Сейсенбі, 07 мамыр, 02:08

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№35 — 2045
04.05.2024
PDF мұрағаты

Шыдамдылықты қажет ететін мамандық

13.06.2023

297 0

Дені сау адам – табиғаттың ең қымбат жемісі. Көп жасау – деннің саулығы, бақытты болу – адамның өз қолындағы ісі депті ғұламалар. Денсаулықты зор байлыққа теңеген халқымыз ағзаның саулығын бақытқа балаған. Осы ретте адам денсаулығын сауықтыруда ақ халатты абзал жандардың еңбегі өлшеусіз. Ал өңірдің медицина саласын басқару үлкен жауапкершілік пен тынымсыз ізденіс пен ерекше еңбекті қажет етеді.

Аймақтың бас дәрігері қызметіне тағайындалған сәттен Олжас Искаков әр сала бойынша облыстың штаттан тыс бас мамандарын жеке қабылдап, мәселесін тыңдағанын айтады. Нәтижесінде тұрғындардың медициналық көмекке арыз-шағымы азайған. 

Нефрология қызметін дамыту жөніндегі жол картасы шеңберінде «Облыстық қан орталығы» ШЖҚ КМК-дағы қандағы такролимус концентрациясын анықтайтын аппаратқа реагент жеткізіліп, облыстағы бүйрегі ауыстырылған тұрғындарға талдау жұмысы басталған. Сонымен қатар «Орталық қалалық емханасы» ШЖҚ КМК-ға иммунохимиялық анализатор аппараты сатып алынып, қондырғы іске қосылған.

Одан бөлек аймақтағы хирургия саласын дамытудың жол картасын әзірлеу – игілікті істің бірі.

Барлық медицина ұйымдары бас дәрігерлерінің 2022 жылы атқарған жұмысы, 2023 жылға қойған міндетін талқылау мақсатында жеке қабылдау өткізген. Аймақ медицинасының 2023-2028 жылдарға арналған стратегиялық даму жоспары дайындалуда.

Облыс әкімінің орынбасары Нұрымбет Сақтағановтың төрағалығымен, медицина ұйымдары бас дәрігерлерінің қатысуымен 2023 жылдың І тоқсанын қорытындылау бойынша алқа отырысын өткізіп, нақты тапсырма берген.

Бүгінде «Ауылда денсаулық сақтауды жаңғырту» пилоттық ұлттық жобасы аясында 2023-2024 жылдары жалпы құны – 11,2 млрд теңгеге 27 денсаулық сақтау нысан құрылысы, 2025 жылға дейін Арал, Қазалы, Шиелі, Жаңақорған ауданаралық ауруханасын «Көпбейінді аудандық аурухана» деңгейіне жеткізу бойынша жұмыстар жүргізілуде.

Қызылорда қаласының сол жағалауында 2,9 млрд теңгеге облыстық қан орталығының құрылысы жүргізіліп жатса,  қалада бір ауысымда 100 келушіге арналған емханасы бар 300 төсек орынға арналған көпбейінді ауруханасының құрылысы басталған.

– Аталған денсаулық сақтау нысаны құрылысы бойынша министрлікпен тиісті жұмыс жүргізілуде. Премьер-министрінің бұрынғы орынбасары А.Көлгіновтің облысқа жұмыс сапары барысында Шиелі аудандық көпбейінді орталық ауруханасында аймақта атқарып жатқан жұмысым туралы баяндадым.

А.Көлгінов облыстық фтизиопульмонология орталығы және облыстық психикалық денсаулық орталығы ғимаратының күрделі жөндеу жұмысымен танысып, бөлінген қаржыны мақсатты игеріп, жұмысты сапалы жүргізуді  тапсырды. Әріптестеріме ана мен бала денсаулығын  басты назарда ұстауды арнайы ескертіп отырамын. Көпбейінді облыстық балалар ауруханасы 200 төсек орынға арналғанымен 360 төсек болып үстемемен жұмыс жасап жатқанына ерекше назар аударып,  облыс әкіміне мән жайды түсіндіріп, мәселе қолдау тапты. Осылайша бұрын-соңды облыста болмаған 150 төсекке арналған көп бейінді қалалық балалар ауруханасын жергілікті бюджет қаражаты есебінен ашу жұмысы жүргізілуде.

Жағымды жаңалықтың бірі жас аналарға жоғары мамандандырылған медициналық көмектің қолжетімділігін арттыру мақсатында жыл соңына дейін көпбейінді облыстық аурухана жанынан 70 төсектік босану бөлімшесін ашу жұмысы қолға алынуда.

Сонымен қатар Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес халықаралық стандартқа сай 200 төсектік перинаталдық орталық салу мәселесі  пысықталып, жер учаскесі бөлінген. Биылғы жылы медицина ұйымдарын техникамен қамтамасыз етуге қомақты қаржы қарастырылған, – дейді О.Искаков 

Оның айтуынша 2023 жылға  облыс бойынша жергілікті бюджет есебінен орфандық – сирек кездесетін ауруы бар науқастарға 345 986 мың теңге қаржы қаралған. Былтырғы жылмен салыстырғанда 150 млн теңгеге көбейіп отыр.

– Медицина қызметкерлерінің біліктілігін арттыруға жергілікті бюджет қаражаты есебінен 88 160 мың теңге бөлінді. Аталған қаржының барлығы ана мен бала денсаулығын сақтау саласының игілігіне жұмсалмақ. Қажеттілікке қарай мамандарды шет елде оқыту мәселесі пысықталуда. Республикалық мамандармен байланыс нығая түсуде. Астана қаласы ұлттық ғылыми медицина орталығының кардиохирург дәрігері Марат Мыңбаевпен облыстағы туабітті ақаумен туған есепте тұратын 62 балаға кеңес беріліп, 18 бала ота жасауға  жолданды. Акушерлік-гинекология саласы бойынша республикалық куратор, «Акушерия-гинекология және перинатология ғылыми орталығының» дәрігері Б.Туленова облысымызға іс-сапармен келіп, медицина ұйымдарына тәжірибелік көмек көрсетті. Астана қаласындағы Ұлттық балаларды оңалту орталығының психоневрология бөлімінің меңгерушісі, невролог дәрігері А.Алимжанова көпбейінді облыстық ауруханасына келіп, «Церебральды сал ауруының күтім ерекшелігі», «1 жасқа дейінгі балалардың жүйке-психикалық дамуы» тақырыбында дөңгелек үстел өткізілді, – дейді өңірдің бас дәрігері.

Басқарма басшысының айтуынша, осы жылдың 24 сәуірінде өткізілген кезекті сессияда орфанды сирек кездесетін ауру түрімен сырқаттанатын облыс тұрғындарына жергілікті бюджеттен қосымша 100 млн теңге  бөлінген. Одан бөлек басқарма ұсынысы «Қазақстан Халқына» қорына жолданып, нәтижесінде 34 млн теңгеге 3 науқас «Цинрайз», «Рисдиплам» препаратымен қамтамасыз етіліпті.

Сондай-ақ биыл 15 төсекке арналған «Лор» бөлімшесі көпбейінді облыстық балалар ауруханасында ашылған. Лор бөлімшесінің ашылуы балалардың денсаулығын одан әрі жақсартуға жасалып отырған игілікті шара екені анық.

Сонымен қатар республика бойынша оңалтудың брендіне айналған «Қамқорлық» оңалту орталығын Арал, Қазалы, Жаңақорған, Шиелі аудандарында ауданаралық оңалту орталығын ашу жоспарланыпты. Бұл бастама өз кезегінде 5000-ға жуық ерекше баланың тиісті оңалту шарасын тұрғылықты жерде қабылдауға мүмкіндік береді.

Басқарма басшысы Байқоңыр қаласы, Арал және Жаңақорған аудандарына жұмыс сапарымен барып, медициналық ұйым жұмысымен танысқан.  Тұрғындарды қабылдап, ашық диалог ұйымдастырып, алыстағы ағайынның арыз-шағымын тыңдаған.

Алматы және Жамбыл облыстарындағы үздік тәжірибені енгізу мақсатында Шиелі аудандық көпбейінді орталық  ауруханасы және №6 қалалық емханасы мамандары тәжірибе алмасу және озық тәжірибені  жүзеге асыруға жолданған.

Облыс тұрғындарына травматологиялық және ортопедиялық көмек көрсетуді жақсарту мақсатында Астана қаласының №2 көпбейінді қалалық ауруханасының травматология бөлімшесінің аға дәрігері А.Кузнецовтың қатысуымен «Полижарақат» тақырыбында семинар өткізіліп, облыстың травматолог мамандары тәжірибе алмасқан.

Бүгінде облыс тұрғындарына жоғары мамандандырылған медициналық көмек көрсететін ұйымдардың қажетті бағыты анықталып, «Қазақстан халқына» қорына сұраныс хат жолданған.

Еліміздің бірқатар өңірінде медицина саласының қызметкерлеріне оның ішінде орта буын медицина мамандарына тапшылық әлі де бар. Әсіресе еліміздің солтүстік өңірінде медицина маманына тапшылық жоғары. Осы мәселені шешу мақсатында облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының шақыртуымен 10-11 мамыр күндері аймағымызға Қостанай және Солтүстік Қазақстан облысынан арнайы құрылған жұмыс тобы келіп, медициналық жоғары колледжінің мәжіліс залында бітіруші түлектермен кездесу өткізілген.

Басқарма басшысының төрағалығымен наурыз айының соңынан бүгінгі күнге дейін медициналық ұйымның бас дәрігерлерімен 5 облыстық штаб отырысы, 9 апталық лездеме  өткізілген.

Осы уақытқа дейін басқарма басшысының жеке қабылдауында 94 азаматтың мәселесі қаралып, 60-ы оң шешімін тауып, 24-не заң аясында түсінік берілген.

Қазақтың «жас келсе іске» деген ұлағатты сөзі бар. «Халықтың денсаулығын сауықтыру мақсатында қаншама жұмыстар атқарылған. Алда атқарылар шаруа да шашетектен», – дейді басқарма басшысы.

Дәрігерлік – аса жауапкершілікті, шыдамдылықты, өз ісіне деген сүйіспеншілікті қажет ететін мамандық. Ал аймақтың денсаулық саласының жұмысын үйлестіру басшының шеберлігін дәлелдейді.

Гауһар ҚОЖАХМЕТОВА

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: