Сейсенбі, 09 маусым, 01:07

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№43 (2255)
09.06.2026
PDF мұрағаты

Нұрғожа Қасқарбеков, №10 дарынды балаларға арналған облыстық «Білім-инновация» лицей-интернатының директоры: Әрбір жеңіс жүйелі еңбектің нәтижесі

09.06.2026

39 0

Өңірдегі білім сапасын арттыруға, оқушылардың ғылыми-шығармашылық әлеуетін дамытуға және дарынды балаларды үлкен додаларға дайындауға ерекше көңіл бөліп келе жатқан білім ордаларының бірі – №10 дарынды балаларға арналған облыстық «Білім-инновация» лицей-интернаты. Бұл лицей қабырғасында тек пәндік білім беріліп қана қоймай, оқушының зерттеушілік қабілетін қалыптастыру, сыни ойлауын дамыту, бірнеше тілде еркін сөйлей алатын, өз ойын дәлелді жеткізетін тұлға тәрбиелеу басты мақсаттардың бірі саналады. Бүгінде «Білім-инновация» лицейлері елімізде «олимпиадашылар ұстаханасы» деген атауға ие. Білім беру жүйесінде оқушыларды түрлі пәндік олимпиадаларға, ғылыми жобалар және халықаралық деңгейдегі білім жарыстарына дайындау нақты жүйе мен ұзақ мерзімді еңбектің нәтижесінде жүзеге асады. Оқушылардың жоғары нәтижеге жетуіне лицейдегі оқу бағдарламасының ерекшелігі, мұғалімдердің кәсіби шеберлігі, олимпиадалық дайындықтың тұрақты жүргізілуі және шәкірттердің табандылығы үлкен әсер етеді. Әсіресе, жаратылыстану-математикалық бағыттағы пәндерді тереңдетіп оқыту, ағылшын тілінде білім беру, ғылыми жобаларға баулу және халықаралық стандарттарға сай дайындық жүргізу – лицейдің басты артықшылықтың бірі. Осы орайда №10 дарынды балаларға арналған облыстық «Білім-инновация» лицей-интернатының директоры Нұрғожа Қасқарбековпен сұхбаттасудың сәті түсті.

– «Білім-инновация» лицей­лері «олимпиадашылар ұста­ханасы» ретінде танымал. Биылғы республикалық додадағы қос қола мен Жолдасбеков жарысындағы жүлде осының дәлелі.

Жалпы, БИЛ-дегі білім беру жүйесінің өзге мектептерден бас­ты айырмашылығы неде? Жеңіске бастар жол қа­лай қаланады?

– БИЛ, яғни Білім-инновация лицейлері жүйесінің өзге мектеп­терден басты айырмашылығы тек білім беруде емес, тұлғаны жан-жақты дамытуға бағытталған кешенді моделінде. Мұнда жаратылыстану-математикалық бағыт­тағы пәндер, атап айтқанда математика, физика, химия, биология, информатика тереңдетіліп оқы­тылады және ағылшын тілінде білім беріледі. Бұл оқушылардың халықаралық деңгейге шығуына үлкен мүмкіндік береді. Жеңіс кездейсоқ келмейді, ол жүйелі еңбектің нәтижесі. Лицейге қабылданған 7-сынып оқушыларынан алынған сауалнама негізінде олар бейіндік пәндерге бөлініп, олимпиадаға жүйелі түрде дайындалады. Аптаның дүйсенбі, сәрсенбі, бейсенбі күндері пән мұғалімдері олимпиадаға қатысатын оқушылармен дайындық жүргізеді. Дайындық барысында теория, практика және талдау жұмыстары қатар жүреді. Оқушылар қателікпен жұмыс істейді, себебі әр қате – өсу нүктесі. Талдау жасамай, даму болмайды. Жеңіске жету үшін жан-жақты дайындық қажет. Оқушылардың дайындығын пысықтау мақсатында тоқсан сайын OPE, яғни Olympiad Preparation Exams емтиханы өткізіледі. Сонымен қатар әр тоқсан демалысында олимпиадаға дайындық CAMP ұйымдастырылады.

– Сіздерде оқушыларды олимпиадаға іріктеу және дайындау қалай жүреді? Бұл тек сабақтан тыс уақыттағы қосымша дайындық па, әлде арнайы бекітілген стратегияның нәтижесі ме?

– Бұл тек қосымша сабақ емес, жүйелі әрі кезең-кезеңімен құрылған стратегияның нәтижесі. БИЛ-де олимпиадаға дайындау арнайы модель арқылы жүргізіледі. Іріктеу бір ғана тестпен шектелмейді. Алдымен пән бойынша логикалық ойлау мен базалық білім тексеріледі. Одан кейін бірнеше кезеңнен тұратын ішкі мектепішілік турлар өткізіліп, үздік оқушылар анықталады. Сонымен қатар мұғалімнің бақылауы да маңызды рөл атқарады. Сабақтағы белсенділік, қызығушылық және тұрақтылық ескеріледі. Нәтижесінде тек білімді оқушы ғана емес, шыдамды, жүйелі жұмыс істей алатын оқушылар таңдалады. Олимпиадаға дайындықтағы басты қағидалар – үздіксіздік, қайталау және талдау, бәсекелестік орта мен тәжірибе. Дайындық жыл бойы тоқтамайды, оқушылар тек есеп шығарумен шектелмей, оны түсінуге үйренеді. Мықты оқушылармен бірге оқу бәсекелестік ортаны қалыптастырады, ал түрлі олимпиадаларға қатысу тәжірибе жинауға мүмкіндік береді.

– Ағылшын тілі пәнінен республикалық деңгейде бәсекелестік өте жоғары. Шәкірттеріңізді олимпиадаға дайындау барысында қандай ерекше әдіс-тәсілдерді қолдандыңыз? Тілдік деңгейді шыңдау үшін не нәрсеге баса назар аударылды?

– Дұрыс айтасыз, ағылшын тілі олимпиадасында бәсекелестік өте жоғары. Сондықтан дайындық тек грамматиканы оқытумен шектелмейді. Біз үшін ағылшын тілі жай тілдік құрал емес, ойлау жүйесіне айналуы керек. Оқушылар ең алдымен олимпиадалық форматқа бейімделеді. Бұрынғы республикалық және халықаралық тапсырмалар талданып, олардың құрылымы мен ерекшеліктері қарастырылады. Сонымен қатар терең мәтінмен жұмысқа көп көңіл бөлінеді. Оқушылар «science», «history», «essays» бағытындағы күрделі академиялық мәтіндерді оқып, тек «skimming» немесе «scanning» әдістерімен шектелмей, автордың идеясын, позициясын, жасырын мағынаны және inference дағдыларын меңгереді. «Vocabulary» бағытында да басты мақсат сөздерді жай жаттау емес, оларды қолдана білу. Оқушылар тілдік бірліктерді контексте меңгереді. Сөздік құрам эссе жазуда және сөйлеу барысында міндетті түрде қолданылады. Жазылым лабораториясы да маңызды. Аптасына бірнеше рет эссе жазылып, әр жұмысқа құрылым, қисындылық, уәж бағыттары бойынша нақты кері байланыс беріледі. Ағылшын тілінде сөйлеу және ойлау бағыты да назардан тыс қалмайды. Мұндағы мақсат тек сөйлеу емес, ағылшынша ойлау. Пікірсайыс, талқылау, импровизация жұмыстары арқылы оқушылар күрделі сұрақтарға тез жауап беруге машықтанады. Нәтиже формуласы – терең түсіну, тұрақты практика, дұрыс стратегия және жоғары нәтиже.

– Жолдасбеков атындағы халықаралық жарыста 3-орын алу оқушының тек тілді ғана емес, ғылыми методологияны да меңгергенін көрсетеді. Жоба тақырыбын таңдауда және оны ағылшын тілінде қорғауда мұғалімнің рөлі қандай? Шәкіртіңіздің зерттеуіндегі басты жаңалық не болды?

– Жобаны ағылшын тілінде қорғауда мұғалімнің көмегін ерекше атап өту керек. Ең алдымен мұғалім ғылыми методологияны үйретеді. Оқушы зерттеу сұрағын, яғни зерттеу сұрағын нақты құруды, болжам жасауды, сауалнама, тәжірибе, салыстырмалы талдау секілді әдістерді таңдауды және академиялық дереккөздермен жұмыс істеуді меңгереді. Яғни оқушы қалай зерттеу жасау керектігін үйренеді. Қорғауға дайындық барысында таныстырылым (презентация) құрылымы, сұрақтарға жауап беру стратегиясы, сенімділік және сөйлеу техникасы пысықталады. Мұғалімнің басты рөлі – бағыт беру, жүйелеу, тереңдету және қорғауға дайындау. Ал мықты жоба формуласы – өзекті тақырып, дұрыс методология, нақты нәтиже және сенімді қорғау. 2026 жылдың 15-17 сәуір аралығында Астана қаласында өткен Ө.Жолдасбеков атындағы математика және механика бойынша зерттеу жобаларынан 11-сынып оқушылары Арайлым Сәйпенова мен Жансая Шазінда жүлделі ІІІ орын иеленді. Жоба тақырыбы – «Математикалық әуен: сандар арқылы музыка жасау». Зерттеу тақырыбының өзектілігі музыка мен математика арасындағы байланысты дыбыстардың жиілігі мен ырғақтың сандық заңдылықтарға бағынуымен түсіндіруге негізделген. Бұл зерттеу ғылым мен өнердің өзара үйлесімін көрсетіп, музыкалық құбылыстардың математикалық негізін анықтауға бағытталған. Зерттеу мақсаты – математика мен музыка арасындағы байланысты анықтау, сандар арқылы әуен жасау әдістерін зерттеу.

– Шәкірттеріңіз алдағы уақытта қандай халықаралық додаларды бағындыруды көздеп отыр?

– Бүгінгі нәтиже – ертеңгі үлкен жетістіктің іргетасы. Сондықтан біз бұл жеңісті келесі халықаралық деңгейге жүйелі көтерілу кезеңі деп қабылдаймыз. Халықаралық жобалар мен олимпиадаларға қатысып, жеңіс тұғырынан көрінуді мақсат етіп отырмыз. Бұл тізімге әлемдегі ең беделді пәндік олимпиадалар кіреді. Атап айтқанда, International Mathematical Olympiad, International Physics Olympiad, International Chemistry Olympiad, International Biology Olympiad, International Olympiad in Informatics және International Linguistics Olympiad. Бұл олимпиадаларға іріктеу бірнеше кезең арқылы, яғни мектеп, аудан, облыс және республика деңгейінде жүргізіледі. Regeneron International Science and Engineering Fair, Genius Olympiad және International Greenwich Olympiad бар. Бұл жарыстарда оқушылар өз ғылыми жобасын ұсынып, зерттеу нәтижесін қорғайды және халықаралық сарапшылар алдында таныстырады.

– Ағылшын тілін терең меңгергісі келетін оқушылар мен олардың ата-аналарына қандай ұсыныс-тілегіңіз бар?

– Тілді үйрену қысқа мерзімдік науқан емес, күнделікті дағдыға айналатын ұзақ жол. Оқушылар үшін ең маңыздысы – тұрақтылық. Күн сайын аз болса да, үзбей жұмыс істеген нәтиже береді. Тек грамматиканы жаттаумен шектелмей, ағылшын тілінде ойлауға, оқуға, тыңдауға және өз пікірін еркін жеткізуге машықтану керек. Қате жіберуден қорықпаған жөн, себебі әр қате жаңа деңгейге бастайтын тәжірибе. Ата-аналарға айтар ұсынысым – баладан бірден жоғары нәтиже күтуден гөрі, үйде тілдік орта қалыптастыруға көмектесу әлдеқайда маңызды. Баланың қызығушылығын қолдап, жетістігін байқап, ынталандырып отырған дұрыс. Кейде бір ауыз қолдау баланың бірнеше айлық еңбегіне қуат береді. Ең бастысы, ағылшын тілі жай ғана пән емес. Ғылым, халықаралық жобалар және жаңа мүмкіндіктерге апаратын көпір.

– Сұхбатыңызға рахмет!

Сұхбаттасқан София Хайрулла

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: