Соңғы жылдары балабақшадағы балалар қауіпсіздігіне қатысты жиі көтерілетін мәселенің бірі – бүлдіршіндерді ұрып-соғатын тәрбиешілердің көбейгені. Жасыратын несі бар, қазір көп ата-ана балабақша жұмысына күмәнмен қарайды. Олардың қатарында өзіміз де бармыз. Жалпы қазақ халқы бала тәрбиесіне ерекше мән береді. Тіпті бұрын аналарымыз бала тәрбиесімен айналысып, үйде отырған. Алайда қазір заман талабына сай, барлық анаға үйде отыруға мүмкіндік жоқ. Оның үстіне бүгінде жұмысбасты ата-аналар көп. Сондықтан олар баланы 1 жасқа толысымен балабақшаға беріп, тәрбиешіге сеніп тапсырады.
Бүгінде балаға қолайлы болуы үшін мемлекеттік балабақшаларда барлық жағдай бар. Тіпті жеке балабақшалардың да талапқа сай, сапалы қызмет көрсететіндері жетерлік. Бүгін қаладағы №3 «Қарлығаш» санаторлық балабақшасының жұмыс барысымен танысуға мүмкіндік туды.
Бұл балабақша – 1956 жылдан бері жұмыс істеп келе жатқан киелі орын. Алғашында баланы өкпе ауруына шалдыққан ата-анасынан оқшаулау мақсатында санаторлық типтегі тәулік бойы жұмыс істейтін 2 топтық 50 орынды болып ашылды. Ал 2012 жылы балабақша ғимараты заманауи үлгіде қайта салынып, сыйымдылығы 90 орынды, 4 топтық болып толықты. 2022 жылы балабақшаға бөбекжай атауы берілді. Қазіргі кезде балабақша туберкулез ошағында тұратын балалармен бірге, 2020 жылдан бастап, емханада «Д» есепте тұратын бүлдіршіндерді де қабылдайды. Бұл бөбекжайдың бір ерекшелігі, толықтай мемлекет қаржыландырады. Анығын айтқанда, мұнда әрбір балаға тегін қызмет көрсетіледі.
Таңертеңгілік уақытта балабақшадағы таңғы астың иісі мұрынды жарады. Бұл – балабақшаға баратын баласы бар әрбір ата-анаға таныс жағдай. Бізді бөбекжайдың меңгерушісі Гүлмира Айтілесова күтіп алып, тәлім ордасының жұмысымен таныстырды. Сол уақытта балалар далада серуендеп жүр екен. Жалпы далаға шыққанды баланың бәрі жақсы көреді ғой. Олар мәз болып, ойнап жүр. Топтарды жәймен аралап, тәрбиешілердің еңбегін, балалардың қолдан жасаған заттарын, суретін, фотосуретін көріп жүріп, балалық шағым есіме түсіп, іштей жымиып қоямын.
Барлық білімнің бастауы – балабақшада. Расында, білім беру балабақша табалдырығынан басталады. Тәрбие мен білім – егіз. Бүгінде мектеп жасына дейінгі балаларды дамыту – басты орында. Сондықтан тәрбиешілерге артылар жауапкершілік аз емес. Оларға қойылатын басты талап – бала бойындағы тәрбие мен білімді ұштастыра білу. Сондықтан балабақша – барлық тәрбие мен білімнің ең алғашқы баспалдағы. Тәрбиелі, білімді ұрпақ балабақшадан мектепке дайын шәкірт болып шығады. Қазіргі кезде заман талабына сай баланы дамыту үшін түрлі әдістер қолданылуда. Әсіресе баланың тілін дамытуды, қызықты үйрету үшін жаңа әдістер мен технологиялар жыл өткен сайын түрленіп отыр.
– Қазіргі кезде «Қарлығаш» бөбекжайында «Еркетай» кіші тобы, екі «Бүлдіршін» және «Шаңырақ» ортаңғы топтары мен «Бәйтерек» тобы бар. Біздің бөбекжайдың бір ерекшелігі, 1992 жылы бекітілген Вера Аппазованың бастамасы бойынша «Табиғатта балаларға еңбек арқылы экологиялық тәрбие беру» авторлық бағдарламасы жүзеге асады. Атап айтқанда, балаларға аулаға гүл егу, ауладағы гүлзарларды, жеміс ағаштарын күтіп-баптауға, табиғат сұлулығын сезініп, оны құрметтеуге баулимыз. Сондай-ақ бүлдіршіндердің тіл байлығын дамытуға, шығармашылығын арттыруға ерекше мән береміз. Мемлекет басшысы Жолдауда атап көрсеткендей, педагог мәртебесі дәрежесіне лайықты білімді педагогтермен қамту бақшамызда жақсы жолға қойылып, көпжылдық еңбек өтілі бар білікті 17 педагог, соның ішінде 5 сарапшы, 9 модератор және І санатты педагогпен қамтылған. Сонымен қатар психолог, логопед-дефектолог кобинеттері, заман талабына сай жасақталып, ерекше балалармен жұмыс істеу барысында тиімді тұстарын көрсетуде. Ата-ана өтінішіне байланысты «Балауса» би үйірмесі жұмыс істейді. Педагогтар балабақшада балалар үшін қолайлы заттық дамытушы орта оның ішінде ойын аймақтарын жасақтауға ерекше мән береді. Балалардың қызығушылығын арттыру мақсатында еркін ойындар жиі ұйымдастырылады. Балабақша санаторлық мақсатта болғандықтан сауықтыру-шынықтыру жұмыстары үздіксіз жүргізіледі. Мәселен, балаларды міндетті түрде түскі ұйқыдан тұрғанда тұзды сумен ауыз қуысын шаю, массажды жолмен жүру, тыныс алу жаттығуын жасау, өкпеге арналған жаттығулар, яғни шар үрлеу, үрмелі ойыншықтармен үрлеу арқылы ойындарда түрлі әрекеттер істеледі, – деді бөбекжай меңгерушісі Гүлмира Айтілесова.
Атап айтсақ, рига әдісі – тұзды, түймелі жолдармен жүргізу, нүктелі массаж, тыныс алу жаттығулары бала ағзасын шынықтыруда пайдасы мол. Тұзды жолдарға 1 келі тұзға 1 литр су құйып, матаны сол суға батырып сығып жерге төсейді. Содан соң балалар сол жолмен жүріп өтеді де таза суға малынып сығылған мата үстімен жүреді. Ал түймелі жолдар – қатты матаға тігілген тұймелер немесе желім бөтелкелерінің қақпақтары. Бұл жолдар баланың аяқ бұлшық еттерінің дамуына, жалпақтабандылыққа қарсы көмектеседі. Ерекше айта кету керек, мұндағы бүлдіршіндер «Стэп» аэробикамен, «Құм» терапиясы, «Асық» тепариясымен жұмыс істейді.
Балабақша меңгерушісінің айтуынша, жалпы бөбекжайдың басты мақсаты келешек ұрпаққа сапалы да саналы білім беріп, инновациялық әдістер мен технологияларды қолдана отырып, баланы тұлғалық дамыту.
Бұл бөбекжайдың жетістіктері аз емес. Балабақшадағы бүлдіршіндер халықаралық, республикалық, облыстық байқауларда топ жарып жүр.
Бөбекжайды аралап жүріп, мұндай бақшаға келген балалар қандай бақытты деген ойға келдім. Себебі іші жанға жайлы, баланың еркін ойнап-күлуіне барлық жағдай жасалған. Балабақша меңгерушісінің балаға деген қамқорлығы мен махаббаты анық көрінді. Ал тәрбиешілердің жүзінен мейірім төгіліп тұр.
Ақмарал ОЛЖАБАЕВА
Суретті түсірген: Н.НҰРЖАУБАЙ
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!