Бейсенбі, 26 желтоқсан, 12:21

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№101 (2111)
24.12.2024
PDF мұрағаты

Қалдырған ізің мәңгілік

05.10.2024

141 0

            Менің білім алған мектебім,  Қазалы ауданы, Бекарыстан би ауылындағы Кеңес Одағының Батыры Үрмәш Түктібаев атымен аталады. Биыл мектебімізге 90 жыл. Сонау 1934 жылы іргесі қаланған алтын үя мектебімізден небір білімді азаматтар, ғалымдар, академиктер  түлеп ұшты. Сол мектептен білім алған, әрбір азаматтың  дүниеге кірпіш болып қалануына  ықпал еткен ұстаздардың да еңбегін ерекше атауға болады.

         Өмірінің 40 жылын ұстаздыққа арнап, білім нәрімен шәкірттерді тәрбиелеген менің атам, Қазақ СССР оқу -ағарту ісінің үздігі Жақсығұлов Ыбырай Достанұлы туралы айтпақпын.

         Ағам Ерболаттың айтуынша  Жақсығұл деген атамыздың екі баласы болыпты. Достаннан атам Ыбырай, ал Меңдалыдан Амангелді атам туылған екен. Ағайынды екі жігіт (Достан мен Меңдалы) 1941 жылы соғысқа кетіп оралмапты. Атам Ыбырай 1934 жылы Қызылорда облысы,  Қазалы ауданы сол кездегі №12 ауылдық кеңесте  дүниеге келген.  Атамның балалық шағы сол елді мекенде өткен.Әкесі Достан мен анасы Палауға еркелеп өскен атамның 7 жасында сұм соғыс басталып, әкесі Достан 1941 жылы соғысқа аттанып, соғыстан оралмаған. Атамның балалық шағы зұлмат соғыс жылдарымен тұспа-тұс келді. Анасы жалғыз баласын қанаттыға қақтырмай, тұмсықтыға шоқтырмай, арқалап өсіріп, оның  білім алуына   жағдай жасаған. Сол уақыттарда ауылдық кеңестерді біріктіріп, ұжымшар болып жатқан кез екен. №12 ауылдық кеңестен  атам  анасымен бірге «Октябрь» елді мекеніне көшіп келіп, жаңадан салынған мектепке атамды  білім алсын деп берген.Атам  өте зерек, алғыр  бала болып өскен. Мектепті 1948 жылы үздік бітіріп шыққан.Атам мектеп бітірген жылдары мұғалім тапшылығына байланысты атамды мұғалім етіп жіберген. Ұстаздық жолын Тасты, Энгельс, Аранды елді мекендеріннен бастаған.Гоголь атындағы Қызылорда педагогикалық институтына физика-математика мамандығын оқуға түсіп, 1964 жылы үздік дипломмен бітіріп шығады. 1964 жылы Карл Маркс (Октябрь) кеңшарындағы №24 мектепте физика- математика пәнінің мұғаліміболып, зейнет жасына дейін шәкірт тәрбиелеп, ұлағатты ұстаз бола білді. Дана халқымыз «Ұстазы жақсының ұстамы жақсы» демекші, ұлағатты ұстазынан білім алған шәкірттері еліміздің түкпір түкпірінде халқына қалтқысыз қызмет етіп жүр. Солардың арасында адамгершілік биік болмысымен абыройға бөленген Медицина ғылымдарының докторы, профессор, Профилактикалық медицина академиясының академигі, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Әйтбембетов Бегалы Нұрманұлыатамның алғашқы шәкірті болған екен.Ағамның айтуынша атама зейнетке шыққанда Бегалы Нұрманұлы  арнайы келіп атамсәлем берген екен.

         Атамның оқу ағарту саласына сіңірген ұшан теңіз еңбегі еленіп, өскелең ұрпақты оқыту және коммунистік тәрбиелеу бойынша қол жеткізген жетістіктері үшін және 1979 жылғы аттестаттау қорытындысы бойынша Құрмет грамотасымен және 1980 жылы ХХVІІ  Қызылорда облыстық педагогикалық кеңесте мазмұнды баяндама ұсынғаны  үшін Қызылорда облыстық Халық ағарту бөлімінің меңгерушісі Уәли Төрәлиевтің Құрмет грамотасымен марапатталған. Білімге, қоғамдық жұмыстарға белсене қатысқаны үшін мақтау грамоталары да бар. Бұл марапаттың, жетістіктердің барлығы– тек қана адал еңбек пен біліктіліктің жемісі. 1984 жылы 50 жасында Қазақ СССР оқу-ағарту ісінің үздігі медалімен марапатталыпты.   

         1994 жылы 60 жасында зейнеткерлікке шыққан атам, физика-математика пәнінің жас мұғалімдеріне білгенін үйретуден жалыққан емес. Зейнет жасына шығам дегенше атамның физика пәні бойынша еңбектері «Физика в школе» журналында да үзбей жарияланыпты.

         Әжем  Сая екеуі 40 жыл отасып, 12 баланы өсіріп жетілдірді. Балалары: Жеңіс, Кеңес, Айболат, Мира, Гулмира, Бекболат, Гулфариза,Шынболат, Нұрболат, Ерболат, Раушан, Нұрлан әр түрлі сала бойынша  жоғары білім алып, қазіргі таңда Теміртау, Байқоңыр, Қазалы  қалаларында  жемісті қызмет етуде.  Ұлағатты әкеден тәлім тәрбие алған әкем Жеңіс те жиырма жылдан астам №24 мектепте  шәкірттерге машинатану пәнінен дәріс берді.

          «Ұстаздық еткен жалықпас,
Үйретуден балаға», деп Хакім Абай атамыз айтқандай, ұстаздық қанымызда бар қасиет болғандықтан, бүгінде атамның жолын қуған 6 немересі ұрпақ сабақтастығын жалғастырып келеді. Саналы ғұмырын өзі ұстаздық еткен, Үрмәш Түктібаев атындағы №24 орта мектебінде  қазір  немересі Ермек Жеңісұлы  мектеп директорының оқу ісі жөніндегі орынбасары, Жеңісқызы  Райхан Қорқыт Ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінінен магистр дәрежесін алып, спорт саласында, Жеңісқызы Рая бастауыш пәнінің мұғалімі, Кеңесқызы Назерке Ақтөбе қаласында мектепте қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалім болса, жиен немересі Жадырасынқызы Несібелі де Ақтөбе қаласындағы М.Құрманалиева атындағы №32 гимназияда бастауыш пәнінің мұғалімі болып, ұстаздық қызмет жасап жүр. 

         Атамның немерелерінің үлкені мен. Атамның қабақ шытып, ауыр сөз айтқанын ешқашан көрген емеспін. Артық ауыз сөз айтпайтын биязы,үнемі ақжарқын қалпынан айнымай, адамгершілік қасиетті асқақ тұтатын жан болатын. Мектеп мұғалімдері сенің атаң өте білімді, сауатты мұғалімдердің қатарынан дейтін.  Мен де атам жолын қуып 10 жыл ұстаз болып,  қазіргі таңда Қызылорда облыстық Қылмыстық атқару жүйесі департаментінде баспасөз маманымын.Атам 66 жасқа қараған шағында келместің кемесіне мініп кете барды.

         40 жыл ұстаз болып, ауыл-аймақтың дамуына, шәкірттерін білім нәрімен сусындатып, өлшеусіз еңбек еткен  атам Ыбырай Достанұлының жарқын бейнесі жүрегімізде мәңгі сақталады.

Данагүл Жеңісқызы

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: