Дүйсенбі, 04 қараша, 04:13

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№87-2097
02.11.2024
PDF мұрағаты

Ресей-Украина: Байден келіссөздерге дайын

19.02.2022

1417 0

Күллі әлем назары Ресей мен Украина шекарасындағы ахуалға ауғаны анық. Еуропалық одақ елдері Ресей соғыс бастаса Украинада көп адам шығыны болатынын, ал Мәскеу қатаң санкцияларға тап болатынын алға тартуда. Шекарадағы шиеленісті АҚШ президенті Джо Байден да назардан тыс қалдырмай, өз пікірін білдіріп жүр. Мемлекет басшыларының баяндамаларына орай әлемдік басылымдар да толассыз ақпарат таратуда. Мәселен, CNN арнасында Мэган Васкес пен Кейтлан Коллинстің «Байден Ресей мен Украина арасындағы шиеленісте дипломатиялық келісімге дайын екенін айтты» деген мақаласы жарық көрді.

Арна тілшілерінің хабарлауынша, бүкіл әлем Путиннің Украинаға басып кіру туралы бұйрық беретінін не бермейтінін күтіп отырғанда Байден дипломатиялық келісімге шақырған. Сондай-ақ АҚШ президенті бейсенбіде Ресей шабуыл жасаса халықаралық айыптауларға тап болатынын мәлімдеген.

Байден өз сөзінде АҚШ пен оның одақтас елдері ресейліктерге ешқандай зиян келтірмейтінін және Ресейдің әлі де болса дипломатиялық келісімге келу мүмкіндігі бар екенін алға тартқан.

– АҚШ пен НАТО Ресейге ешқандай қауіп төндірмейді. Украинадан Ресейге келер қауіп те жоқ. АҚШ-тың да, НАТО-ның да Украина жерінде ешқандай әскери зымыраны жоқ. Біздің ол жерге қару орналастыру туралы жоспарымыз да жоқ. Біз Ресей халқын көздеп отырған жоқпыз. Ресейді тұрақсыздандыру да біздің жоспарға енбейді. Ресей халқы, сендер бізге жау емессіңдер! – деді Байден өз сөзінде.

Байден ресейліктердің Украинаға қарсы қантөгіс ұйымдастыратынына, тарихы мен мәдениеті тығыз байланысты ұлтпен қырғи-қабақ болғысы келетініне сенбейтінін айтты.

Өз сөзінде Байден екінші дүниежүзілік соғысты да еске алды: «Екінші дүниежүзілік соғыстың қажеттілігі болды. Ал Ресейдің Украинаға қарсы соғыс бастауы еш себепсіз. Бұл арандатушылық емес, бұл – шындық», – деді ол.

Америка президентінің пікірінше, егер жақын күндері ресейлік әскер Украина жеріне басып кіретін болса, Украина халық шығынына және Ресей стратегиялық шығынға тап болады. «Егер Ресей Украинаға басып кіретін болса, Мәскеу халықаралық айыптауларға тап болады. Әлем Ресейдің қажетсіз адам шығыны мен соғысты таңдағанын ұмытпайды. Украинаға басып кіру өз-өзіне зиян келтіру болып саналады», – деп ескертті Байден.

Байден дипломатияға қарсы еместігін де жасырған жоқ. Оның сөзінше дипломатиялық табысқа жету үшін барлық мүмкіндік берілуі керек және әлем қауіпсіздігін шешудің нақты жолдары да жоқ емес.

Америка президенті қару-жарақты бақылаудың, ашықтық саясатының жаңа шаралары мен стратегиялық тұрақ-тылықты ұсынуда. Ол сондай-ақ бұл шаралар НАТО-ға да, Ресейге де қатысты екенін айтты.

– Біз ортақ қауіпсіздігімізді арттыратын, нақты нәтижеге бағытталған қадам жасауға дайынбыз. Алайда бұл қадамды жасау алдында біз өзіміздің ұстанымымыздан аттамайтынымызды назарда ұстаған жөн. Әр ұлттың егемендік және тұтастық құқы бар. Олар қай бағытта жүретінін және кіммен серіктес болатынын өздері біледі. Бұл, біздің ойымызша, барлық тарапқа ең тиімді шешім, – деді ол.

Байден келісімге келу үшін барлық шараны жасағанмен ресейлік әскердің қауіпсіз екенін мойындаған жоқ. «Біз ресейлік әскердің өз бөлімдеріне қайтқанын растаған жоқпыз. Себебі біздің сарапшылар жағдай әлі де қауіпті екенін дәлелдеп отыр», – деп ол Украина мен Беларусь жерінде, шекараға жақын жерде Ресейдің 150 мыңға жуық әскері жүр деген тұжырымдамасынан әлі бас тартпағанын білдірді.

Жалпы ресейлік әскердің шекараға жақын жерде көптеп шоғырлануы әлем назарын аударып, барлығы қарулы қақтығыстың басталғанын күтіп отырғаны жасырын емес. Әрине, ешкім соғыстың болғанын қаламайды, алайда еуропалық елдер Ресейдің әрекеттері түбінде соған алып келеді деп болжауда. Дегенмен Ресейдің қорғаныс министрі оның Украинамен көршілес орналасқан оңтүстік және батыс өлкедегі әскерлері қазіргі таңда өз аймақтарына оралып жатқанын мәлімдеді. Ресей әскерлерінің өз базасына кері қайтқанын мәлімдегенмен кейбір ауқымды оқу-жаттығулар әлі жалғасып жатқанын жасырған жоқ.

Байден болса өз кезегінде «Ресей Украина жеріндегі америкалықтарға қандай да бір зиянын тигізер болса Америка оған қарсы күш қолданатынын ескертемін. Егер Ресей АҚШ немесе оның одақтас елдерінің компанияларына, маңызды инфрақұрылымына деструктивті кибершабуыл секілді әдіс қолданса біз жауап беруге дайынбыз», – деді.

Жалпы өткен аптада Байденнің ұлттық қауіпсіздік жөніндегі кеңесшісі Джейк Салливан көпшілік алдында Ресейдің жақын күндері Украина жеріне басып кіретінін ескерткен болатын. Ол CNN арнасының «Елдегі ахуал» атты бағдарламасына берген сұхбатында «Біз нақты қашан болатынын білмейміз, бірақ жақын арада, олимпиада ойындары біткенше Ресей Украинаға басып кіреді», – деп мәлімдеді.

Алайда Джо Байден әлі де болса Ресейді райынан қайтаруға тырысып, мәселені соғыссыз шешуге шақыруда. Мәскеу де өз кезегінде ешқандай басып кіру жоспары жоқ екенін, әскерилер өз оқу-жаттығу жұмыстарын жасап жүргенін алға тартып келеді. Батыс басып кіретініне сенімді болса, Ресей батыстың бұл тұжырымын жоққа шығарып әлек. Ал шекарадағы шиеленіс туралы нақты деректі «The Wall Street Journal» басылымының тілшілері «НАТО басшысы Ресей әлі де әскерін Украинаға жақын жерге жинап жатқанын мәлімдеді» атты мақалада жазды.

Түпнұсқадан аударып, шолу жасаған

Аслан НҰРАЗҒАЛИ

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: