Бейсенбі, 10 қазан, 03:13

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№80-2090
08.10.2024
PDF мұрағаты

Үздік мектеп қандай?

02.10.2021

2448 0

Мемлекет болашағы жарқын, келешегі кемел болуы жолында еңбек етудің бірден-бір тетігі – өскелең ұрпаққа білім беру. Шәкіртті ілім-ғылымға үйрету мақсатында еңбек етіп жатқан білім ұясының бірі – Тәкей Есетов атындағы №264 мектеп-лицейі. Бұл білім ордасы биыл аймақ көлемінде «Үздік орта білім беру ұйымы» атанды.

2010 жылы «100 мектеп, 100 аурухана» бағдарламасы аясында пайдалануға берілген білім ордасында бүгінде 151 сыныпта 3747 қызылордалық жас шәкірт тәлім алуда. Лицей оқушыларға жаратылыстану-математика бағытында білім береді. Мұнда оқушылардың сапалы білім алуы мен бәсекеге қабілеттілігін қалыптастыру мақсатында ақпараттық-коммуникациялық технологиямен оқыту жүйесі енгізілген. Оқу процесінде АКТ құзыреттілік дағдыларын дамыту үшін жаңашыл инновациялық технологиялар қолданылады.

Бек Тумырзаев басшылық ететін мектеп тамыз айында Сыр еліндегі «Үздік орта білім беру ұйымы» номинациясын жеңіп алып, аймақ басшысы Гүлшара Әбдіқалықова білім ордасына 34 миллион теңге табыстаған еді. Бірнеше шарттан тұратын конкурста облыс көлеміндегі жеңімпазды анықтау үшін мектептердің соңғы 3 жылдағы білім деңгейі бағаланған. Оның ішінде білім сапасы, жоғары санатты кадр, материалдық-техникалық база, оқушылардың қауіпсіздігі, педагог мамандардың кәсіби бі-ліктілігін арттыруы, инклюзивті білім алуға жағдай жасау мен халықаралық ынтымақтастық секілді критерийлер бойынша бағаланған.

№264 мектеп-лицей аймақта білім беру саласында үздіктер қатарынан табылуы орынды. Себебі соңғы үш жылда бұл білім ұясының шәкірттері республикалық деңгейде 45 және халықаралық деңгейде 15 рет жүлдегер атанған. Одан бөлек мектепте «Қазақстан Тәуелсіздігіне 25 жыл» төсбелгісінің 2 иегері, Білім және ғылым министрлігі «Алғыс хатының» 104 иегері және «Үздік педагог» байқауының 3 жеңімпазы бар. Лицейдің 9 шәкірті республикалық пәндік олимпиаданың жеңімпазы, шы-ғармашылық байқауда 60 оқушы республикалық және 30 оқушы халықаралық деңгейде жүлдегер атанған. Мұнда білім алушылар спорт саласында да талай бәсекеде жеңіс төрінен көрінуде. Мәселен, 84 оқушы республика деңгейінде жеңіске жетсе, 43 оқушы халықаралық деңгейді жүлдегер атанған.

Биылғы оқу жылы басталғалы 5 шәкірт республика көлемінде жеңімпаз атанса, 1 оқушы халықаралық байқауда жеңімпаз атанған. Одан бөлек мектептегі 3 ұстаз АҚШ-та ағылшын тілін оқу грантын жеңіп алған. Бұл мектепте «Үш тұғырлы тіл» атты білім беру саясаты жүзеге асып жатқанының дәлелі. Бағдарлама нәтижесінде ұстаздар мен оқушылар білім беру кеңістігіндегі шет тілді ақпараттарды игеруге мүмкіндік алған.

Тәкей Есетов атындағы мектепте оқушылардың сабақтан тыс уақытын тиімді өткізуі үшін де жағдай жасалған. Мұнда білім алушылар қолданбалы зерттеу жұмыстарын жүргізу үшін ашылған 15х5 метр аумақты қияр, қызанақ, тәтті бұрыш өсіруге бағытталған жылыжай бар. 90758 кітап қоры бар кітапхана жанынан ашылған «Coworking» орталықта мектеп оқушылары кітап оқып қана қоймай, өзара оқыған кітаптары туралы ойларымен бөлісу мүмкіндігі бар. Сонымен қатар сандық подиуммен, STEM панель және ауа баптағышпен қамтамасыз етілген 800 орынға арналған АКТ залда мектепішілік іс-шаралар ұйымдастырылады.

2014-2015 оқу жылында Т.Есетов атындағы №264 мектеп-лицейде ерекше білім алуды қажет ететін балаларды ерте жастан түзете-дамытып, оқушылар үшін кедергісіз орта қалыптастыратын инклюзивті білім беру мен тәрбиелеу шарасы қолданысқа енгізілген. Сол уақыттан бері мұнда ерекше білім беру қажеттілігі бар оқушыларға білім беру, тәрбиелеу, түзете-дамыту сабақтарын талапқа сай жүргізу үшін мектеп-лицейдің педагогтары жыл сайын инклюзивті білім беру жағдайында өз білімдерін жетілдіріп отырады.

Ал биылғы жылы жеңімпаз ретінде берілген 34 млн теңге толықтай мектепті жабдықтауға жұмсалмақ. Қаражатқа мектеп директоры тағы бірнеше арнайы кабинет жабдықтауды жоспарлап отыр.

– Ең алдымен мектепте обсерватория ашу жоспарланып отыр. Ол өз кезегінде оқушыларды жаңа қырынан дамытып, аспан денелерін зерттеуге мүмкіндік бермек. Одан бөлек 10 дана STEM панель, мектеп АКТ залына LED экран алу жоспарда бар. Сондай-ақ мектепте дарынды балаларға арналған қосымша білім беру орталығы жұмыс жасайды. Сол орталықты құрал-жабдықтармен қамтамасыз етуге де қаражат жұмсалмақ. Мектеп ұстаздарының кәсіби біліктілігін шыңдау үшін де бұл жүлде зор көмек болмақ, – дейді мектеп директоры.

Жалпы өңірдегі үздік білім ордасы биылғы оқу жылына нық жоспармен қадам басқан. Мектеп ұжымы биылғы жылы да түлектердің ҰБТ-да жоғары балл жинауы үшін аянбай еңбек етуге дайын. Сондай-ақ түрлі олимпиада мен ғылыми жобаға қатысу, материалдық-техникалық базаны жетілдіру жоспарға енген. Басты мақсат – шәкірттерге сапалы білім беріп, болашағының жарқын болуына септігін тигізу.

Аймақтағы көшбасшы мектеп атанған Қызылордадағы Тәкей Есетов атындағы №264 мектептің бүгінгі жай-күйі осындай. Оқушылардың білім алуына бар жағдай жасауды басты миссия еткен мектеп ұжымы тек қана ілгері қадамдап, жоғары нәтижеге қол жеткізуді мақсат санайды. Ел ертеңіне бей-жай қарамайтын ұстаздар қауымы, жарқын болашаққа нық қадаммен баруды көздейтін шәкірттер бұл үшін аянбай еңбек етуде.

Аслан НҰРАЗҒАЛИ

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: