Жұма, 22 қараша, 15:20

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№92-2102
19.11.2024
PDF мұрағаты

Сыбайлас жемқорлық: “алғыс” деп берген – пара емес, сыйластық па?

22.11.2024

90 0

Тың бастамаларға тұсау болып, елдің экономикалық дамуына кері әсер ететін қоғамның өзекті мәселесінің бірі – сыбайлас жемқорлық. Қоғамдағы осы кеселдің көріністері мен туындау себеп-салдарын жоймай, оны азайту мүмкін емес. Бұл ретте заңнамалық реформалар мен мемлекеттік органдардың реформалары жүзеге асырылуда.
Өткен жылдың қорытындысы бойынша Қазақстанның Transparency International Сыбайлас жемқорлықты түйсіну индексінде алғаш рет 39 балл жинап, 180 елдің арасында 93-орыннан көрінді. Бұл осы бағыттағы жүйелі жұмыстың нәтижесі.
Елімізде Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес белгілі бір жетістіктерге жеткенімен, бұл мәселе толық шешімін таппады. Әлі де болса сыбайлас жемқорлықтың көптеген көріністері орын алуда. Соның бірі, күнделікті өмірде үнемі кездестіретін – тұрмыстық сыбайлас жемқорлық. Яғни, оған ауруханаларда, білім ошақтарындағы, жергілікті лицензиялау, полиция және салық органдарындағы парақорлық жатады. Аз мөлшердегі ақша қарапайым мәселелерді шешуге әсер етеді. “Алғыс” деп бергенді пара емес, сыйластық ретінде түсіндіреді. Сондықтан “алғыс” білдіру үрдіске айналған. Адамдардың кейбір топтары соған бейімдеп, көрсетілген қызметке тиісті түрде алғыс айтуды “жазылмаған заңға” айналдырған.
Осыдан-ақ, Сыбайлас жемқорлыққа қоғамның жалпы төзімділігінің жойылмағанын аңғаруға болады. Бұл жағдай сыбайлас жемқорлықпен күресті тиімді жүргізуге кедергі келтіріп, қоғамның моральдық қағидаларын бұзады. Сондықтан қоғамда сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру – басты назарда.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың 2022 жылғы 2 ақпанындағы №802 жарлығымен «Қазақстан Республикасының 2022-2026 жылдарға арналған сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясатының тұжырымдамасы бекітілді. Онда сыбайлас жемқорлықтың алдын алуға бағытталған тіректі ұғымдар айқындалған. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылды заман талабының әдістерін қолдану арқылы күшейту – баршамызға ортақ міндет. Сыбайлас жемқорлықтан берік «иммунитеті» бар азаматтардың жаңа буынын қалыптастыру – әрбір азаматтың ең алдымен ар алдындағы жауапкершілігі.

Назерке Шарападдин

Қорқыт ата атындағы Қызылорда
университетінің медиа орталық жетекшісі

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: