Бейсенбі, 25 сәуiр, 18:49

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№32 (2042)
23.04.2024
PDF мұрағаты

Байден Қытайды да «қыспаққа» алмақ

20.09.2022

450 0

АҚШ Украинада соғыс басталған тұста жақтастарымен Ресейге жаппай санкция жа­риялаған еді. Енді Қытай Тайваньға қысым көрсете бастағанда Байден Пекинге де бірқатар шектеу енгізуді қолға алды. Бұл саяси-экономикалық текетірес туралы «The New York Times» басылымының тілшісі Дэвид Сэнгер «Байден Қытайдың АҚШ-тағы технологиялық инвестициясына тосқауыл қою туралы жаңа бұйрық шығарды» атты мақаласында жазды.

«Президент Байден бейсенбіде федералды үкі­меттің Қытайдың Америка Құрама Штаттарындағы технологиялық инвестициясына тосқауыл қою және азаматтардың жеке деректеріне қол жеткізуді шектеу жөніндегі өкілеттіктерін күшейту туралы бұйрыққа қол қояды», − деп АҚШ-тың әкімшілік шенеуніктері хабарлаған еді.

Жаңа бұйрық жарты ғасырға жуық уақыт бұрын Конгресс құрған АҚШ-тағы шетелдік инвестициялар жөніндегі құпия комитеттің әрекетін қауіпсіздендіруге арналған. Көптеген жыл бойы комитеттің өкілеттігі негізінен әскери мердігер сияқты ұлттық қауіпсіздікке тікелей әсер етуі мүмкін американдық фирмаларды шетелдіктердің сатып алуына тосқауыл қоюмен ғана шектелген.

Бірақ жаңа бұйрық «CFIUS» аббревиатурасы­мен белгілі комитетті шетелдік державаларға негізгі технологияларға қол жеткізуге мүмкіндік беретін транзакциялардың нақты түрлеріне қатаң назар аударуға бағытталған. Байденнің сөзінше, бұл Американың экономикалық деңгейін көтеруге септігін тигізбек.

Ақ үйдің қысқаша хабарлауына сәйкес, комитет «микроэлектроника, жасанды интеллект, биотехнология және биосимуляция, кванттық есептеулер, озық технологиялар және климаттың өзгеруіне бейімделу технологияларына» әсер етуі мүмкін істерді қарамақ. Бұйрықта Қытай туралы арнайы айтылмағанымен, мұның барлығы жеті жыл бұрын Си Цзиньпин төрағасымен басталған «Қытайда жасалған 2025» бағдарламасының негізгі бағыттары туралы айтылған.

Байденнің бұл бұйрығын американдықтар бірнеше ай бойы күткені рас. Бірақ бұл бұйрық американдық компаниялардың шет елдердегі «шығыс инвестицияларын» реттемейді, дегенмен Байден әкімшілігі мұны да реттейтін жаңа билік органдарын енгізетін секілді.

Британдық құпия барлау қызметінің операциялар және барлау жөніндегі экс-директоры Найджел Инкстер апта басында Қытай барлау қызметкерлері туралы пікір білдірді. Өз сөзінде ол технология немесе өндіріс технологиясындағы құпияларды анықтау Бейжіңнің алға жылжуына септігін тигізетінін айтып, «Қытай үшін бұл барлау жұмыстары аса маңызды» деп жазды. Оның сөзінше, Қытайдың барлау туралы заңында Қытай азаматтарына барлау агенттіктеріне жасырын түрде көмектесуі талап етіледі.

Байденнің жаңа жарлығы бірнеше жылдан бері қызмет етіп келе жатқан комитеттің мүмкіндігін кеңейтіп, жаңа деңгейге шығарады. Соңғы жылдары комитеттің қызметі әлдеқайда артқан. Бүгінде олар тіпті ең аз сомадағы инвестицияларды бақылап, қажет жағдайда бұғаттауға құқылы. Көбіне Калифорниядағы заманауи технология саласында қызмет ететін өндіріс орындарына шоғырланған «Силикон алқабына» құйылған қытайлық инвестиция қатаң бақылауда. Себебі Қытай инвестиция арқылы акцияның көп бөлігін сатып алмай-ақ жаңа технологияларды білуге мүмкіндік алған.

Ақ үйдің мәлімдемесіне сәйкес, жаңа жарлық технологияның көлеміне емес, өзіне тән сипат­тамаларына байланысты бақылау орнатуға мүмкіндік береді. Әсіресе «Ұлттық қауіпсіздікке нұқсан келтіруі мүмкін технологиялардың жетістіктері мен қолданбалары» бақылауда болмақ.

Түпнұсқадан аударып, шолу жасаған

А.ЖАЙҚОНЫСҰЛЫ

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: