Жексенбі, 05 мамыр, 05:18

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№35 — 2045
04.05.2024
PDF мұрағаты

АИТВ-ға қарсы вакцина ғылымдағы жетістік бола ала ма?

03.12.2022

654 0

АИТВ мен ЖИТС – бүгінде емін табу қиынға соғатын вирусты аурулардың бірі. Бұл вирусты жеңу үшін ғалымдар көптеген жыл бойы үздіксіз зерттеу жүргізіп келеді. Сол зерттеудің бірі бүгінде «жемісін» беріп жатқандай. Ол − «eOD-GT8 60mer» вакцинасы.
2018 жылы АИТВ-ға қарсы ұйымдар «eOD-GT8 60mer» вакцинасының иммундық әсерін анықтау үшін бірінші клиникалық сынақтан өткізуді бастайтынын хабарлаған еді. Жақында осы сынақ аяқталып, оң көр¬сеткішке қол жеткізді. Бұл жаңалық көпшіліктің назарын аударғаны анық. Осы жаңалыққа байланысты CNN арнасында «Маңызды қадам: АИТВ-ға қарсы вакцинаға «үміткер» ерте клиникалық сынақта иммундық реакцияны тудыратыны анықталды» тақырыбымен Жаклин Ховардтің мақаласы жарық көрді.
Эксперименттік АИТВ вакцинасы бірінші фазалық зерттеуде еріктілердің шағын тобына салынып, сынақ екпенің бейтараптандыратын антиденелерді индукция¬лайтынын анықтады. Зерттеу нәтижесінде анықталған жайт − сегіз апталық интервалмен салынған вакцинаның екі дозасы иммун тапшылығын тудыратын вирусқа иммундық жауап қайтара алады.
«Scripps Research», «Фред Хатчинсон» онкологиялық орталығының, Ұлттық денсаулық институтының маман¬дары, АҚШ пен Швецияның басқа да денсаулық меке¬мелері өз зерттеулерінде «eOD-GT8 60mer» деп аталатын вакцинаны зерттеуге қатысқандардың 97 пайызында «қолайлы қауіпсіздік» деңгейіне ие болғанын жазды. 36 реципиенттің тек біреуінде ғана бұл көрсеткіш оң нәтиже көрсете алмаған.
Ақуыздар − инфекциялармен күресу үшін иммундық жүйе өндіретін және бейтараптандыратын антиденелер. Алайда АИТВ-ның көптеген генетикалық нұсқаларын бейтараптайтын, яғни жоятын бұл ақуыздарды вакци¬нация арқылы ағзаға енгізу өте қиын. Бұл туралы зерт¬теуші ғалымдар: «АИТВ, тұмау, С гепатиті немесе бетакоронавирустар тұқымдасы секілді патогендерге қарсы бейтараптандыратын антиденелерді индукциялауды үйренуде вакцинаның ұтымды жобасы үлкен қиындық тудырады», − деді.
Дегенмен «eOD-GT8 60mer» вакцинасы тұжырымды өзгертуі мүмкін деген болжам бар. Бұл екпені зерттеуге 18 және 50 жас аралығындағы дені сау 48 адам қатысқан. Олар Вашингтондағы Джордж Вашингтон университетінде және Сиэтлдегі Фред Хатчинсон онкологиялық орта¬лығында тіркелген.
Қатысушылар арасында 18-і вакцинаның 20 микро¬грамм дозасын, кейін сегіз аптадан соң адъювантты вакцинаның тағы 20 микрограмм дозасын алды. Келесі 18 адам вакцинаның 100 микрограмм дозасын және сегіз аптадан кейін адъювантты вакцинаның тағы 100 микрограмм дозасын алды. Одан бөлек 12-і сегіз апта аралықпен физиологиялық плацебоның екі дозасын қабылдады. Адъювант «GSK» фармацевтикалық ком¬паниясы әзірлеген «AS01B» атауымен белгілі. Вакциналар мен плацебо қол бұлшықетіне салынды.
Вакцина жасаушылар зерттеу барысында қатысу¬шылардың қаны мен лимфа түйіндерінен иммундық жасушаларды жинап, талдау жасады. Олар иммундық жүйеде антиденелерді жасайтын лейкоциттер түрі «В» жасушаларының вакцинаға қалай жауап бергенін арнайы анықтады.
Ғалымдар зерттеуге қатысушылар арасында ешқандай жанама әсерлерді анықтамады және зерттеу барысында қатысушылардың ешқайсысы АИТВ инфекциясын жұқтырған жоқ. Зерттеуге қатысушылардың шамамен 97 пайызы жергілікті немесе жүйелі жағымсыз әсерлері туралы хабарлаған. Бірақ олар әдеттегідей инъекция орнындағы ауырсыну, мазасыздық және бас ауруы сияқты жеңіл және орташа жағымсыздықты сезінген. Тағы айта кетерлігі, бұл жағымсыз әсер 1-2 күнге ғана созылған, яғни көпшілік вакциналарда кездесетін белгіні көрсетті.
Бірінші иммундаудан кейін барлық вакцина алу¬шыларда «eOD-GT8 60mer» вакцинасынан туындаған антиденелер бар екені анықталған. Вакцинадан туындаған реакциялар екінші вакциналаудан соң тағы да өсті. Бұл туралы ғалымдар өз зерттеулерінде жазды.
«АИТВ-ға қарсы вакцинаға үміткер туралы «ерекше» және «жаңа» дүние − ол кең бейтараптандыратын анти-денелердің өндірісіне тікелей әсер ету үшін жасалған», – деді зерттеуге қатыспаған Миннесота университетіндегі медицина мектебінің докторы Тимоти Шакер. Шакер сондай-ақ бейтараптандыратын антиденелерді индук¬циялауға болатын вакциналау арқылы АИТВ-дан басқа да ауруларға қарсы иммунизациялау мүмкін екенін айтты. «Егер ғалымдар адамдарда осы секілді вирусқа қарсы «қорғаныс» иммунитетін жасай алса, бұған дейін вакцина жасап шығару өте қиын болған кейбір вирустардан қорғану мүмкін болады деген үміт бар», − деді ол.
АИТВ-ға қарсы вакцина жасаудағы ең маңызды мә¬се¬ле − вирусқа қарсы антиденелердің қанша уақыт сақталаты-ны. Одан бөлек негізгі екпеден біраз айырмашылығы бар бустерлік вакцинаны бастапқы антиденелер «таны¬май» қалып, әрі қарай дамымауы мүмкін деген де жағым¬сыз болжам бар. Бұл туралы Витватерсранд университеті¬нің және Оңтүстік Африкадағы Ұлттық жұқпалы ауру¬лар институтының қызметкері Пенни Мур жазды.
Жалпы өткен жылы әлемде 38 миллионнан астам адам АИТВ немесе ЖИТС жұқтырған. Халықаралық «ЖИТС-ке қарсы вакцина» атты ғалымдар тобының мәліметінше, қазіргі уақытта әлемде АИТВ вакцинасының 20-дан астам түріне клиникалық сынақ жүргізілуде. Ал АҚШ-та көптеген адам жұқтыру қаупін азайту үшін күнделікті АИТВ-ның алдын алу дәрілеріне немесе «PrEP» деп аталатын екпеге жүгінеді екен.
«Бұл күнделікті дәрі, ал «PrEP» ауыр екпе. Жылына бірнеше рет салуға тура келетін вакцина», − деді Миннесота университетінен Шакер. Бірақ ол өз сөзінде АИТВ-ға қарсы вакцинаны ойлап табу − вирустан қорғануды қолжетімді ететінін айтты. «Егер ғалымдар расымен вакцинаны жасап шығарса, олардың екпесі көпшіліктің сұранысына ие болады. Ал «тиімді» вакцина ойлап тапса АИТВ жұқтырған жағдайда вирустың таралу мүмкіндігін азайтуға үлес қосады», − деді ол.

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: