Бейсенбі, 28 қараша, 06:30

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№94-2104
26.11.2024
PDF мұрағаты

Сары аурудан қалай сақтануға болады?

28.09.2023

497 0

«А» вирусты гепатиті – әлемдегі ең көп таралған гепатиттердің бірі. Қазақстан вирустық гепатит бойынша гиперэндемиялық аймақ болып табылады. Аурудың ең жоғары көрсеткіші республиканың оңтүстік және оңтүстік-батыс облыстарында байқалады.
Үстіміздегі жылдың 8 ай қорытындысымен Қызылорда облысы бойынша жалпы вирусты гепатит ауруының 87 жағдайы тіркелді, оның 92 пайызы «А» вирусты гепатитінің үлесінде, қалған 8 пайызы парентералды жедел «В» және «С» вирусты гепатиттеріне сәйкес келеді.
«А» вирусты гепатитімен сырқаттанушылықтың өсу тенденциясы ересек тұрғындар есебінен байқалуда, олардың үлес салмағы 33% құрады және 32% – «А» вирусты гепатитіне қарсы егілмеген балалар есебінен қалыптасуда.
Жедел «А» вирусты гепатитіне шалдыққан науқастардың 69% – 14 жасқа дейінгі балалар, оның ішінде ұйымдасқан ұжымдардағы балалар көрсеткіші 47% құрап отыр.
Аурудың тіркелуі Сырдария мен Жалағаш аудандарынан басқа өзге аумақтардың барлығында орын алды. Орташа облыстық аурушаңдық көрсеткіштен жоғары Қызылорда қаласы және Шиелі ауданында қалыптасуда. Ауруға шалдығу деректерінің 72% облыс орталығында тіркелген.
Эпидемиологиялық жағдайды тұрақтандыру және мектептерде вирустық гепатиттің одан әрі таралуын болдырмау мақсатында Қызылорда облысының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департменті мен оның аумақтық басқармалары мамандарымен эпидемияға қарсы келесі іс-шаралар жүргізілуде: байланыста болған адамдарды үй жағдайында медициналық бақылау, ВГА-ға қарсы егілуге тиісті контингенттерді эпидкөрсеткіштер бойынша екпемен қамту шараларын күшейту, халық арасында аурудың алдын алу жолдары бойынша санитариялық ағарту жұмыстарын белсендендіру.
Қызылорда облысының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті ауруды жұқтырып алу қаупін төмендету үшін келесідей сақтық шараларын ұсынады:

  • тамақ ішу алдында, дәретханаға барғаннан кейін, жұмыстан, серуеннен қайтып оралған кезде қолды жуу;
  • ашық су айдындарынан қайнамаған суды ішпеу және онымен жемістер мен көкөністерді жумау;
  • ағынды сулар түсуі мүмкін су айдындарында шомылмау;
  • адамдары бар үй-жайларда: үйде, жұмыста, қоғамдық тамақтану объектілерінде, сауда, коммуналдық, өнеркәсіптік үй-жайларда тазалықты сақтау;
  • экзотикалық өнімдерді, әсіресе шикі устрицаны, мидия мен басқа да моллюскаларды тұтынбау.
    А вирустық гепатитінің алдын алудың арнайы жолы – вакцинациялау. Вакцинациялауға:
  • екі жастағы балалар;
  • А вирустық гепатиті ошақтарында байланыста болған күннен бастап алғашқы екі аптаны қоса алғанда, он төрт жасқа дейінгі байланыста болған адамдар;
  • 14 жасқа дейінгі балалар, В және С созылмалы вирустық гепатиттерімен ауыратын ремиссия кезеңіндегі адамдар жатады.

Динара Жанабергенова

Қызылорда облысының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысы

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: