Жұма, 26 сәуiр, 07:35

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№32 (2042)
23.04.2024
PDF мұрағаты

Әзірбайжан Республикасы Жазушылар одағы Төрағасының орынбасары: Бізге үстемдік емес, бірлік қажет

18.04.2020

805 0

Хаял Рза – Әзірбайжан поэзиясына тән сентиментальды иірімді дамытқан сыршыл ақын. Оның өлеңінен шығыс сұлуына деген аңсар мен таңданысты, Отанға деген риясыз адалдықты пен үмітті, досқа артқан сенім мен ерік бостандығын сезуге болады. Жаны мөлдір ақынға ұлтының қасіреті де жат емес. Қарабах жанжалына арналған «Қайғыдағы Қарабах» поэмасын қаншама ақын жастанып оқып, қаралы күнге көңіл көзінен қарауға сеп болды. Сондықтан, Әзірбайжан  жаңа заман әдебиеті сөз болғанда Хаял Рзаны атамауға болмайды. Себебі, ол – жаңа буынның көшбасшысы және ұлттық болмыс пен бітімді әлем назарына ұсынуды арман еткен Отансүйгіш тұлға. Сонысымен еліне қадірлі.
2019 жылы «Парасатты поэзия» халықаралық кешінде Әзірбайжан Республикасы Жазушылар одағы Төрағасының орынбасары, Ғылыми және әдеби шығарма егелері бірлестігінің (İLESAM, Түркия) Әзірбайжан филиалы басшысы Хаял Рзамен кездесудің сәті түсті. Қарбалас сәтте хал сұрасып, ақын аялдаған қонақ үйде сұхбаттасуға уағдаластық. Төрт сағатқа созылған қызу әңгімде қаламгер шығыс халқының дәстүрлі музыкасы, Орта Азияның ұлттық мұрасы, батыстық мәдени үрдіс, эмиграциялық әдебиет секілді алуан тақырыпта шешіле сөйлеп, өзекті ойдың тінін тарқатты. Орыс-түрік-ағылшын тілі үштігіне еркін алмасып, тереңдігін көрсетті. Біз де хал-қадірімізше ілесіп, көкейдегі ойды шашау шығармай жеткізуге тырысқан едік.
Ақын ескертпесін қарперге алып, оған қоса кейбір субъективті көзқарастағы оқыс мәлімдемелерді ескере, саяси ықпал, Қарабахтағы бейгуман әрекет төңірегіндегі қаламгер пікірін сұхбатқа енгізбеуді ұйғардық. Алайда, мұнан ойдың салмағы азайып, тұнығы лайланбады. Ендеше, уақыттан кеңшілік, баспадан мүмкіндік тумай, жеке қорда кезек күткен әңгіменің ықшамдалған нұсқасын оқырман назарына ұсынып отырмыз.


–Хаял мырза, алдымен сөзімізді фольклордан бастасақ. Әзірбайжан әдебиетіне дендеп енгеннен таңданыс тудыратын құбылыс – Иран әдебиетінің әсері. Лингвистикалық қолданысты айтпағанда, ортақ кейіпкерлер де көп кезедеседі. Әрине, Парсы әдебиетінің әуезділігі, мазмұндық ерекшелігіне дау жоқ. Алайда, мұны Әзірбайжанның ұлттық болмысына жасалған әдеби экспансия деп ойламайсыз ба?   
–Күрделі сұрақ екен. Былай жауап берейін. Белгілі бір уақытта Әзірбайжан әдебиетіне парсылық элементтер енгені рас. Ол өткен шақ. Оны жоққа шығара алмаймыз. Алайда, менің түсінігімде, Әзірбайжан мәдени мұрасы өзге елдерге қарағанда түркітілдес халықтардың ауызекі әдебиетіне жақындау. Дәстүр-салт, әдет-ғұрып, әдебиетіміз ортақ, тамырымыздан аққан қан бір. Ортақ оғыз, түркілерден тараған ұрпақпыз. Бір-біріне ұқсас әдеби жәдігерлеріміз де жетерлік. Мәселен, Көроғлы, Қожанасыр кейіпкері бізде де бар. Сіздерде кездесетін Қорқыт ата мұрасы Әзірбайжан әдебиетіне енген музыкалық жәдігері сақталған. Ата сөзіміз де (Ана тіліміз –Е.Ш.) ұқсас. Сондықтан, қандайда бір «әдеби экспания» болса, ұлттық иммунитет қарсы тұра алатынына сенемін.
–Айтпақшы, «Қорқыт Ата кітабы» шығармасының жаңа қолжазбасын қазақтекті ирандық коллекционер Уәлимұхаммед Қожа тапқан еді. Соңғы қолжазбамен танысуға мүмкіндік туды ма?
–«Қорқыт Ата кітабы» – түбі бір түркі халықтарының ортақ әдеби жәдігер­інің бірі, адамзаттың асыл мұрасы ретінде әлемдік дең­гейде зерттелген туынды. «Қорқыт Ата» кітабының тағы бір эпосы табылды дегенде көңілді қуаныш кернеді. «Салур Қазанның айдаһарды өлтіруі» деген дастан екенін естідім. Қысқаша бөлігін оқи алдым. Толық танысуға мүмкіндік болмады. Алдағы уақытта интернет ресурсқа енгізіп, арнайы кітап шығарылса, міндетті түрде танысамын. Бұл біздің әдебиетіміз үшін үлкен жетістік.
–Шығыс елдерінде діни жыр-дастандың орны ерекше. Орта Азия халықтарында назым үлгісі немесе діни мотивтегі шығармалар топтамасы ауызекі әдебиеттің жарымын қамтитын жағдайлар кездеседі. Бұл үрдіс ХХ ғасырдың басына дейін жалғасқан. Ал, Сіздердегі әдебиет тарихы бұл ақуалды қалай өткерді?
–Сұрағың орынды. Араб, Парсы өркениетінің әсері мен ислам дінін насихаттау бағытында жазылған көптеген көркем туынды сақталған. Басым бөлігі XIII-XVIII ғасырға тиесілі. Әзірбайжанда географиялық жағдай мен наным-сенімге орай, діни тақырып өзекті болып, ауыз әдебиеттің тең жартысын алғаны белгілі. Бұған жекелеген тұлғалардың қайраткерлік жолы, діни миссиясы секілді факторлар әсерін тигізді. Ұлттың бойында бар осындай ерекшіліктің мәдени сипат алуы айқын еді. Оған қоса, діни жырлардың қозғаушы күші – сопылық дәстүр. Сол себепті, ХХ ғасырға дейін Әзірбайжан әдебиетінің негізгі бөлігін діни жырлар құрады. Ал қазіргі кезеңде ақындардың қалам тербер аясы батыстық үлгіге ойысып келеді.
–Орайы келгенде сұрай кетейін. Сопылық әдебиет өкілі Насими, Исмаил Хатай, Физули әдеби қауымға жақсы таныс. Кем дегенде, Әзірбайжан халқына. Олардың шығармалары Қожа Ахмет Ясауи еңбектерінен бастау алды деп санауға бола ма?
–Әдеби хронологияны бағамдасақ, кейінгі сопылық жолдағы ақындарға (шартты түрде) Қожа Ахмет Ясауидің әсері болғаны байқалады. Алайда, тап басып талдау қалымнан келмейді. Себебі, сопылық шығармалар күрделі, оған қоса әдебиет теориясынан бөлек, діни сауат қажет. Шама жеткенше білгеніммен бөлісейін. 
Қожа Ахмет Ясауи мен әзірбайжандық сопы-ақындардаға тән ортақ еркешелік – «нәпсімен күрес» концепциясын насихаттау. Мұнда адамзатта ақыл, көңіл, нәпсі бар делінеді. Адам ақылмен ойланбаса, нәпсіге еріп және дүниелік қызыққа алданады. Біз оны «Мадди» деп атаймыз. Ал, көңіл нәпсіге еге болса, тек дүниелік емес, о дүниені де естен шығармай әрекет етеді. Сопылықтың мәні – ақылды үстем ету, нәпсіні тежеу. Сондықтан, сопылық жәдігерлердің ұстанымы мен ғибраты осыған саяды. Ортақ жол да – нәпсімен күрес. Сондықтан, Қожа Ахмет Ясауи мұрасы мен Хатай, Физули еңбектері мәндес деп айтуға болады.
–Жаңа заман әдебиетіне ойыссақ. Қазақ ақын-жазушыларымен қаншалықты байланыстасыз?
