Жексенбі, 06 қазан, 02:57

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№79-2089
05.10.2024
PDF мұрағаты

Жаңа жүйеге бет бұрған білім ордасы

19.01.2021

2590 0

«Мектеп – кеме, білім – теңіз», Анығында ақиқаты осы. Ұстаз ұлағатынан тәлім алмаған адам жоқ. Кім болса да білім ұясынан сіңірген өнегесін өмір өзегіне айналдырып келеді. Өйткені бала кезде бойына сіңірген ұстаз үрдісі адамның шырақшысына айналады. Біз аялдаған Тасбөгет кентіндегі Нәлқожа Ергешбаев атындағы №172 орта мектебінде осындай оқу үрдісі көптен қалыптасқан.

Бүгінде бұл білім ордасында 669 оқушыға 82 мұғалім дәріс беріп келеді. Жаңа технологиямен жабдықталған білім ордасы соңғы үлгідегі оқу процесіне көшкен.

Ілгеріден басталған іргелі білім ордасы

Іргесі сонау 1948 жылы қаланған білім ордасы бүгінде дамудың даңғыл жолына бет бұрған. 1978 жылы №11 қазақ орта мектебі болып ашылып, 1176 бала қабылдады. Кейіннен бала санының көбеюіне байланысты сол кездегі  халық қалаулыларының ұсынысымен жаңа мектеп ашу жөнінде ұсыныс айтылып,  8 жылдық мектеп құру туралы аудандық кеңес комитетінің шешімі шығады. Сөйтіп 1978 жылы 12 қарашада №11 қазақ орта мектебінен бөлінген 8 жылдық қазақ мектебі ашылды. Жаңа оқу жылында ата-аналар өтінішімен 8 жылдық мектеп орта мектепке айналды. 1978-1979 оқу жылында №172 қазақ орта мектебі болып қайта құрылды. Облыстық білім басқармасы мектепке «№172 қазақ орта мектебі» деген атау беріп, оны 1978-1990 жылдар аралығында Данияр Бодықов басқарды.

Өз дәуіріне орай бейімделген білім ордасына бертін келе Әуезхан Рахманқұлов, Ақшекен Тілеуова, Рахымбек Башаев, Болат Шораев жетекшілік жасап, шәкірт тәрбиелеу жолында үлкен үлестерін қосқан еді. 

Білім ордасы «Нұрлы жол» бағдарламасы  аясында 300 орындық заман талабына сай, заманауи технологиялармен жабдықталған жаңа оқу ғимаратына ауысты. Мұнда балалардың алаңсыз білім алуына барынша жағдай жасалған. Атап айтар болсақ 188 орындық асхана оқушыларды үш мезгіл ыстық тамақпен қамтамасыз етіп отыр. 90 орындық АКТ залда мектепішілік түрлі тақырыптағы іс-шаралар өткізіліп тұрады. Спорт залда оқушылардың сабақтан тыс уақытта келіп спортпен айналысуына мүмкіндік қарастырылған. Сонымен қатар химия кабинеті, лингофон кабинеті, ұл балалар мен қыз балалар шеберханасы және  физика кабинеттері соңғы үлгідегі технологиялармен  жабдықталған.

2013 жылдан бастап мектеп басшылығы қызметін Майра Өмірзаққызы атқарып келеді. Білім парасаты мен тәжірибесі толысқан педагог мектептің барлық қырынан жоғары жетістіктерге жетуіне жұмыс жасап келеді. Осы жылдар бедерінде шәкірттер де оқу озаттары атанып жүр. 2016-2017 оқу жылында Абзал Ердәулетов «Алтын белгі», 2017-2018 оқу жылында Айым Достияр «Үздік аттестат», 2018-2019 оқу жылында Айгерім Қазанбек «Үздік аттестат», 2019-2020 оқу жылында Тоқтар Абдрахман, Нұрай Қожахметова «Алтын белгі» иегері атанды. Бұл мектеп үшін үлкен жетістік болатын.

Ергешбаев есімі

Өткен жылы тәуелсіздік күні қарсаңында бұл білім ордасына Сыр елінің әлеуметтік-экономикалық дамуында із қалдырған белгілі қоғам қайраткері Нәлқожа Ергешбаевтың есімі берілді.

Мектеп жанынан мұражайы ашылып, Нәлқожа Ақбалаұлының түрлі деңгейдегі медальдары мен өзі тұтынған дүниелері көрмеге қойылды. Мұражай меңгерушісі Ақзер Өмірзақованың айтуынша, мұнда оқушылар кез келген сәтте келіп тұлғаның өмір жолы, еңбек жолдарымен таныса алады.

11 сыныпты 11 оқушы бітіреді

Биыл 11 оқушы мектепті бітіреді екен. Ұлттық бірыңғай тестілеуге қатысуға 9 оқушы ниет білдіріп отыр. Алдағы білім сынағы бәйгеге түсетін кезеңде осы шәкірттер ұстаздар еңбегін ақтап шығады деген сенімдері бар. Барлығы өз қалауларымен таңдаған мамандықтарына түсіп, мектеп абыройын асқақтатады деп сенім білдіріп отыр.

Ұстаз – ұлағатты есім. Шәкірттерін білім нәрімен сусындатып, тәлім – тәрбие беру жақсы қасиеттерді бойына дарытып, адамгершілік рухта бағыт-бағдар беруде ұстаз еңбегі зор. Ұлағатты ұстаздардың тынымсыз еңбегі мен үздіксіз ізденісі арқасында мектеп оқушылары көптеген жетістіктерге қол жеткізіп келеді.

Ұстаз еңбегі – шәкірт жетістігі

Шәкірт тәрбиелеу жолында ерен еңбегімен таны­лып жүр­ген ұстаздың бірі – Күлаш Бегайдарқызы. Шәкірттері қалалық, облыстық, республикалық олим­пиада жүлдегерлері атанып жүр. Педагогикалық оқулар­ға, ғылыми конференцияларға белсенді қатысып жеңім­паздар қатарынан көрініп келеді. Білім саласындағы еңбегі ескеріліп, «Өрлеу» біліктілік арттыру ұлттық орта­лығының «Құрмет грамотасымен», «Бейбітшілік әлемі» халықаралық қазақ творчестволық бірлестігі «Ыбырай Алтынсарин» медалімен, облыстық білім басқармасының «Құрмет грамотасымен» марапатталған. Оқушылары Тоқтар Абдрахман республикалық олим­пиадада  ІІІ орын, Жеңіс  Қосбаулин «Үздік ғылыми жоба» халықаралық шығармашылық конкурсында І дәрежелі диплом иегері атанды. 40 жылға жуық еңбек өтілі бар Жаңабай Ертайұлы мектепте алғашқы әскери дайындық пәнінің жетекшісі, жоғары санатты ұстаз. Ол оқушылар бойына отансүйгіштік қасиетін сіңіріп, ер жігітке тән қайсарлықты қалыптастырып келеді. «Көркем еңбек» пәнінің мұғалімі Болат Дүйсебаев – ұстаздар арасында өткен облыстық олимпиада жүлдегері. Гүлнар Жұбатқанқызы да шәкірт­терін ізгілікке баулып жүрген білікті ұстаздар қатарында. Осындай ұлағатты ұстаздардың жеткен жетістіктері аз емес. Олардың әрбір шыққан шыңы шәкірт биігімен байланысып жататыны ақиқат. «Дәстүр мен дәріс» рес­публикалық ақпараттық-танымдық журналында «Ағыл­шын тілі сабағында мақал-мәтелдерді қолданудың тиім­ділігі» деп аталатын мақаласы жарияланды.

Шәкірті «Қобыланды батыр» жырын жатқа айту бойынша «Тұлпар мініп, ту алған!» байқауында жоғары нәтиже көрсетіп, жеңіске жеткені үшін Найла Тұрсекеева қала әкімінің алғыс хатымен марапатталды.

2016-2017 оқу жылында қалалық  ХVIII  Абай оқуларының «Жүйріктен жүйрік озар жарысқанда» бөлімінде шәкірті Бақдәулет Томаев ІІ орын, «Ақберен» республикалық ақындар мен шешендік өнер байқауында І орын  иеленгені үшін ұстазы Бану Досмаханова арнайы дипломмен марапатталды.                                                                                                                                                                                                                                                                                         

2019 жылы қалалық білім бөлімінің ұйымдастыруымен өткен «Үздік кәсіподақ көшбасшысы-2019» байқауында І орын иеленіп, дипломмен марапатталды. 2020 жылы «Жастар – ел болашағы» атты ақындар мүшайрасында оқушысы Сүйінбай Жұмаділдаев алғыс хат иегері атанды.

Директордың дерегі

– Мұғалімдердің басты ұстанымы – сапалы білім жолында саналы ұрпақ тәрбиелеу. Қазіргі таңда мектеп оқушыларына өлкетану жобасы бойынша 5-7 сыныптардың барлығында қосымша пән ретінде оқытылып жатыр. Соңғы үлгідегі шығарылған стендте  киелі жерлер картасы енгізілген. Оқушылар осында телефон жүктемесі арқылы облыстағы кез келген көне қалашықтар туралы туған өлке тарихымен таныса алады. Бұл арқылы ақпараттық технологияны тиімді пайдалана білуді үйренеді. Биылғы оқу жылында физика кабинеті заманауи үлгіде толыққанды жабдықталды. Лабораториясы, LED экран мен оқушы партасы балалардың тиімді оқу үрдісін оңтайландырып тұр. Оның алдында химия, информатика кабинеттері жабдықталды. Интернетке қосылған кітапхана бұрышы жұмыс жасайды. Онда оқушыларға электронды кітаптар оқуға мүмкіндік қарастырылған. 17 мың кітап қоры бар кітапхана жұмыс істейді. Онда шетел әдебиеті мен балалар әдебиеті бар. «Бір ел – бір кітап» акциясы аясында шәкірттерімізге бос уақытын тиімді пайдаланып, кітап оқу ұсынылды. Жалпы біздің білім ордамызда жаңа жүйеге көшу жүйесі қарқынды жүргізілуде. Бұл жарқын болашақ баспалдағы, – дейді мектеп директоры Майра Сәдуова өз сөзінде.

Тұрар Бекмырзаев

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: