауышты.

Білім негізі мектепте қаланады, ал мектеп табалдырығын аттаған жас шәкірттің қолға ұстайтын алғашқы кітабы – әліппе». Ендеше, әліппені бар кітаптың атасы деуге әбден лайық. Алайда осыдан бірнеше жыл бұрын әліппе мектеп бағдарламасынан алынып, орнына «Сауат ашу» оқулығы енгізілген еді. Қоғамның қызу талқысынан кейін тарихи қателік түзелгендей. Салалық министрлік Ахмет Байтұрсыновтың әдістемесіне сүйене отырып, жаңа нұсқасын дайындады.

Ұлт ұстазы А.Байтұрсынов құрастырған бұл кітап 100 жылдан астам уақыт ішінде қазақ үшін құнды оқулыққа айналды. Қазақ тіліндегі «Әліппе» сөзі арабша «әліп» (алиф) пен «би» әріптерінің тіркесуінен келіп шыққан. Ғұлама ғалым қазақ әліппесі мен қазақ тілі оқулықтарын жазуды 1910 жылдардан бастап қолға алған. Алғашқы әліппе «Оқу құралы» деген атпен 1912-1925 жылдары арасында 7 рет қайта басылып, оқыту ісінде кең қолданысқа ие болды. 1925 жылы Ахмет Байтұрсынұлы әдістемелік жаңалықтарды ескере отырып, қазақ бастауыш мектептеріне арналған жаңа әліпби ұсынды. Оқулық өз заманына лайық әліппе жасаудың озық үлгісі болған.

2016 жылдан бастап оқулық «Сауат ашу» болып өзгерді. Ал 2019 жылы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен өткен педагогтардың дәстүрлі тамыз кеңесінде Білім және ғылым министрі «Әліппе» оқулығын әзірлеу мәселесін көтерді. Осылайша жаңа «Әліппе» ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының әдістемесі негізінде жасалды. Оқулықты әзірлеу барысында министрлікке 5 түрлі баспадан дайындалған оқулықтың жобасы келіп түскен. 2020 жылдың қыркүйек айынан 2021 жылдың сәуір айына дейін «Әліппе» мен «Ана тілі» оқулықтары мемлекеттік сараптаманың бес кезеңінен өтті. Әуелі ғылыми-педагогикалық тұрғыда, содан соң 65 қанатқақты мектепте сынақтан өткізілген. Бірнеше қалада 500-ге жуық әдіскер, мұғалім сараптама жасап, талқылап, соңында пәндік сараптамалық комиссияның қарауына берілген. Осыдан кейін 5 түрлі оқулық қоғамға ашық таныстырылып, нәтижесінде барлық талапқа сай келген бір «Әліппе» таңдалды. Осылайша еліміздегі 7 мыңнан астам мектепте «Атамұра» баспасы дайындаған «Әліппе» оқытыла бастады. Бар кітапқа бас болған әліппе ғана емес, биыл ана тілі оқулығы да қайта жазылып, басылды.

ЕРЕКШЕЛІККЕ ТОЛЫ ӘЛІППЕ

Сонымен қайта оралған әліппенің сапасы қандай? Балаға қаншалықты ыңғайлы? Мамандардың айтуынша, қазіргі әліппеде ұлт ұстазының кітабында ұстанған дыбыстық әдіс идеясы бар. Ондағы әріптердің орналасуы оңайдан қиынға бағытталған. Енді балалар сөйлем құрауды оңай игере алуы тиіс. Жаңартылған әліппеде заманауи технология да ескерілген. Оқулықтың әр бетінде куар-код бар. Оны сканерлеп, аудиожазбалар тыңдауға да мүмкіндік мол.

Мұндай оқулықты ұстаздар да қолдап, қуануда. Олардың қатарында білім саласында 31 жылдық тәжірибесі бар қаламыздағы С.Сейфуллин атындағы №4 ақпараттық технология мектеп-лицейінің бастауыш сынып мұғалімі Сақыпжамал Қойшығұлова да бар. Биыл бұл ұстаз 1 «Б» сыныбын қабылдады.

– Әліппемен қауышқанымызға қуаныштымыз. Қазақстанның барлық мектебінде көптен күткен оқулық салтанатты түрде табысталды. Оқулықтың маңызы өте зор. Өйткені өткен ғасырда да қазақ баласының сауатын ашқан ең алғашқы оқу құралы болып табылады. Бірақ 2015 жылы оқу бағдарламасынан алынып тасталғандығы белгілі. Ол кезде ұстаз ретінде бізге қиын болғандығы жасырын емес. Содан әліппенің орнына «Сауат ашу» оқулығы келген болатын. Бірақ бұл оқулық көптің көңілінен шықпады. Себебі көлемі жағынан үлкен және ішінде көп қателіктер кездесті.

Енді жаңа әліппені қолға алудамыз. Ерекшелігіне тоқталсам, бірінші бетінде ұстазымыз Ахмет Байтұрсыновтың суреті қойылған. Сонымен бірге «Балалар, оқуға бар, жатпа қарап» деген білім жайлы мағыналы өлеңінің шумақтары жазылған. Оған қоса қазіргі технологияның дамыған заманында әліппеде куар-коды енгізілген. Ол бойынша смарт қосымшасы

арқылы ата-ана да, балалар да пайдалана алатын мүмкіндіктер бар. Сондай-ақ көлемі жағынан да кішкентай, балаларға да тиімді. Ал «Сауат ашу» оқулығы балаларға да, ата-аналарға да ауыр болған еді. Ол оқулықтың көлемі де, салмағы да стандартқа сай келген жоқ. Мына жаңа әліппеміз балаларымыздың сауатын ашатын, білімін арттыратын оқулық болатынына сеніміміз зор, – деді ұстаз.

Бүгінде Сақыпжамал апайдың оқушылары жаңа әліппемен танысып, әріптерді үйренуді бастап кетті.

ТІЛШІ ТҮЙІНІ:

Біздің мектепте ең алғаш рет қолымызға ұстаған кітабымыз әліппе болды. Сол арқылы әріптерді үйрендік. Одан әліппемен қоштастық. Міне, енді осы дәстүрді 2021 жылдың 1 сынып оқушылары жалғастырмақ. Олай болса, жаңа оқу жылында көптен күткен әліппені ұстаған оқушылар оқу озаттары атансын дегіміз келеді.

Ақтолқын НҰРЛЫБАЙ

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: