Жұма, 26 сәуiр, 17:46

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№32 (2042)
23.04.2024
PDF мұрағаты

Лейшманиоз ауруы туралы нені білу керек?

28.04.2023

1142 0

Лейшманиоздар — трансмиссивті жолмен тарайтын, висцералды және терілік клиникалық түрлерінде өтетін зоонозды тропикалық паразитарлы инфекция. Бұл Азия, Африка, Латын Америка және Оңтүстік Европаның тропикалық аймақтарында кең тараған ауру. Бұрынғы Кеңес одағы елдері ішінде лейшманиоз Түркменстан, Тәжікстан, Өзбекстан, Қазақстанның оңтүстік аймақтарында және Грузия мен Арменияда тіркелген.


Лейшманиоздар тері лейшманиозы (теріні зақымдайды) және висцералды лейшманиоз (ішкі мүшелерді зақымдайды) деп екіге бөлінеді.


Сыр өңірі ежелден бері висцериалды және тері лейшманиоз ауруларының табиғи ошағы болып есептеледі, 1966-1991 жылдар аралығында висцериалды лейшманиоз ауруларының 625 жағдайы анықталған, негізінен висцериалды лейшманиоз облысымыздың барлық аудандарында тіркелген. Бірақ басым көпшілігі Қармақшы, Жалғаш, Сырдария аудандары мен Қызылорда қаласы аймағындағы елді мекендерде анықталған.


1991-2001 жылдар аралығында, яғни 10 жыл көлемінде бұл ауру мүлдем тіркелмей, 2001 жылдан бастап висцериалды лейшманиоз ауруының табиғи ошақтарының белсенділігі күрт өзгеріп, ауру қайта тіркеле бастады.Соңғы рет облысымызда 2015 жылы тіркелген.


2001-2015 жылдары облыс бойынша барлығы висцералды лейшманиоздың 12 жағдайы орын алды. ВЛ оқиғалары тіркелген аймақтар: Жалағаш, Шиелі, Тереңөзек, Сырдария, Қызылорда. Соңғы 3 оқиға 2015 жылы Қызылорда қаласында, 2011 жылы Шиелі және Сырдария аудандарында тіркелген, үшеуі де өлім жағдайымен аяқталды. Бұл науқастардың медициналық көмекке кеш жүгіну салдарынан орны алды.


2021 жылы облыста тері лейшманиоз ауруының 3 жағдайы, 2022 жылы 10 жағдайы есепке алынды (Сырдария ауданында -5, Жаңақорғанда – 2, Қызылорда қаласында – 3 жағдай). Ауруға шалдыққандардың 70% – ауыл, 30% – қала тұрғындарының үлесінде.


Тері-венерологиялық диспансерінің мәліметі бойынша облыс көлемінде 2022 жылы тері лейшманиоз диагнозына күдікті 42 науқас қаралып, оның 10-да диагноз зертханалық жолмен дәлелденген, қалған 32 науқас өз бетінше түрлі ем шаралар қабылдау салдарынан зертханалық жолмен диагноз нақтыланбаған.


Висцералды, тері лейшманиоздардың табиғаттағы сақтаушы көзі әрі таратушысы москиттер болып табылады. Өзен суының тасуы, көктемгі мезгілде жер асты суларының жоғары көтерілуі, жағажайларды су басуы, көлшіктердің көбеюі москиттердің өсіп-өнуіне қолайлы жағдай тудырады.
Сондай-ақ висцералды, тері лейшманиоз ауруының табиғи резервуарлары болып табылатын егесіз иттер мен мысықтар, жабайы жыртқыш аңдар да қауіп төндіреді.


Негізгі профилактикалық шара – қауіпті жәндіктер шағуының алдын алу. Терезелерді маса өтпейтін тормен қаптау, арнайы қорғаныш киімдерін кию қажет. Болжамды тасымалдаушылар адамдардан оқшаулануы, аурудың эпидемиологиясын бақылау, ірі елді мекендерде жаппай аурулардың алдын алуға назар аудару керек. Орналасқан жеріне байланысты үй жануарлары мен ауру тасымалдаушы малмен күресу де оң әсер етуі мүмкін. Қалалар мен тұрғын үй жертөлелері, кәріздердің тазалығы, қоқыс шығаруды ұйымдастыру, полигондарды үнемі шығару және санитарлық шараларды өткізу халық арасында сырқаттанушылықтың өсуінің төмендеуіне әсер етеді. Өлім-жітім науқастардың ауруханаларға бармауына және ауруды емдеу мүмкіндігі туралы білмеуіне байланысты. Сонымен қатар обаға қарсы күрес және облыстық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасы мамандарымен бірігіп, қоршаған ортаны залалсыздандыру мақсатында жұмыла жұмыстар жүргізу қажет. Осы факторлардың жиынтығы адамдар арасында лейшманиозбен ғана емес, сонымен қатар қауіпті және өзекті емес басқа да көптеген аурумен сырқаттанушылықты күрт төмендетуге мүмкіндік береді.

Динара Жанабергенова,

облыстық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысы

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: