Сенбі, 11 мамыр, 09:26

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№36 – 2046
07.05.2024
PDF мұрағаты

Мен бір аққу жаралы…

02.12.2023

260 0

Сурет: Н.Нұржаубай

«1996 жылдың бірінші қазаны. Күздің салқындау сәті. Түстен кейінгі уақыт, сағат 16:00. Сол кезде мен небәрі 27 жаста едім. Биыл осы орталықты пана тұтқаныма 27 жыл болыпты», – деді Кенжегүл Маханбетова.

Сыр еліне өнері жағынан танымал кейіпкерімізді іздеп, №1 Қызылорда арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету орталығына бардық. Терезеден күн сәулесі түскен жып-жылы, айналасы алғыс хаттармен безендірілген бөлмеде жүзі жарқыраған Кенжегүл Маханбетова бізді күлімдеп қарсы алды. Тағдырдың жазмышымен қоларбаға таңылған бұл жанның қос қанатындай болған ата-анасы қазір өмірден өткен. Бауырларына масыл болмас үшін өзі ерікті түрде осы орталыққа сұранып келген.

Сап-сары томпақ балапан…

Бұлай деуімізге себеп, кейіпкеріміз кішкентай кезінде топ-томпақ, көзі үлкен, сары балапандай болған екен. Сол сәтті Кенжегүл апамыз айтқанда жүзі ерекше жайнады. Өйткені ол кез ең бақытты сәті болды. Үйінің кенжесі, еркесі Кенжегүлді жақсы көретін ата-анасы, бауырлары жанында еді.

– Өзім 1969 жылы Жалағаш ауданының Жаңаталап ауы­лында мамыр айында дүниеге келдім. Ауыл деген керемет қой, шіркін! Осы кезде еріксіз еске алып, сағынамын. Біз көп ағайынды болдық. Бірақ біразы дүниеден өтті. Бүгінде екі апам, үш ағам бар. Әрқайсысы отбасылы жандар. Ал менің отбасым – осы орталықтағы адамдар, – деп сәл көңілі түсіп кетті кейіпкеріміздің… Әрине, әрбір адамға бірге туғаны қымбат, жақын емес пе…

Бірақ бір байқағанымыз, Кенжегүл Бануқызы көңілінің түскенін, көз жанарының жасқа толғанын айналасына бай­қатқысы келмеді. Бірден күндей күлімдеп, әңгімесін әдемі даусымен қайта жалғастырды.

– Әкемнің есімін ырымдап Бану деп қойған. Ал анамның есімі – Сәнтай. Екеуі де ақкөңіл, мейірімді жандар болды. Екеуінің де маған деген еңбегі зор. Әсіресе анамның еңбегін сөзбен айтып жеткізе алмаймын. Негізі бала өскен соң ата-анасына қараудың орнына олар маған қарады. Қайтейін, өмірім осылай болды. Анамның айтуынша, мені тоқпақтай етіп туыпты. Бірақ екі жастан асқан кезде қатты ауырып, аяқтан жүре алмай қалыппын. Үлкендердің айтуынша, көз тиген депті. Негізі екі жасымда атыл-тапыл жүріп жүрген сәтімде үйге қандай адам келсе де алдынан шығып, қолымдағы барыммен бөлісуге асығамын. Еш жатырқамайды да екенмін, – деді кейіпкеріміз.

Дүниеге сау болып келген Кенжегүл өзінің екі жарым жасында сал күйге түсуін дәрігердердің салғырттығынан деп есептейді. Бойын белгісіз дерт дендеген сәбиін әке-шешесі алматылық ақхалаттыларға апарып көрсетсе, олар жұлынынан сарысу алыпты. Есейген шағында көп адам мұның дұрыс еместігін айтқанда өкінгені рас. Бірақ әттең, не пайда?

Дәл осы сәтте кейіпкеріміздің мына өлеңі ойға түседі.

– Тағдыр, тағдыр неге болдың тармаңдай,

Бар өшіңді менен келіп алғандай.

Сол бір ғазиз сәби бала шағымнан,

Кесел болып қалды менен айрылмай.

Жазылмадым, ауру кетпей ем қонбай,

Тым болмаса Алла жүрші сіз қолдай.

Бақыт деген байлық емес, басқа емес,

Өсу екен өзгелерден кем болмай.

Бұл ғана емес көңілімнің жарасы,

Қасқайып тұр қасіреттің қарасы, – деп «Жаратқан ием, жанарыңды салшы маған» атты өлеңінде өзі туралы жазады.

Бойжеткен шақ…

Балалықтан кейін бойжеткен ша­ғында бұлыңғыр сәттер көп болды. Кейде жылап, кейде өмірден кеткісі келетін кездің болғанын да еш жасырмады. Өйткені оның өмірінде жанарын жасқа, кеудесін өксікке толтырған өзгерістер күтіп тұр еді.

1993 жылы төрт жарым жыл бойы төсекке таңылып жатқан анасы көз жұмды. 1994 жылы әкесі, бір жылдан соң ағасы бірінің артынан бірі ана дүниеге аттанып кете берді. Тағдыры бұралаң талант иесі қарттар үйіне жастықтың нағыз жалындаған 27 жасында түсті. Содан бері өлеңнен артық досы жоқ. Оған сырын да айтады, мұңын да шағады.

Бүгінгі сәт…

Жаны қиналған кезде қағаз бетін шимайлап, содан бір жеңілдеп қалатын жайы бар. Ол қағаз бен қаламды 13 жасынан серік етті. Өлең құрап, ұйқасса, оған ән шығарып, жан жарасына дәру етеді. Көктегі Алла оған дарынды аямай-ақ берген. Өзінің жүрекжарды туындыларымен қалалық, облыстық байқауларда бағын сынап келеді. Олардан қоржыны бос қайтқан кездері болған емес. Көптеген алғыс хат, дип­лом бөлмесінде ілулі тұр. Оған қоса «Мәдениет майталманы» медалін алса, «Үздік әнші» атағы тағы бар. Арманы асқақ, мұраты биік. Себебі «Армансыз адам қанатсыз құспен тең» демей ме?!

– Әрине, адам болған соң ар­мандайсың. Өз отбасың болып, тұрмысқа шығып, сәби сүю бақытын сезінгің келеді. Өйткені адамның өмірі ұрпағымен мәнді. Ал менің ұрпағым болмаса да ертеңгі күні атымды өшірмейтіндей өлеңдерім қалса, әрқайсысын жастар айтып жүрсе деген тілек бар, – деді кейіпкеріміз.

Жастар демекші, Кенжегүл Бануқызын іздеп, оқушылар, сту­денттер келіп тұрады. Ән салуға қабілеті барлар ақыл-кеңесін алуға арнайы келеді екен. «Маған қандай ән айтқан дұраыс, көмектесіп жіберіңіз­ші. Сіздің өнеріңізге тәнтіміз. Кітабыңыз болса бересіз бе?» деп хабарласатындар көп-ақ. Осы күні кейіпкеріміздің біраз өлеңі бар. Оның бір бөлігі 2016 жылы «Мен бір аққу жаралы» атты алғашқы кітабында басылған. Ал өткен жылы А.Тоқмағамбетов атындағы қалалық мәдениет үйінде шығармашылық кеші өтті.

– 1998 жылы «Өнер – жан азығы» атты облыстық фестивальден 2-орын алдым. Жыр әлеміне алғашқы қадамым осылай басталды. Түрлі шығармашылық байқауға, кештерге қатысып келемін. Қарттар үйінің сол кездегі басшысы ризашылығы ретінде осындағы бір бөлмені басы бүтін өзіме босатып берді. Оған дейін қасымда қарт кісілер болды. Олар шуды жақтырмайды ғой. Музыкалық аппаратпен жұмыс істеу қиын еді. Қазір өзіммен-өзіммін. Кітап оқимын, өлең жазамын, осылай күнім өтіп жатыр, –деді кейіпкеріміз.

Бүгінде оның он шақты өлеңіне ән жазылған. Оларды жергілікті әншілер орындап жүр. Осылайша кейіпкеріміз өмірде асқар таудай әкесінен дарыған ақындығын, аяулы анасынан берілген әдемі дауысын жанына серік етуде.

Арбадағы жанның арманы

– Әр мереке сайын жаным ауырады. Желтоқсанның басында мүмкіндігі шектеулі жандардың күні аталып өтеді. Мүмкіндігі шектеулі десек те бұл жандардың өмірге деген құштарлығы басым болады. Әрқайсысының өз таланты бар. Міне, мерекеде сондай жігерлі жандармен бас қосудың өзі керемет емес пе, – деді Кенжегүл Маханбетова.

Қарттар үйінен бір бөлме беріліп, өзі жеке тұрса да жаны жалғыздықтан жабырқаулы. Ол да өз баспанасы болғанын армандайды. Сонымен қатар өнер жолына, шығармашылығына шектеу қоймай, әрмен қарай жалғастырып, кітабын қайта бастырып, көбейтіп шығарғысы келеді. Қолдаушылар табылып, қаражат мәселесі шешілсе, кейіпкеріміздің ойға алған бұл арманы да орындалар деген үміттеміз.

Тілші түйіні:

Әңгіме арасында «Өлеңдерімнің бәрі қайғы-мұңнан құралған. Қатты қуанып жазған өлеңім жоқ екен. Бәлкім, кім білер, алдағы күні ойымдағы мақсатым жүзеге асып, тамаша туындылар туып қалар» деді Кенжегүл Бануқызы күлімдей қарап. Әрине, неге болмасқа?! Алла бұйыртса бәрі болады. Тек кеудеде жаны бар кезде адам жақсылықтан үміт үзбеуі керек. Тағдырдың сынағына сынбай талантымен талайды тамсандырып келе жатқан біздің кейіпкеріміздің жарық та жақсы күні әлі алда деген сенімдеміз. Солай болуын тілейміз.

Ақтолқын НҰРЛЫБАЙ

Суретті түсірген Нұрболат НҰРЖАУБАЙ

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: