Жұма, 27 желтоқсан, 15:03

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№101 (2111)
24.12.2024
PDF мұрағаты

Халің қалай ауыл медицинасы?

03.12.2022

750 0

Ұлт саулығы – еліміздің тұрақты дамуының кепілі. Сондықтан да медицинаға қатысты мәселелер назардан тыс қалған емес. Қазіргі таңда медицина саласы көз ілеспес жылдамдықпен дамып, күн сайын медициналық ұйымдар ашылып жатыр. Дегенмен ауылдағы медицинаның ахуалы көңіл көншітпейді. Бас ауырып, балтыр сыздаса тез арада ем қабылдай алатын мүмкіндік те жоқтың қасы. Себебі ауыл халқының денсаулығы назардан тыс қалғандай.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы қыр­күйек айындағы Жолдауында медицина саласына қатысты бірқатар тапсырма бергені белгілі. Соның ішінде ең маңыздысы ауыл медицинасының ахуалын жақсарту еді. Мәселен, президент ауыл тұрғындары үшін алғашқы дәрігерлік көмекті ұйымдастыру тәсілдерін мейлінше тиімді ету қажеттігін атап айтты. «Шалғайдағы өңірлерге көлік арқылы дәрігерлік қызмет көрсету ісін қайта қалпына келтіру шараларын жүзеге асырған жөн. Денсаулық сақтау ісінің тиімді моделін құру арқылы үш жыл ішінде барлық елді мекенді фельдшерлік-акушерлік пунктермен және дәрігерлік амбулаториямен қамтамасыз етуді тапсырамын», – деді президент.

Жақында Үкімет отырысында «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы тал­қыланды. Онда ауылдық жердегі денсаулық сақтау жүйесін одан әрі дамыту үшін арнайы ұлт­тық жоба әзірленді. Жоба ая­сында ауылдарда медициналық қызметтің сапасын жақсарту үшін барлық инфрақұрылымды жаңғырту қажеттігі айтылды. Сонымен қатар «Ауыл – ел бесігі» жобасы бойынша медициналық нысандар салу көзделіп отыр. Алдағы уақытта ауыл халқы үшін барлығы 700-ге жуық ме­дициналық нысан ашылады.

– Жергілікті атқарушы ор­гандар жер учаскелерін бөлу­ді жедел қамтамасыз етіп, ин­женерлік коммуникацияларды жүргізу мәселесін шешуі қажет. Жоба шеңберінде ауылдағы медициналық ұйымдарды ден­саулық сақтаудың бірыңғай ақ­параттық жүйесіне инте­грациялау көзделіп отыр. Сон­дай-ақ жаңа технологиялар жаппай енгізіледі. Бұл халыққа өздері тұратын өңірлерде сапалы медициналық қызметтер алуға мүмкіндік бе­реді. Әрине, ұлттық жобаның аса маңызды аспектілерінің бірі – кадр тапшылығы проблемасын ше­шу және ауылдық жердегі ме­дицина қызметкерлерінің бі­ліктілік деңгейін арттыру. Сон­дықтан өңір әкімдері ауылға келетін медициналық кадрлар­дың әлеуметтік мәселелерін шешуге назар аударуы тиіс. Жас мамандар ауылға келіп, біліктілігін арттыруға және жұмыс істеп, сонда тұрақтап қалуға мүдделі болуы керек, – деп атап өтті премьер-министр Әлихан Смайылов.

Ел халқының жартысына жуығын ауыл халқы құрайтын­дықтан, бұл жағдайға баса мән беріп, жолға қою өте маңызды. Бұл жобалар жүзеге асса ауыл тұрғындарының ахуалы жақ­саратыны анық.

Бүгінде ауылда шамамен 8 млн адам тұрады, бұл ел хал­қының 41 пайызын құрайды. Ауыл тұрғындарына 5 мыңнан астам медициналық ұйым қызмет көр­сетеді. Жалпы медициналық-демографиялық жағдай елімізде тұрақты. Ресми статистика бойынша халықтың денсаулығы жақсарып, өлім-жітім соңғы 9 айда 28,5 пайызға төмендеген.

Денсаулық сақтау министрі ауыл халқының денсаулығына талдау жасалғанын айтады. Нәтижесінде ауыл тұрғындары­ның тыныс алу ауруларынан көп зардап шегетіні анықталған,  екінші орында ас қорыту, үшінші орында қуық аурулары тұр.

Сонымен ұлттық жоба ая­сында ауыл медицинасын жақ­сарту бағытында ілкімді іс-шаралар қолға алынбақ. Бұл жөнінде денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният кеңінен айтып өтті.

– Шалғай ауыл тұрғындары­на медициналық қызметтердің қолжетімділігін қамтамасыз ету мақсатында көлік медицинасы дамыған. Медициналық көмек және консультациялық-диагнос­тикалық қызметтер көрсететін 149 жылжымалы медициналық кешен жұмыс істейді. Биыл еліміздің 10 өңірінде 64 мың тұрғынға медициналық көмек көрсеткен 2 «Жәрдем» және «Саламатты Қазақстан» медициналық пойыз­дары қайтадан іске қо­сылды. Сонымен бірге меди­циналық авиацияны ауыл тұрғындарын тасымалдайтын және шұғыл көмек көрсететін 33 әуе кемесі жүргізеді. Ауылда жедел меди­циналық көмек көрсету үшін 595 бригада жұмыс істейді және 2 млн шақыртуға қызмет көрсетілген, – деді Ажар Ғиният.

