Жұма, 29 наурыз, 05:18

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№24(2034)
23.03.2024
PDF мұрағаты

Аймақта эпидахуал тұрақты

04.02.2023

414 0

Қызылорда облысында жұқпалы аурулар аурушаңдығы бойынша эпидемиологиялық ахуал тұрақты деп бағалануда. Аймақ тұрғындары арасында 99 жұқпалы аурудың 52 түрі бойынша аурушаңдық анықталмады. Сондай-ақ 12 түрлі жұқпалы ауру көрсеткішінің деңгейі біршама төмендеген. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте облыстық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысы Динара Жаңабергенова хабарлады.

− Аймақта өткен жылы жіті респиратор­лы вирустық инфекцияның жұқтыру көр­сеткіші 2021 жылмен салыстырғанда 9 пайызға төмендеді. Сонымен қатар былтыр өңірде оба, тырысқақ, құтырма, туляремия, листериоз, лептоспироз сынды аса қауіпті аурулар тіркелген жоқ. Ал тұмаудың алдын алу мақсатында 2022 жылы 85000 доза вакцина сатып алынып, толығымен игерілді. Нақтырақ айтқанда, 82676 азаматқа екпе салдырса, оның ішінде 20181 екпе балаларға салынды. Қазіргі таңда тұмауға байланысты эпидемиологиялық жағдай біршама тұрақ­талды. Ал коронавирус инфекциясына қарсы вакцинаның І компонентімен 95 пайыз тұрғын қамтылса, ІІ ші компонентін өңір халқының 94 пайызы салдырды. Ревакциналаудан 70664 тұрғын өтті. Туберкулез инфекциясының да аурушаңдық көрсеткіші 2021 жылмен салыстырғанда 2 жағдайға төмендеп отыр. Ал балалар арасында бұл ауру түрі 8 жағдайға азайды. Аталған дерттің алдын алу бағытында БЦЖ екпесімен тұрғындарды қамту көрсеткіші 97,2 пайызды құрады. Сондай-ақ флюро­графиялық тексерістен 402759 адам өтті, − деді аймақтың бас санитар дәрігері Динара Олжабайқызы.

Жалпы, өткен жылы аймақта КВИ жұқ­тырудың 6515 дерегі анықталған. Оның ішінде 1236 жағдай 14 жасқа дейінгі балалардың үлесінде. Вирус жұқтыр­ған­дардың басым бөлігінде ауру белгілері болған. Одан бөлек, 2022 жылы жұқпалы жедел ішек ауру тобының 1838 жағдайы анықталған. Аурушаңдықтың 84,6 пайызы 14 жасқа дейінгі балалар үлесінде.

Өңір тұрғындары арасында профилак­ти­калық екпеге жеке сенімсіздік пен діни көзқарастың салдарынан бас тартатындар әлі де бар екен. Департамент басшысының хабарлауынша, өткен жылы 351 адам аурудың алдын алу мақсатында салынатын екпелерден бас тартқан. Тиісті түсіндірме жұмыстарын жүргізу нәтижесінде 86 ата-ана ойын өзгертіп, тиісті екпені салдырған. Ал екпені салған соң олардың біреуінен де асқыну жағдайлары анықталған жоқ.

Департамент аймақтағы өнім мен тауар қауіпсіздігін де назардан тыс қалдырмайды. Мәселен, 2022 жылы санитар мамандар бар­лығы 2050 сынама сатып алып, зерт­ханалық зерттеу жүргізген. Оның 70 пайы­зы тамақ өнімдері. Мамандар тексеріс жүр­гізу нәтижесінде зерттелген заттардың 7,12 пайызы регламент талаптарына сай еместігін анықтады. Атап айтқанда, микро­биологиялық көрсеткіш бойынша − 16, фи­зикалық-химиялық көрсеткіш бойынша − 9, таңбалануы бойынша − 115 және қауіп­сіздік көрсеткіштері бойынша − 6 сәйкессіздік анықталды. Сәйкессіздіктер анық­талған өнімдердің 19 сынамасы отан­дық өндірушілердің өнімі болса, ал 83 сәйкессіздік Еуразиялық экономикалық одақ­қа мүше елдер мен өзге шет елдерде өнді­рілген  өнімдер.

− Кеден Одағының техникалық рег­ламент талаптарына сәйкес келмеген өнімдер бойынша 60 сауда объектісіне халықтың санитарлық-эпидемиологиялық салауаттылығы саласындағы заңнамасы талаптарын бұзуды жою жөніндегі нұсқа­малар берілді. Тексеру нәтижесімен ҚР «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» Кодексі бойынша 2 нысанға 91890 теңге кө­лемінде айыппұл салынды. Сонымен қатар техникалық регламенттердің талаптарына сәйкес келмеген жалпы құны 19090 теңгені құрайтын 9,62 кг тағам өнімдері сатылымнан алынып тасталды, − дейді облыстың бас санитар дәрігері.

Айта кетерлік жайт, департамент және оның аумақтық басқарма қызметкерлерімен ерекше тәртіп бойынша 1155 тексеріс жүргізіліп, 499 санитариялық ұйғарымдар берілген. Одан бөлек, 91579178 теңге көлемінде 1036 әкімшілік айыппұл салынған. Сондай-ақ 1197 жоспардан тыс тексеріс нәтижесінде 178 заңбұзушылық анықталып, 101 санитарлық ұйғарым беріліп, 12,8 млн теңге айыппұл салынған.

А.БІРКЕНОВ

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: