Сәрсенбі, 30 қараша, 01:33

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№95 (1899)
29.11.2022
PDF мұрағаты

Індетті жоюдың жолы – ревакцинация

22.01.2022

342 0

Өткен жылы Қызылорда қаласында COVID-19 аурушаңдығы диагнозымен 9985 оқиға тіркелді. Ал жыл басынан бері еліміз бойынша эпидемиологиялық ахуал күрт нашарлап, 1-18 қаңтар аралығында қаламызда коронавирустық инфекцияның 1534 жағдайы анықталды.

Сонымен қатар өткен жылдың 15 қарашасынан бастап 12-18 жасқа дейінгі жасөспірімдерді, 16-37 апта аралығындағы жүкті әйелдерді, босанғаннан кейінгі 42 күннен бастап 2 жасқа дейінгі лактация кезеңіндегі әйелдерге КВИ-ға қарсы «Комирнати» («Pfizer» компаниясы) вакцинасын егу басталды. Бүгінде аталған вакцинаның 1 компонентімен 7399 жасөспірім, 712 жүкті әйел, 656 лактация кезеңіндегі әйел салдырды. Ал 2 компонентімен 4325 жасөспірім, 479 жүкті әйел, 351 лактация кезеңіндегі әйел қамтылды.

Елімізде ревакцинациялау жұмыстары өткен жылдың 22 қарашасынан басталды. Қазіргі кезде қайта егілуге тиісті 175364 адамның 17799-ы коронавирустық инфекцияға қарсы вакцинаның 3 дозасын қабылдады. Олардың арасында екпеден кейінгі қолайсыз көріністер тіркелген жоқ. Сондай-ақ «Комирнати» («Pfizer»компаниясы) вакцинасын медицина қызметкерлеріне, 60 және одан жоғары жастағы адамдарға КВИ-ге қарсы ревакцинациялау жүргізуге мүмкіндік жасалды.

Ревакцинация – бұл вакцинаны немесе оның компоненттерінің бірін қайта енгізу. Бұл шара алдыңғы вакциналардан кейінгі иммунитетті қолдауға бағытталған. Бір сөзбен айтқанда, ревакцинация иммунитеттің вируспен күресуі үшін жасалады. Уақыт өте келе ағзаның коронавирус инфекциясынан қорғалу дәрежесі төмендейді. Соған байланысты вакцинаны қайта алу қажет.

– Қаламызда жаңадан анықталған коронавирустық инфекциясының «Омикрон» штамы тіркелген жоқ. Еліміздегі эпидемиологиялық ахуалдың тұрақтануына және аурушаңдықтың өсуіне жол бермеу үшін барлығымыз бірдей атсалысуымыз қажет. КВИ анықталған және жіті респираторлық инфекция симптомдары бар науқастар үй карантин талаптарын сақтап, оқшауланып, адамдармен қарым қатынасты шектеуі тиіс. Вакцинаның толық курсын қабылдап, 6 айдан кейін ревакцинация алып, иммунитетімізді көтерсек ауруды жеңіп шығуымыз сөзсіз, – деді қалалық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасының басшысы Ерлан Ұзақбаев.

Сондай-ақ ревакцинация негізінен созылмалы инфекциямен ауырған немесе инфекция жұқтырған адамдар үшін қажет. Себебі мұндай адамда иммунитеттің әлсіреуі жиі кездеседі, Сондықтан коронавирусқа қарсы иммундық күшті сақтау үшін оларға ревакцинация міндетті түрде қажет екен.

Сала мамандарының айтуынша, ревакцинация инфекцияны қайта жұқтыру қаупін күрт төмендетеді. Ревакцинация тәртібі екпені алғаш алған кездегідей жүргізіледі. Алдымен терапевтке барып, ревакцинация жасауға рұқсат алады.

Ақмарал ҚАДЫРХАНҚЫЗЫ

Тағы да оқыңыз: