Сейсенбі, 09 маусым, 01:12

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№43 (2255)
09.06.2026
PDF мұрағаты

Мамандық таңдау машақаты

09.06.2026

39 0

– «Бұл мамандықты ата-анам жоғарғы оқу орнында оқуың қажет» – деген соң, оқып жатырмын. Алдағы жылы басқа мамандыққа ауысамын» – дейді өндірістік іс-тәжірибеден өтуге келген І курс студенті. Иә, бүгінде мамандық таңдауда осылай адасып жүргендер көп.

Бұл – бүгінгі жастар арасында жиі кездесетін жағдай.  Мектеп бітірген көптеген түлек мамандық таңдау кезінде өз қалауы мен қабілетін емес, ата-анасы­ның кеңесін немесе грантқа түсу мүмкіндігін негізге алады. Нәтижесінде жоғары оқу орнына түскеннен кейін өз таңдауына күмәнданатын жастардың қатары артып келеді. Тіпті оқыған мамандығы бойынша жұмыс істемейтіндер көп. Ресми деректерге сүйенсек, елдегі жұмыссыздардың шамамен 87 пайызын дипломы бар мамандар құрап отыр.

Кім болғың келеді?

«Өзіңді өзің танысаң – істің басы» деген ақынымыз Шәкәрім Құдайбердіұлының ой-тұжырымы менің де көкейіме қонады. Мұны тегіннен-тегін тиек етіп отырған жоқпыз. Иә, ең әуелі адам өзін танып білсе, сонда ғана немен айналысатынын, кім болатынын анықтай бастайды. Биыл елімізде 215 мыңнан астам оқушы мектеп бітірді. Әрқайсысының алдында маңызды шешім – болашақ мамандығын таңдау міндеті тұр.

Үкімет отырысында Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова биылғы елімізде биыл 3 млн 900 мың оқушы білім алғанын,  оның ішінде 343 мың оқушы 9-сыныпты, 215 мың оқушы 11-сыныпты аяқтағанын мәлімдеді. Сонымен қатар «Алтын белгіге» үміткерлер саны – 13175 болса,  үздік аттестатқа үміткерлер саны 18 мыңнан асқан.

Түлектер саны көбейген сайын мамандық таңдаудағы бәсеке де күшейіп келеді. Ұлттық тестілеу орталығының деректеріне сүйенсек, талапкерлердің басым бөлігі педагогика, инженерлік және ақпараттық-коммуникациялық технологиялар бағыттарын таңдаған. Бұл үрдіс еңбек нарығындағы сұраныс пен цифрлық экономиканың қарқынды дамуына байланысты қалыптасып отыр.

Алайда, талапкерлердің 32,9 пайызы өзге бағыттарды таңдаған. Бұл жастар арасында шығармашылық, гуманитарлық және әлеуметтік салаларға деген қызығушылықтың әлі де жоғары екенін көрсетеді. Дегенмен, сарапшылар мамандық таңдаудағы басты мәселе сұранысқа ие саланы анықтауда емес, жастардың өз болашағы туралы кеш ойлануында екенін айтады.

89 мыңнан астам мемлекеттік грант бөлінді

Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбектің айтуынша, 2026-2027-ші оқу жылына 89457 мемлекеттік грант бөлінген. Олардың ішін­де: бакалавриатқа – 75371; магистратура­ға – 11007; докторантураға – 3079. Мемлекет­тік тапсырысты бөлу ел экономикасының 2030 жыл­ға дейінгі қажеттілік болжамымен сәйкестен­дірілген.

– Гранттардың 60%-ы инженерлік-техника­лық және ауыл шаруашылығы мамандықтарына, 21%-ы педагог кадрларды даярлауға бағыт­талған, – деп атап өтті Саясат Нұрбек.

Ведомство мәліметінше, инженерлік, өңдеу және құрылыс салаларына 19250; педагоги­калық ғылымдарға – 13738; ақпараттық-комму­никациялық технологиялар бойынша – 11662; жаратылыстану ғылымдары, математика және статистикаға – 9363; ауыл шаруашылығы және биоресурстарға – 3145; денсаулық сақтау саласына – 2700; қызметтер бойынша – 2400; өнер және гуманитарлық ғылымдарға – 1915; әлеуметтік ғылымдар, журналистика және ақпарат бойынша – 1485; бизнес, басқару және құқыққа – 1423; ветеринарияға – 1275 грант бөлінген.  Оған қосымша еліміздің жоғары оқу орын­дары «Серпін» бағдарламасы аясында кәсіптік бағдар беру жұмыстарын жүргізуде. Іс-шара­лармен 13 мыңнан астам оқушы, 2 мыңға жуық ата-ана және 700-ден астам кәсіптік бағдар беруші қамтылған. Осылайша, бүгінде оқушының кәсіби диагностикасынан бастап білім беру бағ­дарламасын таңдауға және одан әрі жұмысқа орналасуға дейінгі білім беру навигациясының біртұтас жүйесі қалыптасуда.

Кеңесіп пішкен тон келте болмас

Зерттеулерге сүйенсек, бүгінде оқушылар мамандық таңдау туралы тек 11-сыныпта ғана ойлана бастайды екен. Алайда болашақ кәсібін дұрыс таңдау үшін еңбек салаларын ертерек зерттеп, сұранысқа сай мәліметтер жинаған дұрыс. Тіпті қазір өзіңе сай мамандықты таңдап беретін арнайы  мамандарда қызмет етеді.

Қорқыт Ата атындағы Қызылорда университеті Рекрутинг бөлімі және мансап орталығының басшысы Асқат Саматұлының айтуынша, профориентологтың негізгі қызметі – оқушының немесе студенттің жеке әлеуетін анықтап, оны еңбек нарығындағы сұранысқа ие мамандықтармен сәйкестендіру. Бұл жұмыс тек мамандық атауын ұсынумен шектелмейді. Профориентолог жасөспірімнің қызығушылығы, қабілеті, мінез-құлқы, құндылықтары мен өмірлік мақсаттарын талдап, оған сәйкес келетін білім беру бағытын таңдауға көмектеседі. 

– Қазіргі жастар мамандық таңдауда бірнеше жиі кездесетін қателікке жол береді. Ең алдымен, олар мамандықты өз қызығушылығы мен қабілетіне емес, қоғамдағы пікірге немесе сәнге айналған трендтерге қарап таңдайды. Мысалы, белгілі бір сала сұранысқа ие немесе табысты деп естіп, сол бағытқа бет бұрады. Алайда адамның жеке бейімділігі ескерілмесе, уақыт өте келе ол мамандыққа деген қызығушылығы төмендеп, кәсіби күйзеліске ұшырауы мүмкін. Екінші қателік – мамандық пен оқу бағдарламасының айырмашылығын толық түсінбеу. Көптеген талапкер мамандық атауын ғана біледі, бірақ оның күнделікті жұмысы қандай болатынын, қандай дағдылар қажет екенін зерттемейді. Соның салдарынан оқу барысында немесе еңбек жолын бастағанда таңдауының өзіне сәйкес келмейтінін түсінеді. Үшінші мәселе, ата-ананың немесе айналаның ықпалымен шешім қабылдау. Әрине, үлкендердің кеңесі маңызды, бірақ соңғы таңдау баланың қабілеті мен қызығушылығына негізделуі керек. Өйткені болашақта сол мамандықпен өмір сүретін де, жұмыс істейтін де – өзі,  – дейді Асқат Саматұлы.

Сондай-ақ жастардың бір бөлігі еңбек нарығындағы өзгерістерді ескермейді. Қазіргі заманда кейбір мамандықтарға сұраныс азайып, жаңа кәсіптер пайда болып жатыр. Маманның пайымдауынша, мамандық таңдағанда тек бүгінгі жағдайды емес, болашақтағы даму перспективаларын да назарға алған жөн.

– Кейбір оқушылар бірнеше мамандықтың арасында таңдау жасай алмай жатады. Себебі жасөспірім кезеңде адамның қызығушылықтары әртүрлі болуы мүмкін және болашаққа қатысты сұрақтар көп болады. Мұндай жағдайда ең алдымен асығыс шешім қабылдамауға кеңес беремін. Әр мамандықты жан-жақты зерттеп, оның міндеттері, жұмыс ерекшеліктері, қажетті дағдылары және болашақтағы мүмкіндіктері туралы ақпарат жинау маңызды. Жалпы айтқанда, жалғыз отырып аналитика жүргізу қажет. Сондай-ақ өзіңе мынадай сұрақтарды қойып көру пайдалы: «Қай іспен айналысқанда уақыттың қалай өткенін байқамай қаламын?», «Қай пәндер маған оңай әрі қызықты?», «Қандай ортада жұмыс істегенді қалаймын?», «Мен үшін табыс, шығармашылық, адамдармен қарым-қатынас немесе тұрақтылық қаншалықты маңызды?». Осындай сұрақтарға жауап беру таңдауды нақтылауға көмектеседі, – дейді Асқат Мырзабай.

Мамандық таңдау – жай ғана диплом алу емес, болашақ өмір жолын айқындайтын маңызды шешім. Сондықтан талапкер ең алдымен өз қабілетін танып, қызығушылығын анықтап, еңбек нарығындағы мүмкіндіктерді саралағаны жөн. Сонда ғана бүгінгі таңдау ертеңгі өкінішке айналмайды.

Айтолқын АЙТЖАНОВА

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: