Жұма, 19 сәуiр, 23:29

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№30 (2040)
16.04.2024
PDF мұрағаты

Өнерліге өріс кең

07.06.2022

1422 0

Үйірме барлық өнердің бастауы. Кішкентай бүлдіршіндердің бойындағы талантына тыныс беретін үйірме орталығы. Өзіміз бала кезде ауыл орталығындағы шағын ғана клуб үйі жанынан құрылған үйірмелерге үйір болып өстік. Сол ортада қалыптасқан шығармашылық өсе келе жетіліп, жаңа қырымыздан танылуымызға сеп болды. Үйірме жетекшіміздің жанына жиналып, аз болса да санамызға сіңіруге талпындық. Естіген көргенімізді көңілімізге тоқып, жүрегімізбен ұғындық. Мұндайда «Бұлақ көрсең көзін аш» демейтін бе еді дана халқымыз. Бүгінде осындай үйірме жұмыстарының жай-жапсары қай деңгейде жүргізіліп жатыр? Олардың саны қанша, сапасы қалай? Осы мақсатта сөз қаузап, тақырып төңірегінде сараптап көрмекпіз.

Баланы икеміне қарай бағыттаған абзалырақ

Жә, сонымен алдымен мамандар пікірін тыңдап көрелік. Мамандардың айтуынша, балалардың шығармашылық қабі­летін ашу ең бірінші үйірме жетекшісіне тікелей байланысты. Атап айтар болсақ, ұлттық би, хореографиялық ансамбль, балет, шешендік өнер, актерлік өнер, сурет салу, қағазбен модельдеу-оригами, домбыра, көркемсөз оқу, эстрадалық вокал, клавишалық аспаптар, гитарамен ән айту, халық әні, соқпалы аспаптар, бал билері, ағаш ою, керамика және мүсін, поэзия-проза, пішу және тігу, халық аспаптары, сахналық сөйлеу сынды үйірмелер бар.

– Расымен, ұлағатты ұрпақ тәрбиелеу – аса жауапты әрі күрделі жұмыс. Сондықтан бала болашағына жол сілтейтін үйірме жетекшілерінің  еңбегін ерен екенін айта кеткен ләзім. Бұл жастар үшін өте  тиімді деп санаймын. Үйірменің жас өскіндерге үйретері көп. Өнерге, спортқа икемі бар балалар үшін үлкен мүмкіндік. Ең бастысы, ата-ананың, үйірме жетекшілерінің үміті ақталса деп тілеймін. Баланың қабілет-қарымына қарай жұмыс жасаған абзалырақ. Өйткені әр баланың ойлау жүйесі әртүрлі. Соны икеміне қарай бағыттаған дұрысырақ болады, – дейді ҚР Мәдениет саласының үздігі Ләйлә Насимханова.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына арнаған Жолдауында балалар үйірмесіне мән беру керектігі жөнінде баса атап өткен болатын. Содан серпін алып, ауылдық жерлерде үйірме жұмысы жанданып келеді. Оның жемісті нәтижесін ертеңгі ұрпақ көретін болады. Уақытын босқа сарп етпей, осындай орталыққа бейімделген бала келешекте үлкен шығармашылық иесі болуы әбден мүмкін.  

Ұлттық салт-дәстүріміз, тіліміз бен музыкамыз, әдебиетіміз, бір сөзбен айтқанда ұлттық рухымыз болашақ жастармен тығыз байланысты. Мәдениет – ең алдымен жәдігер. Оны ұрпақтан-ұрпаққа жеткізуші – өнерлі, талантты, зиялы қауым. Себебі, әр халықтың дүниетанымы, рухани байлығы, тыныс-тіршілігі, салт-дәстүрлері дәл осы мәдениет деген асыл ұғыммен астасып жатыр. Қай елдің мәдениеті мықты дамыса, сол елдің еңсесі биік, рухы жоғары болмақ. Мәдениеті мен өнері өркендеген қоғам әр уақытта ілгерілеп дами түспек.

Үйірме жұмыстары жанданып келеді

– Бүгінгі таңда қала мәдениетін дамыту, тәуелсіз еліміздің жаңа буын өкілдерінің сұраныс деңгейіне көтеру, қала көлеміндегі көркемөнерпаздар ұжымдарын насихаттау және қаламыздың мәдени-рухани жаңаруына сүбелі үлес қосу міндеті жолға қойылған. Ұлттық дәстүрімізді көздің қарашы­ғындай сақтап, жастарды ұлттық рухта тәрбиелеу, талантты жастардың өнерін қолдау, дамыту үйірме жұмысының басты міндеті саналады. Қала бойынша 12 мәдени нысан халыққа қызмет көрсетсе, тұрғындар сұранысына сай түрлі бағытта 90 үйірме ашылып, оған 1047 бала тіркелді. Олар облыстық, республикалық, халықаралық деңгейдегі әртүрлі байқауларда бақ сынап, үздік атанды. Қазіргі таңда қала көлемінде 94 үйірме жұмыс жасайды. Оған 1089 көркемөнерпаз қамтылған. Соның ішінде 2 ақылы үйірме, 1 мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған үйірме бар. Үйірме жұмыстарының жеткілікті деңгейде жолға қойылғанының мысалы ретінде белгілі ақын Мамыр Байдәулетов жетекшілік ететін «Қауырсын» жас ақындар үйірмесі мен ән өнеріне қанат қаққан «Сыр санду­ғаштары» ән үйірмесін атап өтуге болады. Бұл – бір ғана жетіс­тік. Мұның сыртында қаншама жұмыс жасалып жатыр, – дейді қалалық мәдениет үйлері клубтары және халықтық ұжымдар мекемесінің директоры Эльмира Қанатбаева.

Көрермендер мен тыңдармандар талабынан танылу, сенім үдесінен шығу үлкен еңбекті қажет етеді. Сондықтан жоғарыда атап өткеніміздей талантты, дарынды балалардың шығармашылығын дамытып, жетістіктерге жетуі тікелей үйірме жетекшілерінің тынымсыз еңбектеріне байланысты. Елдің рухани дамуы мен кемелденуі мәдениеттің қарқынды дамуымен ұштасып, ұлттық өнердің қанат жайып, ұрпақтан- ұрпаққа жалғасуына себепкер болып жүрген мәдениет қызметкерлерінің еңбегі орасан екенін айта кеткен жөн. Осы және өзге де жүйелі жұмыстарды жүзеге асырып, халықтың рухани-эстетикалық сұранысына сай жауап бере алатын ол – өнер ұжымдары.

Нотаға түсетін ән бөлек, фотоға түсетін ән бөлек

Тақырып төңірегінде ақын, ұстаз Серік Ыдырысовтың пікірін білген болатынбыз.

– Әр дәуірдің өз өнерпазы, әр бұтаның өз бұлбұлы болады. Ән мен әншінің, өнер мен өнерпаздың жақсы, жаманын уақыт көші өзі екшеп алады. Нотоға түсетін ән бөлек, фотоға түсетін ән бөлек. Халықтан асқан сыншы жоқ. Ал жақсы заманамен үндесетін өнер иесі атану бақыты ол үйірмеден тәлім алған адамға бұйыратын бақ. Кім қалай десе де үйірменің орны ерекше. Біздің кезімізде арнайы үйірмелер болған жоқ. Біз дала даналарының өнерімен сусындап, соларға еліктеп өстік. Шәмші Қалдаяқовтың «Ақмаңдайлым», Сәнімкүл Желдербаеваның «Қазақтың келіндері-ай» және «Қызылорда вальсі», «Ақ бұлақ», «Ауылым» әндерін тыңдап, солардан тәлім алдық. Өн бойыңды шымырлататын шынайы ән, рухыңды сілкіндірер дарынды өнерпаз ауылдан шығады. Ал ауылда осындай тәрбие бастауы болғанын мен құптаймын. Оның жұмысын жетілдіре түсу керек деп есептеймін. Қазір сөз де сапа, ән де әр жоқ. Оған үйірмелердің аздығы себеп. Мұны мұқым ел біледі. Менің ұстаз ретінде ұққаным, ақын ретінде айтарым осы, – дейді ақын Серік Ыдырысов бізбен әңгімесінде.

Иә, үйірмелер арқылы жас ұрпақтың рухани дүниесін байыту, шығармашылығын шыңдап, шеберлік деңгейін арттырудың маңызы зор. Мүлкаман Қалауов атындағы өнер мектебінде де үйірме жұмыстары жүйелі жолға қойылған. Оған себеп мұнда көркемөнер жетістігін атап өтуге болады. олар түрлі байқауларға қатысып, жеңімпаз атанып, ел мерейін тасытып жүргені көңілге қуаныш ұялатады.                             

Үйірменің үйретері көп

– Біздің өнер мектебінде барлық үйірмелер бойынша жетістік көп. Оны мақтанышпен айта аламыз. Соның бірі – би үйірмесі. Қылқаламмен ішкі жан дүниесін ақ қағазға түсіру үлкен қабілет. Суреткердің ішкі ойы салған туындысымен үйлесіп тұруы тиіс. Тіпті кейде шабытсыз-ақ ақ қағазға ғажап дүниелер түсіруге болады. Бұл расымен, үлкен ыждағаттылық пен табандылықты талап ететін өнер. Оған кететін уақыт кейде суреттің мазмұнына байланысты да болып жатады. Үйірме мүшелеріне үлкен сенім артамыз. Оның өз деңгейінде ақталарына сенім кәміл, – дейді өнер мектебі би үйірмесінің жетекшісі Замзия Нұрханқызы.

Өмір – өзіңдікі, өнер – өзгенікі

Әнші Күлән Қалымбетова: – Бала кезімізде мектепте жаттаған тақпақтарымыз бен әндеріміз әлі күнге жадымызда жаңғырып тұр. Жетпіс сегізінші жылдары өнерге алғаш қадам бастық. Сол кездерден сахна мәдениетін үйрендік. Ал үйірме жайлы айтар болсам, ақылы болсын, ақысыз болсын балаға пайдасы орасан. Онда білім алған жастың ертеңгі күні үлкен өнер иесі болатынына мен толық сенемін. Әр баланың бойында бір қабілет болады. Оны дер кезінде жолға салып бағыттап жіберу ата-ананың міндеті.  Өнерге адалдық алғаш үйірме орталығынан басталады. Әркім өз биігін біледі. Мен ылғи да шәкірттеріме шынайылықты үйретемін. Шынайылық шыңға шығарады. Өмір – өзіңдікі, өнер – өзгенікі. Осыны ұмытпау керек.

Тілші түйіні

Өмір – өлшеулі, өнер – өміршең. Ұлы өнер жиынтығы ұрпақтар сабақтастығымен жалғасын таппақ. Қайсысы дұрыс, қайсысы бұрыс оны ұлы уақыт өзі екшеп алады. Бір анығы, үйірмеге жақын өскен өскелең жастың бойында отансүйгіштік сезімі жоғары болмақ.

Тұрар БЕКМЫРЗАЕВ

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: