Сәрсенбі, 25 желтоқсан, 10:03

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№101 (2111)
24.12.2024
PDF мұрағаты

Жылына екі рет йод терапиясын жасаған жөн

07.02.2023

1592 0

Сурет: medaboutme.ru

Бүгінде қант диабетінен кейін кең тараған сырқаттың бірі – қалқанша безі аурулары. Адам ағзасындағы зат алмасуды реттеп отыратын ішкі секреция бездері қызметінің бұзылысы қыз-келіншектер арасында жиі кездеседі.  Мұндай өзгеріс өз кезегінде қауіпті дерттерді тудырады. Осы орайда №6 қалалық емхананың эндокринолог маманы Гүлжан Төреханқызынан көпшілікті мазалайтын эндокриндік аурулар жөнінде сұрағанды жөн көрдік.

Жылына екі рет йод терапиясын жасаған жөн

– Гүлжан Төреханқызы, жалпы эндокринология саласы нені зерттейді? Эндокриндік бездер дегеніміз не? Оның маңызы қандай?

– Эндокринология – эндокриндік бездердің құры­лысын, қызметін, олар бөліп шығаратын гормондарды және аталған бездердің қызметінің бұзылуынан болатын түрлі ауруларды зерттейтін медицина саласы. Адам ағзасындағы зат алмасу процесін реттейтін ішкі секреция бездері болады. Олар ағзаның дұрыс жұмыс істеуіне, деннің сау болуына қажетті гормондарды бөледі. Эндокриндік жүйе бұзылса қант диабеті, қалқанша безі сырқаттары, оның ішінде гипотиреоз,  жайылмалы уытты жемсау (зоб), түйінді жемсау, гипопаратиреоз, сонымен қатар гормональді гипофиз аденомасы, акро­мегалия, пролактинома, қантсыз диа­бет сынды аурулар пайда болады. Яғни ағзадағы эндокриндік бездердің барлығы бір-бірі­мен тығыз байланысты. Сондықтан эндокриндік жүйеде өзгеріс болса, онда ол басқа бездердің қызметінің бұзылуына әкеледі. Мәселен, қалқанша безі қабынып, қызметі бұзылса, одан ағзаға бөлінетін қажетті гормондар өзгеріске ұшырайды. Соның салдарынан жоғарыда аталған аурулар пайда болады.

– Қалқанша безі қабынады дедіңіз. Бұл неден пайда болады?

– Қазір көп адамдарда ұйқышылдық, ашуланшақтық, стресс, әлсіздік белгілері, әйелдер арасында бедеулік ауруы көбейіп келеді. Мұның бәрін реттеп, ағзаға күш, қуат беретін ол гормондар. Осы гормондарды қалқанша безі бөліп шығарады. Жаңа айтып өткендей қалқанша безінде өзгеріс болса, онда қажетті гормондардың да бөлінісі өзгеріске ұшырайды. Бұл өз кезегінде атап өткен жағдайларға әкеледі. Ал алдын алып, уақытында емдемесе қант диабеті, жайылмалы уытты жемсау (зоб) сырқатына ұласуы мүмкін. Қалқанша безі қабынуының себебі көп. Мәселен иммунитеттің төмендеуінен қабыну болады. Осы қабыну кезінде гормондар дұрыс бөлінбейді. Ол адам ағзасының дұрыс жұмыс істеуіне кері әсерін береді.

– Қалқанша безінің қызметі ағзадағы йод тапшылығынан бұзылады дегенді жиі естиміз…

– Иә, ағзада йод тапшылығынан қалқанша безінің немесе жемсаудың (зоб) көлемі ұлғаяды. Себебі қалқанша безінен бөлінетін гормондар йод элементінен тұрады. Сондықтан йод тапшылығын болдырмау керек. Дегенмен қалқанша безінің қызметі тек тапшылықтан емес, йод шамадан тыс артық болса да бұзы­лады. Яғни гормондар қызметі жоғарылап кетеді. Мұны медицинада гипертиреоз деп айтады. Бірақ біздің өңірде гипотиреоз (йод тапшылығы) жағдайы жиі кездеседі.

– Гипертиреоз бен гипотиреоз жағ­дайына кеңінен тоқталсаңыз…

– Гипертиреоз дегеніміз қалқанша безі қызметінің, гормондардың жоғарылауы. Бұл жағдайда да уытты жемсау ауруы пайда болады. Екінші жағдай гипотиреоз деп аталады. Бұл қалқанша безі қызметінің төмендеуі. Жоғарыда айтып өткендей йод тапшылығынан туындайды. Бұл диагноз әйелдер арасында өте жиі кездеседі. Ағзада йод тапшы болғандықтан қал­қанша безі өз қызметін толық атқара алмайды. Сол себепті жұмысы бәсеңдейді. Жалпы гипотиреоздан кейін қалқанша безі түйіндері (узловой зоб) көп кездеседі.

– Науқастардың емханаға барып, тұрақты тексеруден өте бермейтіні бел­гілі. Соның салдарынан ол өзінде мұн­дай аурудың белгісі барын білмеуі мүм­кін. Бұл диагноздардың белгісі қандай болады?

– Біздің осал тұсымыз осы ғой. Денсаулығын ойлайтын әрбір тұрғын кемінде жылына бір рет дәрігер­лердің тексеруінен өтуі тиіс. Алайда уақыт тап­шылығы бар, басқа да себептермен бұған немқұрайлы қараймыз. Өкінішке орай, көп жағдайда ауру асқынып, науқасты қатты мазалаған кезде ғана дәрігерге келеміз. Жаңа айтып өткенімдей гипертиреоз йодтың мөлшерден көп болуы салдарынан болады. Ал гипотиреоз тапшылықтан туындайды. Сол сияқты екеуіндегі белгілерде қарама-қарсы көрінеді. Мәселен, гипертиреозда жүрек қағысы жоғары болады. Сонымен бірге арықтау, терлеу, дене қызуының көтерілуі, тітір­кену, ауа жетпеу, дірілдеу, тез шар­шағыштық пайда болады. Одан бөлек қалқанша безінің көлемі өскендіктен жұтынғанда тамақта бірдеңе тұрған сияқты сезіледі. Мойынның алдыңғы бетінің ұлғаюы байқалады.

Ал гипотиреоз жағдайында әлсіздік, шаршау, ісіну, салмақ қосу, ағзада су жиналу, іш қату, шаш түсу, терінің құрғақтығы, делсал күйде жүру, ұйқышылдық белгісі пайда болады. Жалпы қалқанша безі ағзадағы зат алмасу процесін жүргізетін тероксин гормонын бөледі. Бірінші жағдайда зат алмасу процесі тез болса, екіншіде баяу жүреді. Жалпы өңірде қалқанша безінің гипотиреоз түрі әйел адамдарда жиі кездеседі. Әсіресе орта жастағылар мен жас қыз-келіншектерге көп қойылатын диагноз осы.

Олар жұтынғанда қолай­сыздықты, бірнәрсе тұрған сияқты, ауа жетпеу, тұншығып қалғандай сезінеді. Ал ұйқышылдық, әлсіздікті көбіне жұмыс істеп шаршағаннан деп ойлағандықтан дәрігерге жүгіне бермейді.

– Бұл сырқаттан толықтай айығуға бола ма?

– Қалқанша безі ауруларының емі оның түріне байланысты. Толық емдеуге болатын түрі болады. Қазір емделгенімен кейін қайталанатын жағдайда кездеседі. Сонымен бірге айығуға келмейтін, тек дәрі-дәрмек, уақытылы ем-дом, күтіммен ғана қалқанша безінің жұ­мысын реттеп оты­ратын түрі де бар.

– Мұның алдын-алу үшін не істеу керек? Қан­дай дәрумен­дер ішкен дұ­рыс?

– Ол үшін йод дәрі-дәрме­гін тұтыну керек. Ересек­тер 200 мл, жас­өспірімдер 150 мл, бала­лар 100 мл көле­мінде қабылдап отыруы керек. Жылына 1-2 рет осылай йод терапиясын жасау қажет. Сол кезде қалқанша безінде йод тапшылығы болмайды және аурулар дамымайды. Сонымен қатар қалқанша безінің жұмысына кедергі жасайтын басқа да ауруларды болдырмау керек. Мысалы, қаназдық ауруы, жоғары тыныс жолдары инфекциясы, вирусты, бактериалды инфек­цияларды уақы­тылы емдеп, асқындырмау керек. Бұдан бөлек ағзаға қажетті ми­нералдар мен дәру­мендер, амин қыш­қылдарын ішу қажет. Оның ішінде Д3, омега3, мырыш (цинк), селен ең қажетті дәру­мендер. Ал тікелей қал­қанша безінің жұмысын жақсартуға йод препаратын ішу керек. Әсіресе, жүкті әйелдер йод тапшылығын тудырмағаны абзал. Сон­дықтан дәрігермен ақыл­даса отырып, тек қажет­ті мөлшерде ғана қа­былдаған жөн. Йод қа­былдауға бол­майтын жағ­дайларда кез­деседі. Мә­се­лен, гипертиреоз жағдайында йод ағ­за­да шек­тен тыс мөл­­шерде бо­ла­ды. Мұн­дайда йод ішуге бол­майды. Сол үшін дәрігердің көме­гіне жүгінген дұрыс. Бұл бар­лық дәру­мендер мен минералдарды қабыл­дауға да қатысты.

– Әңгімелес­ке­ніңізге рахмет!

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: