Жексенбі, 22 желтоқсан, 10:35

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№100 (2110)
21.12.2024
PDF мұрағаты

Демократия «толқыны»

09.01.2021

1278 0

АҚШ-тағы сайлауда Джо Байден үстем түсіп, 2021 жылдың 20 қаңтарында ресми билікті қолына алуы тиіс еді. Жақында президент инаугурациясының жоспары да әзірленіп, салтанатты шараға дайындық күшейтілген. Тіпті, қазақстандықтар Байденді «таққа отырғызу» салтанатына әнші Димаш Құдайберген қатысады екен деп бөркін аспанға атқан болатын. Алайда қуанышқа күмән араласты. Себебі 7 қаңтар күні Трамптың жақтастары Вашингтонда Капитолийдегі қоршауды бұзып, сенат залына баса-көктеп кірді. Құқық қорғау органдары ереуілшілерге көзден жас ағызатын газ, түрлі-түсті граната қолданып, тоқтатуға тырысқанымен еш нәтиже бермеді. Бірнеше сағатқа созылған ереуілде 68-ге жуық азамат ұсталып, адам өлімі тіркелген.

Әлемдік ақпараттық агенттіктер мен теле-арналар қайғылы оқиға туралы нақты ақпарат шеңберінде тәулік бойы хабар таратуға тырысуда. Осы орайда «The Wall Street Journal» басылымы да бейсенбілік нөмірге Сади Гурман мен Эндрю Дюреннің «Полиция Капитолийдегі шабуылға дайын болмады» атты мақаласын жариялады. Мақала қарсы топтың неліктен мұндай қадамға барғаны, АҚШ үкіметінің ендігі жоспары қалай болмақ деген сауалдарға жауап іздеуге тырысқан.

«Трамптың жақтастары дауыс санағына тек қар­сылық көрсетумен шектелмей, күш қолдануға дейін барды. Мыңдаған ереуілші Капитолий жанындағы поли­цейлерге қарсылық көрсетіп, олар ғимарат шаты­рында қорғануға мәжбүр болды. Себебі негізгі күш Конгресс мүшелерін жақын маңдағы Форт Макнейрдегі әскери базаға жеткізумен айналысқан. Бір өкініштісі, қарсылық кезінде полиция атқан оқтан бір әйел адам көп ұзамай қаза тапты.

Билік аталған ереуілді тарқатуды осы аптаға жос­парлап, аз күш пен үгіт арқылы қақтығыстың алдын алуға ниет білдірді. Бұған дейін қорғаныс министрлігінің өкілдері Ұлттық гвардияның 350 әскері Вашингтонды қорғауға жеткілікті деп санаған еді. Олар қарсылық шарасында, ары кетсе, жолдарды бөгеу, азаматтарды тарқату әрекеті ғана жеткілікті болады деп шамалаған. Көріп тұрғанымыздай, мамандар болжамы қисынсыз өрілген. ФБР-дің бұрынғы қызметкері Дэвид Гоместің пікірінше, Капитолий полициясы мұндай ауқымды қарсылыққа дайын болмаған. Оның үстіне, көптеген ай­мақтың құқық қорғау органдары оқиға кезінде Трампқа қарсы келе алмай немесе жаппай тәртіпсіздікті басу тәжірибесінің аздығынан жағдайды дер кезінде қолға алмады. Бұл – үлкен сын».

АҚШ-та демократтар мен республикашылдар алауыз­дығы бұрыннан бар-тұғын. Бірақ Конгрессті күшпен басып алу әрекеті осы мәселенің түбегейлі жаңа сипатқа енуіне әкеліп соқты. Бұған басты себепкер, әрине – Трамп. Ол жақтастары алдындағы мәлімдемеде билікті «күшпен болсын, бейбіт жолмен болсын жанын сала қорғайтынын» жеткізіп, сайлау дауысын мойын­дамағанын білдірген. Сондықтан, бүгінгі қайғылы жағдай – Трамптың ереуілшілердің қолтығына су бүріккен әрекетінің жемісі.

Сонымен қатар авторлар мақалада лауазымды шенеу­нік пен жауапты басшылардың пікірлерін де топтастыра білген. Әсіресе, айтарлықтай салмаққа ие вице-президент Майк Пенс, министрлер мәлімдесі істің келесі фазасын айғақтаған еді.

«Оқиғадан кейін ел көлемінде қауіпсіздік күшеюде. Бейсенбіде Нью-Йорк губернаторы Эндрю Куомо қалаға мыңнан астам Ұлттық гвардия әскері кіргенін айтса, Нью-Джерси штатындағы полицейлер Вашингтон қаласына көмекке келген.

Ал билік өкілдері әрекетті әртүрлі қабылдады. Алайда басым бөлігі ел тұтастығына қатер төндірген тәртіпсіздікті сынға алған. Мәселен, бас прокурор Джеффри Розен оқиғаға «Фундаментальды демократия институтына жасалған озбырлық» деп баға берсе, бұрынғы сенат мүшесі Дональд Ричи «бұл нағыз американ­дықтардың қарсылық бейнесі емес» деп бағалады. Ал, Майк Пенс: «Кінәлілер міндетті түрде заң шеңберінде жазасын алады» деді. Ал Білім министрі Бетси Девос бейсенбіде президентке (Дональд Трамп әлі ресми түрде АҚШ президенті лауазымында –ауд.) арыз-хатын жазып, қызметінен өз еркімен кеткенін мәлімдеді. Министр хатында: «Сіздің әкімшілік жеткен жетістік пен нәтиже американдықтардың арқасы екенін естен шығармауыңыз керек. Сол үшін тәртіпсіздікті тоқтатып, ереуілшілер тудырған күш көрсетуді тежеу маңызды. Бұл – бізге жат амал. Сөзсіз, аталған оқиғаға сіздің мәлімдемеңіз бен үндеуіңіз тікелей әсер етті. Маған да үлкен соққы болды. Себебі, билікті бейбіт түрде ауыстыру Америка демократиясын банан елдерінен (саяси ұғым – ауд.) ерекшелейтін қасиет еді» деген. Сондай-ақ, Көлік қатынасы министрі Элейн.

Чао да өз еркімен орындығын босатты. Айта кетерлігі, оқиғадан кейін тәулік бойы Трамптың Twitter желісіндегі ресми парақшасы бұғатталған.

Д.Трамп демекші, президент қақтығыстан кейін арнайы мәлімдеме жасады. Ол: «Дәл осы сәт шыдам мен үндестікті қажет етеді. Капитолийге баса-көктеп кірген ереуілшілер Американың демократия тағын төңкерді. Үйлеріңізге оралыңыздар. Мен сіздерді жақсы көремін» деді. Саяси сарапшылар болар іс болғасын Трамптың «шегінуі» еш нәтиже бермейді деген пікірде. Ең қорқыныштысы, сенім мен ынтымаққа сына қаққан оқиға қарапайым халықтың онсыз да үзілерге жеткен ішкі сабырын сарқуы мүмкін деген болжам айтылуда.

Не де болса, АҚШ тарихындағы ауқымды билікті узурпациялау, яғни күшпен мойындату әдісі қолда­нылды. Бұл шындықты ешкім жоққа шығара алмайды. Істің басы-қасында жүрген Трамптың ендігі шегінерге жолы, ақталарға себебі қабылданбасы белгілі. Мұны оның мінезі мен ұстанымын бұрыннан білетін саясат­керлер де кесіп айтты.

Шынында, мүмкін, басқаша комбинацияны таңда­ғанда Трамптың жолы болып, ереуілді ел шарасыздығына жатқызуға болар ма еді, кім білсін. Бірақ, адам шығыны мен күш көрсету, оның билікті ұстап қалу ықтималдығын нөлге түсіріп, өзі айтқандай, демократия тағын төңкерді.

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: