Бейсенбі, 07 қараша, 12:25

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№88-2098
05.11.2024
PDF мұрағаты

Туберкулезбен күреске қаржылық қолдау қажет

07.12.2021

836 0

Жыл сайын елімізде туберкулезбен күрес қарқынды жүргізіліп келеді. Бұл тұрғыда үкіметтік емес ұйымдар да өз үлесін қосуда. Өткен жұмада «Сұлтан Плаза» қонақ үйінің мәжіліс залында «Белая ромашка» қоғамдық бірлестігі жыл бойы атқарған жұмысы және алдағы жоспарымен бөлісті.

Бұл ұйым былтыр елімізде тіркелген 335 адамның 31-ін анықтаған. Бірлестік көбіне әлеуметтік әлжуаз топ арасында «Туберкулездің алдын алу» және ем тәртібін бұзғандардың толық ем алуын қамтамасыз етумен айналысады. Сондай-ақ тұрғылықты мекен-жайы жоқ адамдардың жеке құжаттарын қайта рәсімдеуге, арнайы мемлекет тағайындаған жәрдемақы алуға көмектеседі.

– Туберкулез қауіпті ауру болғанымен одан емделіп шығуға болады. Бүгінде елімізде бұл ауруды емдеуге толық мүмкіндік жасалған. Бұл орайда «Белая ромашка» қоғамдық бірлестігінің үлесі зор. Ұйым 2016, 2019 жылдары жергілікті бюджет есебінен грант ұтып алған болса, өткен жылы жаһандық қор есебінен грант иеленіп, арнайы бағдарлама бойынша жұмыс атқарды. Бірақ жаһандық қордың талабы бойынша жыл сайын бөлінетін қаржы көлемі азая береді. Тіпті келер жылы бөлінбей қалуы да ғажап емес. Сондықтан осы шаруаның алдын алу маңызды. Бұл бағытта жергілікті биліктің көмегі қажет. Қаржы бөлінген жағдайда бүгінге дейін жасалған шаралар далаға кетпей, жұмыс жалғаса берер еді, – деді ҚР ҰФҒО мониторинг және бағалау, эпидемиология, статистика және ақпараттандыру бөлім басшысы Панагүл Мәнерханқызы.

«Белая ромашка» өткен жылы жаһандық қордың «Халық­тың осал топтары ішінде туберкулез, көптеген дәріге төзім­ді туберкулез және ТБ/АИТВ-ны бақылауда азаматтық сектор­дың рөлін күшейту» атты бағдарламасының грантын жеңіп алып, жоба бойынша біршама жұмыстар атқарды. Бағдарлама аясында қоғамдық қор координатор, әлеуметтік қызметкер, есепші мен 15 аутричтан тұратын топ құрды. Аутричтар қала­лық емхана мен аудандарға бөлініп қызмет атқарған.

– Осы уақытқа дейін өңірдегі денсаулық сақтау басқармасы, бейімдеу орталығы және тұрғындармен тығыз байланыс орната отырып, жұмыс істедік. Ай сайын 50-ге жуық адамға сауалнама жүргізіліп, ауру туралы ақпаратпен таныстырылды. Жүйелі атқарған жұмыстар нәтижесінде жүздеген науқас тексеруден өтіп, есепке алынбағаны есепке алынды. Сондай-ақ 5 науқасқа жеке куәлікті рәсімдеуге көмек беріп, 7 нау­қас бейімдеу орталығына орналасты. Келер жылы да осы жұмыстарды жандандырып, індеттің алдын алуға үлес қосқымыз келеді. Алайда ол үшін қаржылық демеу қажет. Себебі жыл бойы аймақтағы туберкулезді жұқтыру көрсет­кішін азайту, оның алдын алу үшін тұрғындарды ақпарат­тандыру, ауруға шалдыққандарды жазылғанша қадағалау күш пен қаржыны қажет етеді, – деді «Белая ромашка» ҚБ физиатры Гүлшат Раханбердиева.

Биылғы жылдың 10 айында 3520 адамға сауалнама жүр­гізілген. 109 пациентке психологиялық көмек беріліп, емін үзген 44 науқастың 42-сі емге қайта  қосылған. Жалпы кеңес­тің негізгі мақсаты – туберкулезбен күрес саласындағы үкіметтік емес ұйымның қызметі және қоғамға қауіп төндіретін аурулардан билік пен халықтың хабардар болуын қамтамасыз ету. Екіншісі жергілікті бюджеттен «Белая ро­машка» қоғамдық бірлестігінің «Туберкулез, ТБ/АИТБ/Ко­вид саласындағы күрес» жұмысына гранттар бөлу мәселесі. Сол ар­қылы туберкулезден айығып шыққандар санын арттыру әрі бар­лық адамға бірдей көмек беріп, ауруды жұқтыру қаупін азайту.

А.БАЙ

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: