Covid-19 күллі әлемге үлкен қауіп төндірген вирус екені рас. Алайда бұл вирустан өзгелерден гөрі көбірек зардап шеккен мемлекеттер бар. Соның ішінде Үндістандағы ахуалдың күрделі екенін айтқан жөн. Соңғы уақытта мұнда күн сайын мыңдаған адам вирустан көз жұмуда. Осы орайда әлемдік сарапшылар бұл тек Үндістанға емес, күллі әлемге қауіп төндіретінін ескертуде. Осыған орай CNN арнасында Адити Сангалдың «Үндістандағы Covid-19 дағдарысы – бұл әлемдік проблема» атты сараптамалық мақаласы жарияланды.
Автор мақаласын «АҚШ, Ұлыбритания секілді елдер вакциналаудан кейін өз туыстарымен етене араласып бастаса, үндістер күн сайын қайтыс болған туысқандарын санап әлек» деп бастайды. Ол Үндістандағы эпидахуалды ауруға шалдыққандарға көмектесуден бос төсек орны қалмаған және оттегі жеткіліксіз ауруханалар бас тартуға мәжбүр деп суреттейді.
Кейбір елдер оларға көмектесуді бастап кеткен. Мысалы, апта басында америкалық оттегі концентраты жеткізілсе, сәрсенбіде Ұлыбритания, Италия мен Германия елдері медициналық құралдар жеткізсе, дәрілер, желдеткіш пен мониторлар тиелген Ресей ұшағы Делиге қарай бағыт алды.
Үндістандағы басты мәселе – вирусқа шалдыққандарды емдеу болғанымен, вакциналау індеттің бетін қайтарудың бірден бір себепкері ретінде қаралып отыр. Мұнда әлемдегі ең ірі вакцина шығарушы зауыт болғанымен, доза жеткіліксіз және жұмысты үдету мүмкін болмай тұр. Батыс елдері кейбір мемлекеттердің артық вакцина сақтап отырғанын сынға алды. Бірақ Ұлыбританияның денсаулық сақтау министрі елде артық вакцина жоқтығын хабарлады.
Ал Байден министрімен байланысқанын, жақын арада вакцина жеткізуді жоспарлап отырғанын хабарлады. Бұған дейін «Ақ үйдегілер» өзге мемлекеттерге AstraZeneca-ның 60 млн дозасын жеткізетінін, бірақ бұл бірнеше айда жүзеге асатынын айтқан еді.
Ең алғаш Қытайдың Ухань қаласында таралған бұл вирус қазіргі кезде түрлі мутацияға ұшырады. Соның ішінде ғалымдар үнділер арасында оның «B.1.617» атты түрін анықтаған еді. Дегенмен Ұлыбританияда вирустың «B.1.1.7» штамы көбірек таралды. Осы тұста «Қолданыстағы вакцина бұл штамдардан қорғай ала ма?» деген сұрақ пайда болады.
«Соңғы деректер үнділік вакцина вирустың «B.1.617» түрінен қорғауға қауқарлы екенін көрсетті. Сол себептен Үндістандағы эпидахуалды тұрақтандыруда вакциналаудың септігі мол деп тұжырымдауға болады», – деді АҚШ ұлттық аллергия және инфекциялық аурулар институтының директоры Энтони Фаучи.
Бірақ Оңтүстік Африка мен Бразилия секілді елдерде вирустың түрлі мутацияға ұшыраған штаммдары таралғаны белгілі. Олардың барлығына қолданыста жүрген Pfizer/BioNTech, Moderna Inc. және Johnson&Johnson секілді екпелер түрліше әсер етеді. Онымен қоса вирустың жаңа штаммдары көптеп тіркелуде және олардың барлығы ағзаға түрліше әсер етеді. Сол себептен сарапшылар вакцина алдық деп арқаны кеңге жаюға болмайтынын ескертуде.
Үндістанның сарысу институты (Serum Institute of India) наурызда AstraZeneca екпесінің 28 млн дозасын жеткізген болатын. Десе де елдегі ахуалға байланысты наурыз бен сәуірде жеткізуі керек болған тағы 90 млн доза кейінге шегеріліп отыр. Сол себептен Оңтүстік Африка, Бразилия секілді мемлекеттер әзірге үнділерден көмек күтпей-ақ қоюларына болады.
Жалпы Үндістан өздерінде орнаған вирустық дағдарысқа дейін пандемиямен күресте көш бастап тұрған еді. Елдің Премьер-министрі Нарендра Моди COVAX жобасы аясында 2 млн доза жеткізу жоспарымен бөлісіп, әлемді қуантқан еді. Десе де ел ішінде Н.Модидың вирустың таралуына себепкер ретінде кінәлаушылар көп.
Өйткені ол әлемдік пандемияға қарамастан ел ішінде бірнеше аптаға созылған үнділік қажылыққа рұқсат берген. Сонымен қатар оның жақтастары сайлау кезінде митинг ұйымдастырып, көтеріліске шығуы да вирустың таралуына әсер етті деп санайды халық.
Бірақ министр әлі күнге дейін вируспен күресте белсене жұмыс атқарып, вакциналау науқанын ілгерілетуге көмектесуде. Ол 1 мамырдан бастап 18 жастағы және одан жоғары халықты вакциналау үшін жеке компанияларға рұқсат бермек.
Міне, осылайша мақала авторы елдегі эпидахуалды, вирустың алдын алу туралы мамандардың ойларын, вакциналау аясындағы олқылықтарды саралап жазады. Ең соңында автор елдегі күн сайын мыңдап тіркеліп жатқан аурудың алдын алу үшін бұл шешімдерден де басқа тиімді өзгеріс керек деп тұжырымдайды.
Түпнұсқадан аударып, шолу жасаған
Аслан НҰРАЗҒАЛИ
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!