Биыл өңірлерге 1872 жас маман, оның ішінде ауылға 444 дәрігер бөлінген.

– Бүгінде ауылдық жерлерде 67 мыңнан астам медицина қыз­меткері, оның ішінде 13 мың дәрігер және 54 мың орта медицина қызметкері жұмыс істейді. Медицина ма­мандарын ауылға тарту үшін түлектердің міндетті түрде 3 жылдық жұмыс істеу нормасы қабылданған. Ауылға келген әрбір дәрігерге 1 миллион теңгеден 2 миллион теңгеге дейін көтерме жәрдемақы бө­лінеді, ал кейбір әкімдіктер (Солтүстік Қазақстан және Қос­танай облыстары) 3-5 мил­лионға дейін бөледі, – деді министр Үкімет отырысында.

Министрдің айтуынша, жыл сайын клиникалық бейіндегі 1500 медицина маманын даяр­лауға мемлекеттік білім беру тапсырысы бөлінеді, түлектерді өңірлерге бөлу жұмысы жүр­гізіледі.

– Мемлекет басшысы 3 жыл ішінде резидентураға берілетін гранттардың санын жыл сайын 70%-ға ұлғайтуды қамтамасыз етуді тапсырды. Сонымен қатар резиденттер ауылда міндетті практикадан өтетін пилоттық жоба пысықталуда. Биыл прак­тикалық денсаулық сақтау қа­жеттіліктеріне сәйкес өңірлерге 1872 жас маман, оның ішінде ауылға 444 дәрігер бөлінді, – деді ведомство басшысы.

Халық денсаулығы бәрінен маңызды. Сол үшін де адам ден­саулығына жауапты денсаулық сақтау саласы қызметтерінің дең­гейі мен сапасы, қолжетімділігі ең алғашқы орында болуы қажет. Бүгінде үйіне жедел жәрдем шақырса тез арада жетіп баратын қалалықтардан бөлек, ауылдағы ағайынның медициналық кө­мекке деген қолжетімділігін ойлайтын уақыт та келген секілді.

Облыстық денсаулық сақтау басқармасының мәліметіне сүйен­сек, «Ауылдық денсаулық сақ­тауды жаңғырту» пилоттық жо­басы негізінде аймақта бірқатар жұмыс атқарылуда. Мәселен, ұлттық жоба аясында ауылдық инфрақұрылымды дамытуға 9,7 млрд теңге бөлініп, 27 нысан, оның ішінде 24 дәрігерлік амбу­латория, 2 фельдшерлік-акушер­лік бекет, 1 медициналық бекет құры­лыстарының жұмысы бас­та­лады. Қазіргі таңда жер учас­келерін рәсімдеу жұмыстары жүргізілуде.

Сонымен қатар облыстағы Арал, Қазалы, Шиелі және Жаңақорған ауданаралық ау­ру­ханаларын 2025 жылға дейін «көпбейінді ауданара­лық ау­рухана» деңгейіне жет­кізу бойынша шаралар қа­былдануда. Шиелі аудан­ара­лық аурухана­сына компью­­терлік томограф орнату бойынша жеткізуші компаниямен ке­лісімшарт жа­салынған. Жыл соңына дейін орнатылады. Ал келесі жылы дәл осындай аппарат Қазалы ауданаралық ауруханасына орнату жоспар­лануда.

Биыл аймақтағы алыс шалғай елді мекендердегі халыққа меди­циналық көмек көрсету үшін 5 жылжымалы медициналық кешен ұйымдастырылған. 10 айдың ішін­де 130443 ауыл тұрғыны медициналық тексеруден өт­кен.  92287 диагностикалық қыз­­мет, 25806 зертханалық зерт­теулер жүргізілген. Сондай-ақ бейінді мамандармен 128031 консультация беріліп, 9441 нау­қас анықталған, оның ішінде 3569 адам диспансерлік есепке алынған.

Мәліметтерге көз жүгірт­сек, ауылдағы ахуалдың жақ­сара түсетінін көрсетеді. Бүгін­де ауылдағы ана мен бала ден­саулығы әлі де ақсап тұр­ғанын көз­бен көріп жүрміз. Дегенмен Үкі­мет ұлттық жоба арқылы жүйе­лі жұмыстарды атқаруды алға қойып отыр. Қарқынды істер нәти­желі жүзе­ге асса келешекте ауыл­дық жер­лердегі медициналық мә­селе шешіліп, шалғайдағы елдің шаруасы түгенделетініне сенім зор. «Денсаулық – зор байлық» екенін бәріміз білеміз. Ауыл хал­қының денсаулығын түзеуге жағдай жасай алсақ, ол да бір жетістігіміз.

Айтолқын Айтжанова

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: