Жұма, 10 мамыр, 08:45

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№36 – 2046
07.05.2024
PDF мұрағаты

Мен саған ғашықпын, Қызылорда!

10.10.2023

1383 0

– Көкірегімнің үміті мен тілегі,

Күй боп түлеп, күн боп шығып күледі.

Күн астында көк төбелер түледі,

Менің елім, менің елім – гүл елі!

Жұмекен Нәжімеденов

Қазақтың заңғар ұлы, алып ақыны, ұлттың болмыс-бітімін бойына түгел жиған халқымыздың қыран баласы, мемлекеттік әнұранымыздың авторының бірі Жұмекен Нәжімеденовтей тұлғаның қаламынан туған жыр жолдарын мақаланың беташары ретінде алып отырмыз. Өйткені Жұмекендей ақынның туған ел хақындағы осы бір өлеңі оқыған жаңға ой салары анық. Ал бұл туындыны ақындардың елі, батырлардың жері, руханият атаулының қайнар бұлағы, Алаштың анасы атанған Сырдың қасиетті топырағынан нәр алған, жігерін жасытпаған, намысын таптатпаған, туған жерге ту болып тігілген осы өлкенің арлы, ойлы, саналы азаматтары оқыса рухтанып сала берері сөзсіз. Себебі туған жерге кіндігі байланған әр азамат өскен ортасының, елінің болашағы кемел болғанын жан-тәнімен қалайды. Ондай адам – Отанына шын берілген патриот. Отанына шын берілген адам туған жерді түлету әр азаматтың  борышы һәм ортақ міндеті екенін жақсы түсінеді.

Бүгін өзім жақсы көретін Қызылорда қаласы жайлы көсіле жазғанды жөн көрдім. Өйткені ол – облысымыздың бас қаласы ғана емес, сондай-ақ Сыр елінің жүрегі.

Алашқа ана атанған Сыр өңірінің бас шаһары бүгінде адам танымастай өзгерген.  Көркейген, сымбатына сымбат қосқан, ажары айшықтала түскен. Қала көшелері кеңейген, жолдары тақтайдай тегіс. Жалтырап жатқан асфальт жолдар күн сәулесімен жалт-жұлт етеді. Оның қос қапталы жарықтандырылған, абаттандырылған. Сонымен қатар қала көше­леріндегі жолдың шетіне қиыршық таспен әдіптеп неше түрлі оюлар жасалған. Мұның барлығы көрген көздің жауын алары сөзсіз. Сырттан келген қонақтарды қызықтырып, таңдай қақтырары анық. Әсіресе Бейбарыс сұлтан көшесінің қос қапталы екі бөлек арбат іспетті. Осы орайда сүйікті қаламызға келген қонақтарды сөзге тартқан едік.

– Өзім Сыр елінің тумасымын. Қазір Астана қаласында тұрамын. Бұрын Қызылорданы жұрттың барлығы ағашы жоқ, талы жоқ қала дейтін еді. Қазір мүлде бөлек қалаға айналыпты. Зәулім үйлер бой көтеріпті. Жасыл желекке оранған. Егілген көшеттер кәдімгідей саялы ағашқа айналған. Оған Президент саябағында көз жеткіздім. Қызылорданың бүгінгі келбетін көріп сүйсініп жүрмін, – деді Досхан Сынабаев есімді азамат. 

Шынында, қаланың жасы үлкен тұр­ғындарын әңгімеге тарта қалсаңыз қазіргі сұлу да сымбатты Қызылорданы айтып шыға келеді. Көбі «Бұрын қалада пакеттер ұшып, жел болса аспанға шаңмен бірге көтерілетін еді. Тіпті кейде олардан аяқ алып жүру мүмкін емес болатын» деп еске алып жатады. Бүгінгі жағдай мүлде бөлек. Қазір Қызылордада аспанға ұшқан пакет түгілі жерде жатқан қағазды да көрмейсіз. Бұл жерде халықтың мәдениеті өскенін айқын көруге болады. Сондай-ақ тазалықпен айналысатын мекеме қызметкерлерінің де орасан еңбегі бар екенін айта кеткен жөн.

– Бүгінде Қызылорда таза қалаға айналды. Оның тазалығы үшін әрбіріміз үлес қосатындай дәрежеге жеттік. Осының барлығы Сыр жұртшылығының мәдениетін, ұқыптылығын көрсетеді. Осыдан 10-15 жыл бұрын желмен жарыса ұшқан қоқыстан  көз ала алмайтын едік. Есіме басымнан өткен мына бір оқиға түсіп тұрғаны. Осындай күздің кезі болатын. Кенет жел тұрып, құйынша көтерілген шаң келді де қоқысты ұшырып әкетті. Әп-сәтте аспанға көтерілген жел ұшырған пакеттің бірі менің басыма киіле жаздады. Бойым ұзын болған соң ба, әйтеуір, қашқалақтап жүріп, зорға құтылдым. Құдайға шүкір, қазір ондай жағдайдан аулақпыз, – деді ағынан жарылған Азамат есімді такси жүргізушісі.

Облыс орталығында Жалаңтөс баһадүр, Қобыланды, Жанқожа, Амангелді сынды батырларға, Мұстафа Шоқайдай Алаш арысына, Ыбырай Жақаевтай даңқты диқанға,  Мұхтар Әуезов, Әбділдә Тәжібаев, Сырбай Мәуленовтей басқа да ақын-жазушыларға арналған ескерткіштер бой көтерген.

Сыр еліндегі ғажайыптар мұнымен біт­пейді. «Сыр ана» монументінің алаңы да көпшілік серуен құрар маңға айналған. Об­лыстағы кейбір шаралардың осында өтетінін айтпағанның өзінде арнайы салынған ойын алаңына балаларын ертіп келушілердің қарасы қалың. «Қаламгерлер аллеясы» мен «Жыраулар аллеясын» аралағанда мүлде бөлек әсер аласың. Әрбір мүсінге мән бере қараған адам  өткен тарихқа үңіле алады. Бабалар жолымен жүріп, билер кеңескен ортаға келеді.  Мұн­дағы аялдамалардың өзі тарихтан сыр шер­тіп тұрғандай әсер қалдырады. Оларда  қазақтың небір батыр тұлғалары мен ақын-жазушылары, күйшілері мен жыршылары, жыраулары тұр. Олардың суреттері ілініп, қысқа ғұмырбаяндары берілген. Аялдамаларға келген әрбір адам қазақ халхының дара тұлғалы даналарының өмірімен таныса алады.

Дария жағасында орналасқан қалада бұдан да бөлек қаншама жұмыс бар. Салынып жатқан көпқабатты тұрғын үйлерді, білім, денсаулық, спорт нысандарын арнайы тақырып етпесе бұл жерге сыймасы анық.  Бір ғана сол жағалаудың өзі талай сөзімізге дәлел бола алады. Мұндағы ерекше кейіппен салынған «Болашақ» уни­верситетінің ғимараты, Жастар ресурстық орталығы алыстан мен мұндалайды. Жуырда ғана «Анаға тағзым» орталығы мен «Неке сарайы» ел игілігіне беріліп, есігін айқара ашты. «Өнер орталығының» да құрылысы қарқынды. Жылу электр станциясының да іргетасы қаланғанын көпшілік жақсы біледі. Бұған ондаған балалар спорттық ойын алаңын қосыңыз. Жаңа әуежай терминалы да салынып жатыр. Одан бөлек Қызылорда қаласындағы үйлердің қасбеттері заманауй үлгіде жаң­ғыртылды. Осыған қарап-ақ мұндағы азамат­тардың «ел үшін не істей аламын?» деп еңбек етіп жатқанын көруге болады.

Бұл – келбеті көркем сүйікті қаламыздың бүгінгі көрінісі. Мұның барлығын сөзбен айтып жеткізу қиын, тек көзбен көру керек. Бұл қала бізді ғашық еткендей, сізді де баурап алары сөзсіз.

Әзиз ЖҰМАДІЛДӘҰЛЫ

Суреттерді түсірген Н.НҰРЖАУБАЙ

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: