Бейсенбі, 09 мамыр, 04:54

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№36 – 2046
07.05.2024
PDF мұрағаты

Жаңа заң халықты қарыздан құтқара ма?

05.01.2023

686 0

Сурет ашық дереккөзден

Өткен жыл соңында Мемлекет басшысы бірнеше заңға қол қойды.

Соның бірі – «Қазақстан Республикасы азаматтарының төлем қабілеттілігін қалпына келтіру және банкроттығы мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң.

Қарызға белшесінен батқан елдің бар үміті осы заңда екені даусыз. Содан да болар қарапайым халық заңның қабылдануы жұртшылықтың қарызын жеңілдетер ме екен деп алаңдай күтті. Мамандар пікіріне сүйенсек, заңда үш нақты рәсім бар. Атап айтқанда, соттан тыс банкроттық, сот банкроттығы, төлем қабілеттілігін қалпына келтіру. Әр рәсімнің өз талаптары бар.

Мәселен, соттан тыс банкроттық шарттары мынадай: Берешектің 4,9 млн теңгеден (1600 АЕК) аспауы, борышкерде ресми кірістің болмауы, мүліктің болмауы тиіс. Ал сот арқылы банкрот деп тану рәсімі қарыз мөлшері 4,9 млн теңгеден асқан жағдайда қолданылады. Бұл рәсім барысында борышкердің мүлкі сатылады. Түскен қаражат белгіленген кезекпен кредиторлар алдындағы қарыздарды өтеуге жұмсалады. Егер борышкердің жалғыз тұрғын үйі кепіл мүлкі болса, онда кредиторлар оны сот банкроттығы рәсімі кезінде алуға құқылы. Ал жалғыз баспана кепіл болмаса кредиторлар оны талап ете алмайды.

 Екінші – сот банкроттығы рәсімін қаржы басқарушылары жүзеге асырады. Олар кімдер дегенге келсек, заңды тұлғаларды және жеке кәсіпкерлерді банкроттық рәсімін жүзеге асыратын кәсіби бухгалтерлер, заң кеңесшілері, аудиторлар. Заң бойынша банкрот деп жарияланған адам борышкердің міндеттемелерін орындаудан босатылып, айыппұлдар мен өсімпұлдарды есептеу тоқтатылады. Оларға 5 жылға несие алуға тыйым салынады.

Үшінші рәсім – азаматтардың төлем қабілеттігін қалпына келтіру. Яғни банкрот адамның тұрақты табысқа қол жеткізгеннен кейін қарызды қайтару жоспары жасалып, «банкрот» деген мәртебесінен құтылады. Сонымен қатар несие алмау секілді шектеулер де алынып тасталады.

Қаржы вице-министрі Ержан Біржановтың айтуынша, заң әзірлеу барысында жеке тұлғалардың банкроттығын қалыптастырған өзге елдердің тәжірибесі негізге алынған. «Халықаралық тәжірибені ескере отырып, рәсімдердің 3 түрін енгізуді ұсынып отырмыз. Барлық үш рәсімге тек борышкер ғана бастамашы бола алады. Яғни несие беруші өздігінен борышкерге қатысты рәсімдерді қолдана алмайды», – деді вице-министр.

Банкроттықтың салдары қандай екені көп көкейіндегі мәселе. Банкрот мәртебесін алғандарға құжатта 5 жылға дейін несие беруден шектеу ескерілген. Екіншіден, азаматтар 7 жылдан кейін ғана банкротттыққа қайта жүгіне алады. Үшіншіден, 3 жыл бойы сол азаматтың қаржылық жағдайына мониторинг жүргізіледі.

Айта кетелік, заң ресми түрде 60 күннен кейін күшіне енеді. Яғни қарызы бар азаматтар наурыз айынан бастап банкроттыққа арыз бере алады. Барлығы онлайн жүзеге асатын банкроттық рәсімге халықтың қаншалықты ынталы болатынын уақыт көрсетеді. Ең бастысы, заң қабылданды.

Гүлмира МАҒЛҰМҚЫЗЫ

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: