Жұма, 19 сәуiр, 01:41

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№30 (2040)
16.04.2024
PDF мұрағаты

Мамандыққа адалдық

12.05.2022

582 0

Бірде-бір аурухана мен бірде-бір дәрігер медбикесіз болмайды. Медбике – әр науқастың өмірі үшін үлкен жауапкершілікпен жұмыс істейді. Кешегі жер бетін бір бидайдың қауызына сыйдырған пандемия кезінде де күні-түні тынымсыз еңбек еткен де осы медбикелер. Олардың көзге көріне бермейтін адал еңбектері қандай құрметке де лайық.

Біздің бүгінгі кейіпкеріміз Қыдыркүл Тәжібаева 33 жылдан бері медбике болып абыройлы еңбек етіп келеді. Ол әрбір медицина қызметкері үшін ең үздік марапат – емделушілердің алғысы деп санайды.

Қыдыркүл Шағдарқызы 1970 жылы Шиелі ауданының Сұлутөбе ауылында дүниеге келген. 1987 жылы Қызылорда медициналық коледжіне оқуға түсіп, аталған білім ордасын 1989 жылы «Балаларға арналған емдеу профи­лактикалық медбикесі» мамандығы бойынша бітіріп шығады.

Қолына дипломын алған жас талапкер оқуын бітірісімен сол кездегі Сырдария аудандық ауруханасына жұмысқа қабыл­данады. Жұмысқа жаңа орналасқан жас маман алған білімін іс барысында жетілдіре түсуге күш жұмсайды. Қандай емделушіге барса да атына тек алғыс айтылып жатады. Ол өз мамандығын сүйіп істейтін жасқа жігер сыйлай түседі. 

Кейіннен 1997 жылы қалалық «Жедел жәрдем» стансасына шақыру тобының мейір­бикесі болып ауыстырылады. Тәжірибесі толысқан маман жұмысын толыққанды меңгере жүріп, халыққа қалтқысыз еңбек етеді. Қиыншылығы мен қызықшылығы қатар жүретін мейірбикенің үй жағдайында, жол үстінде аналарды босандырып алған сәттері де аз болмаған. 

Ел игілігі жолындағы еңбегі еленіп, об­лыстық денсаулық сақтау басқармасының алғыс хаттарымен марапаталады. Қыдыркүл Шағдарқызы бүгінде №4 қалалық емхананың жедел жәрдем бөлімшесінде еңбек етеді.

Отбасында он ағайынның ортаншысы. Жұбайы Нұрадин Сүлейменовпен шаңырақ көтеріп, үш баладан төрт немере сүйіп отыр. Балаларының тұңғышы Гүлжанат Омарова Сақтапберген Әлжіков атындағы №144 орта мектебінде ағылшын тілі пәнінің мұғалімі. Екінші қызы Балғын ана жолын ұстанып, облыстық көпбейінді орталық ауруханасының №1 «Кардиология» бөлімшесінде мейірбике болып еңбек етуде. Отбасының кежесі Бексұлтан озат оқушы.

– Мен бұл мамандықты таңдағаныма еш өкінген емеспін. Әрине, қызығы мен шыжығы қатар жүреді. Алдыңа келген емделушіге ең алды­мен ықылас қойып қараған абзал. Өйткені ол жүрекпен қабылдайды. Жүзі жылы адамның жасаған емі шипалы болады, – дейді Қыдыркүл Тәжібаева.

Тұрар БЕКМЫРЗАЕВ

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: