Әлемді алаңдатқан жаңа «омикрон» штаммы елге қауіп төндіруде. Алғаш рет Оңтүстік Африкада анықталған бұл штамм бүгінде Еуропаға жетті. Қазіргі кезде шет елдер шектеу шараларын күшейте бастады. «Омикрон» бұрынғы штаммдарға қарағанда қауіпті бола ма деген алаңдаушылық бар. Себебі бұған дейін төртінші толқынды тудырған «дельтаның» 13 мутациясы болса, ғалымдардың алдын ала болжамы бойынша «омикронның» 50 мутациясы анықталған.
Сондықтан аурудың алдын алу үшін әрбір азамат вакцина салдыруы қажет. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз конференциясында облыстық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысы Динара Жаңабергенова мәлімдеді.
Ең алғаш «Ухань» штамы пайда болған кезеңде елімізде 1 күнде 2000 дерек тіркелген болса, жұқпалылығы 4 есеге артқан «Дельта» штамының әсерінен тәулігіне 8000 расталған жағдай анықталды. Өлім-жітім көрсеткіші 1,4 есеге артты. Ал мутациясы 4 есеге көп «Омикрон» штамы бірнеше есе қауіпті болуы әбден мүмкін. Бүгінде әлем ғалымдары жаңа штаммды егжей-тегжейлі зерттеуге кірісті.
– Қазір дүниежүзінде коронавирус пандемиясын жеңу үшін вакцинадан басқа ешқандай құрал жоқ. Соңғы деректер бойынша вакцинаның бірінші компонентін облыс бойынша – 403574, адам салдырса, бұл тиісті контингенттің 89,2 процентін құрайды. Ал толық вакцинациядан өткендер саны – 345089, бұл тиісті контингенттің 76,3проценті. Біздің аймақта тұрақты ұжымдық иммунитет толық қалыптасты деп айта алмаймыз. Вакциналанғандардың арасында екпе төлқұжаттарын сатып алғандардың бар екенін де ескеруіміз керек. Сондықтан әлі де қорғаныс деңгейін арттыру қажет. Аймағымызда коронавирус жұқтырудың тәуліктік көрсеткіші азайғанымен, әлемдегі жағдай сақтық шараларын әлсіретпеуді керек етуде. Сыр өңірінде өткен тәулікте 6 дерек анықталды. Оның 5-еуі вакцина алмаған адамдар арасынан шықты, – деді Динара Олжабайқызы.
Әлемнің бірнеше елінде анықталып үлгерген бұл «Омикрон» біздің елге де тасымалдануы әбден мүмкін. Себебі халықаралық миграция бар. Жаңа штамға тек вакцинациялау арқылы ғана төтеп беруге болады. Сондықтан коронавирустың жаңа штаммдарына қарсы тұру үшін реваккцинадан өтудің де маңыздылығы жоғары. Өйткені қорғаныш деңгейі әлсіреген ағза вирус жұқтыруға бейім келеді. Облыста ревакцинациялау 22 қарашада басталды. Содан бері барлығы 202 адам қосымша екпе салдырды.
Ақмарал ОЛЖАБАЙ
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!