–Қазақ ақын-жазушыларына құрметім ерекше. Әсіресе, жас ақындарда жаңашылдық бар. Бүгінде Орта Азиядағы ең қуатты поэзия қазақ ақындарына тиесілі. Мақтан үшін емес, шынайы сөзім. Сондықтан, барынша пікір алмасып, араласуға тырысамын. Мейірхан Ақдәулет, Байбота Қошым-Ноғай, Тыныштықбек Әбдікәкімұлы, Серік Ақсұңқар, Есенғали Раушанов, Шакизада Әбдікәрімов секілді аға буын ақындармен хат-хабар алысып отырамын. Өлеңдерін үзбей оқимын. Ақберен Елгезек, Ерлан Жүніс, Мирас Асан сынды қатарластарыммен шығармашылық байланыстамын. Бірлесе жұмыс жасаудамыз. Мәселен, алдағы уақытта қазақ-әзірбайжан ақындарының топтамасын әзірлеу жоспарланды. Комиссия шешімімен Қазақ және Әзірбайжан ақындарынан 20-ға жуық ақын іріктеліп, жеке кітап жарық көретін болады. Егер, бастама өз мәресіне жетсе, нағыз олжа болғалы тұр. Оған қоса, әлемдік поэзия кештерінде, басқосуда қазақ ақындарымен жиі ұшырасамын. Әзірбайжандағы халықаралық деңгейде өтетін барлық шараға міндетті түрде қазақ қаламгерлері қатысады. Бұл – дәстүрге айналған. Себебі, қазіргі байланыс ертеңгі ынтымақтың бекуіне, идея алмасуға жол ашары сөзсіз.
–Кезекті кездесуде «ортақ тіл – түрік тілі болу керек» деген идеяны айтып едіңіз. Шынында, қазақ қоғамы үшін сенім тудыратын ұран емес. Сол себепті мұны жазушылық көзқарасыңыз ретінде қабылдаған дұрыс па, әлде азаматтық позицияңыз деп түсінейік пе?
–Бұл енді саяси тақырып болғалы тұр. Сондықтан жазушылық көзқарасқа құрылған азаматтық позиция деп ұғынсаңыз болады. Жалпы, қазіргі уақытта түркі әлемінің бірігуіне үлкен ықтият бар. Еуропа Одақ секілді өзге де ұйымдар көптеп саналады. Ендеше, бізге неге қосылмасқа?! Түркі Кеңесі, «Түріксой» секілді одақтар рухани-қоғамдық, саяси-әлеуметтік мәселенің шешілуіне жол ашып келеді. Сондай-ақ, Жазушылар Одағы, Журналистер қауымдастығы тарапынан байланыс нығаюда. Бұл – құрмет пен ынтымақ белгісі. Ал ұғысу үшін ортақ тіл қажет. Осы орайда түрік тілі қатынас құралына айналуы керек деп ойлаймын. Екінші тіл есебінде түрік тілін қолданатын халық саны да артып келеді. Түркі жастары тарапынан да түрік тілін ортақ қатынас құралына айналдыру бастамасы қолдау табуда. Сіздіңше, бұл мүмкін емес пе?
–Сіз айтып отыған идеяның біздегі аналогы — орыс тілі. Бүгінгі күнге дейін (қазір де) Орталық Азия, ТМД көлемінде ортақ тіл функциясын атқарып келді. Сондықтан көбісі бұл идеяны мүмкін емес деп санайды. Анығы, уақыты тумады деген түсінікте. Алдымен осыны қаперге алу қажет. Ал, жеке ұстанымға келсек, бұл да дублетті пікір: геосаяси мүдде, ұлттар амбициясы тұрғысынан қарағанда, түрік тілінің «ортақ тіл» дәрежесіне көтерілуі —  алдағы он жылда күтілетін нәтиже емес. Әріберіден соң, бір тілде сөйлейтін елдердің логикалық ойлау жүйесінде айырмашылық болмай қалатын секілді…
–Қартайғанымыз шамалы, алайда жастарға қарап ойланасың (күліп). Олар өткір ойлайды, әрі білімге құштар, кесіп айтуға құмар. Сенің буыныңды айтып отырмын. Бұл – қуанарлық жайт. Алайда, ұлы идеяларды орнату үшін жастар мен үлкен буын өкілдерінің пікір татулығы қажет.
Бірлесу, жақындасудың алғы шарты – тілдік тұтастық. Алайда, «халықтардың ойлау жүйесі бірдей болады» деген қате пікір. Әр халықтың өзіндік дүниетанымы, тілі, ерекшелігі сақталады. Ешқандай үстемдікке жол берілмейді. Бізге үстемдік емес, бірлік қажет. Өзің білетін Исмаил Хатай: «Тіл де, ойлау да, пікір де, іс те – бірлік» деді емес пе?!. Сондықтан, барлығы түрікше ойланады дегенге келіспеймін, тек ғана бірлік бекиді, ынтымақ артады. Мәселен, мен шығарманы түрік тілінде де, әзербайжан тілінде де жазамын. Ол менің көзқарасым мен дүниетанымыма әсер етпейді.
–Солай деп үміттенем. Қос елдің әдеби байланысына арналған алдағы жоспар қандай?
–Бүгінгі басты міндет – жаңа буынның бір-бірін жақын тануы. Себебі, заманы бір, ойлауы ортақ. Кеңес кезеңінде бұл процесс жүріп еді. Классик жазушылар бір-бірін танып, өзара араласып, байланыс орнататын. Қазір жаңа кезең, өзге буын, және бұл міндеттің жүгі бізге түсіп отыр. İLESAM  басшысы Мехмед Нури Пармаксыз мырзамен Қазақстан Жазушылар одағы арасында меморандум орнатуға келіссөз жүргіздік. Осы бағытта жұмыстар жасаудамыз. Ол үшін әдеби ортадан бөлек, қоғам санасын да үйретуіміз керек. Сонда ғана екіжақты ұғысу орнайды.
–Әңгімеңізге рақмет!

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: