Жұма, 17 мамыр, 14:22

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№38-2048
14.05.2024
PDF мұрағаты

Азықсыз ауған

11.09.2023

141 0

Әлемде азық-түлік қауіпсіздігі жылдан-жылға күрделенуде. Егіні жайлы елдер жапа шекпес-ау, ішіп-жемі сыртқа тәуелді халыққа аталған мәселе айтарлықтай соққы. Соның бірі – ауған елі. Жуырда БҰҰ онсыз да саяси келеңсіздік есеңгіреткен мемлекетке азық-түлік көмегін қысқартуға шешім шығарды. Оған себеп – дағдарыс пен азық-түлік тапшылығы. Аталған тақырыпта CNN тілшісі Ханде Атай Алам зерттеу мақала әзірлеп, ахуалдың ақ-қарасын анықтады.

«Қыркүйек айынан бастап БҰҰ жанындағы Бүкіләлемдік азық-түлік бағдарламасы ұйы­мы (WFP) Ауғанстанға берілетін дәстүрлі гума­нитарлық көмек көлемін қысқартты. Қаржылай қолдау мен саяси ахуал орнықпаса, ұйым айына тек үш миллион ауғандықты ғана азық-түлікпен қамти алады. Ал мұндағы аштықта күн кешкен халық саны 15 миллионға жеткенін ескерсек, жағдай ушыға түсетіні сөзсіз. WFP төрағасы Сяо-Вей Ли қолда бар мүмкіндік аясында кедейлік шегіндегі азаматтарға ғана көмек көрсетілетінін жеткізген», – дейді автор.

Расында, гуманитарлық көмектің азаюы бол­жанған амал еді. Наурыз айында ауған халқына берілетін азық-түлік екі есе азайса, сәуір-мамыр айларында 8 миллион халық тегін тамақтан қағылды. Әрине, өздігінен нан тапқан қашан да дұрыс. Дегенмен бұл көмек алдымен ауған қоғамындағы әйелдерге ауадай қажет болатын. Себебі мемлекет тарапынан қудалауға түсіп, жұмыс істеу, оқу мүмкіндігінен айырылған әйелдердің азық-түлік алатын негізгі көзі гуманитарлық көмек еді. Бұл дегеніміз, көмек көлемі қысқарса, 1 миллионнан астам ауған әйелі тентірейді деген сөз.

«WFP ұйымына алдағы жартыжылдықта 21 миллион адамға гуманитарлық көмек беру үшін миллиард доллар қажет. БҰҰ-ның 78-шақырылымында бүкіләлемдік азық-түлік бағдарламасы ұйымы (WFP) аталған мәселені көтерген болатын. Әлем елдерінің басшылары жиналған жиында аштық, көмек тақырыбы терең талданды. Дегенмен азық-түлік, қаржымен қамтамасыз ететін мемлекеттер саяси ахуалға байланысты көмек көлемін ұлғайта алмайтынын айтқан. Нәтижесінде, қыркүйекте 10 миллионға жуық ауған көмек алмауы ықтимал.

БҰҰ дерегінше, 2022 жылдың тамыз айында, яғни бір жыл бұрын Ауғанстанның 36 миллион халқы аштыққа ұшыраған еді. Бұл ел тұрғынының 90 процентін құрайды. Бұл кезде тәліптер билікке келіп әлеммен қатынас қиындаса, биыл әлемнің өзінде азық-түлік тапшы», – дейді Ханде Атай Алам.

«Қырсық бір айналдырса, шыр айналдырады» деген, жуырда ғана Ауғанстанда жұт болды. Күн райынан егін қурап, шаруа еңбегі далаға кеткен. Оның үстіне, АҚШ тәліптер билікке келген соң мемлекеттің сырттағы активтерін бұғаттаған болатын. Енді ғана еңсе тіктеген елде тағы да аштық орын алса, саяси өзгеріс басталып, халық толқуы ықтимал. Мамандар бұл үрдістің Орталық Азия елдері үшін әсері болатынын айтуда. Бірі келеңсіздік кезекті «Араб көктеміне» әкелуі мүмкін десе, енді бірі өзге елдерге үдере көшетін ауғандардың саны артуы ықтимал деген ойда. Қай-қайсысы болсын, тағы тұрақсыздыққа жетелері белгілі. Алыс та болса ауғандағы ахуал Орталық Азия елдеріне әсер етпей қоймасы белгілі…

Түпнұсқадан аударып, шолу жасаған

Ерсін ШАМШАДИН

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: