Сәрсенбі, 16 қазан, 05:15

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№82-2092
15.10.2024
PDF мұрағаты

Батыс Германияны су басты

17.07.2021

960 0

Германияның бірқатар аумағында «Бернд» цик­лонына байланысты үйлерді су басып, елде төтенше жағдай жарияланды. Қазіргі таңда барлық күш құрылымдары көмекке жұмылдырылып, апаттық жағдайдан адамдарды аман алып қалу мақсатында жұмыс істеуде. Осы оқиғаға байланысты «ВВС» арнасы «Германиядағы су басу: жаңбырдан кейін 6 адам көз жұмып, оншақты адам із-түссіз жоғалып кетті» деген тақырыпта репортаж берді.

Жергілікті полицияның хабарлауынша, су басудан 6 адам қайтыс болып, бірнеше адам жоғалып кеткен. Ең үлкен су басу жағдайы Рейнланд-Пфальц штатында орын алып, 50 шақты адам үйдің төбесіне шығып көмек күткен. «SWR» телеарнасының жаңалықтар бөлімінің хабарлауынша, Эйфель ауданының таулы аумағында үйлер қираған соң 30-ға жуық адам жоғалып кеткен. Су басудың басты себебі Рейн өзеніне құятын Ар өзенінің суы жағадан оңтүстікке қарай тасуы болып отыр.

Рейнланд-Пфальц штатының басшысы Малу Драйер бұл су басуды «катастрофа» деп бағалаған. «Көз жұмғандар, жоғалып кеткендер мен әлі де болса қауіпті аймақта тұрып жатқандар бар. Барлық төтенше жағдай қызметкерлері өз өмірін қауіпке тігіп, көмек жұмыстарын жүргізуде», – дейді ол.

Полицияның тікұшақтары мен әскерилер қауіпті аймаққа жіберіліп, тұрғындарды құтқарумен айналысып жатыр. Мақалада мектептер жабылып, батыс бөлікте бірнеше тас және теміржол үлкен зардап шеккені де жазылған.

SWR телерадиокомпаниясы Эйфель ауданындағы Шульд-бай-Аденауда 25-ке тарта үй қираудың үстінде тұрғанын хабарлаған. Сондай-ақ бірнеше үйді топан су толықтай басып, оларға қайықпен де жету мүмкін болмай отыр екен. Ал жергілікті полиция Эйфель ауданында қираған үйлердің кесірінен 4 адам қайтыс болғанын мәлімдеген. Бұған дейін сәрсенбіде 1 өрт сөндіруші қызметкері суға батып кетсе, екіншісі құтқару кезінде есінен танып көз жұмған.

Топан су көршілес Бельгияны да айналып өтпей, Вервье қаласында көшедегі көліктерді су шайып кеткен бейнетаспалар жарияланған. «Le Soir» басылымы да қаланың 2000 тұрғыны Шодфонтен қаласына қоныс аударуға мәжбүр болғаны туралы жазған. Төтенше жағдайға байланысты Бельгияның оң­түстік бөлігінде теміржол қатынасы тоқтатылған. Нидерландияның Лимберг провинциясын да толассыз жауған жаңбырдың әсерінен топан су басқан. Ауа-райы болжамы бойынша алдағы күндері Германия мен Бельгияда тағы бірнеше нөсер жаңбыр жаууы мүмкін.

Мамандардың айтуынша, климаттың өзгеруі әлі бірнеше төтенше жағдайға алып келуі мүмкін. «Дегенмен бұл оқиғаның барлығын күннің жылынуымен байланыстыру қиын», – дейді олар.

Германияның метеорологиялық қызметі алдағы күндері Вестфалия, Рейнланд-Пфальц пен Саарда найзағай ойнап, көп мөлшерде жаңбыр жауатынын айтқан. Бір тәулікте әр шаршы метр жерге 50 мен 200 литр аралығында жауын-шашын түседі деп болжануда.

Түпнұсқадан аударып, шолу жасаған

Аслан НҰРАЗҒАЛИ

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: