Жұма, 04 қазан, 07:04

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№78-2088
01.10.2024
PDF мұрағаты

Қаруға қатысты заң күшеймек

27.03.2021

1364 0

Дүйсенбіде америкалық құқық қорғау органдары Колорадо штатындағы Боулдерда белгісіз қылмыскер оқ атып, 10 адамды өлтіргенін хабарлады. Куәгерлердің айтуынша, оқиға орнына жедел жеткен полиция жасағы террористің қолына кісен тағып, алып кеткен. Күндізгі 14 сағат 30 минутта болған террористік актте қайтыс болған адамдардың ішінде полиция офицері 51 жасар Эрик Талли болған. Боулдерингтағы атысқа байланысты штатта қаруды сақтау туралы заңды күшейту ұсынылуда. Аталған мәселенің тінін тарқату мақсатында The Wall Street Journal тілшілері Дэн Фрош пен Зуша Элионсон «Боулдерингтағы атыс Колорадо штатында қару сақтауды бақылауға әкеп соқтырды» атты мақала жариялады.

Тілшілер Колорадо заңгерлері қаруды сақтау мен пайдалану туралы шектеуді қатаңдатуды сұрап жатқанын мәлімдейді. Атал­ған мәселеге байланысты штат сенаторы, Боулдер демократы Стив Фенберг заң шығарушы органдар оқиғадан кейін атыс қаруын бақылаудың жаңа шектеулерін талқылап жатқанын мә­лім­­деген. «Колорадо қарулы қақтығыстардың алдын алу заң­дары тұрғысында алдыңғы қатарда болатын. Ол заң жүйесі био­­графиялық тексеруден өткен, «Қызыл жалау» шектеуі де қа­рас­­тырылған. Бірақ бізде әлі де шешілуі керек мәселелер бар», – дейді С.Фенберг тілшілерге берген сұхбатында. Сенатор ол мәсе­лелердің ішінде тұрғындардың өз қауіпсіздігі үшін қаруды қол­дану, атыс қаруын сатып алу шарттары бар екенін мәлімдеді.

«Қызыл жалау» заңы қаруы бар адам қауіп төндіруі мүм­кін деген жағдайда полицияға немесе отбасы мүшелеріне одан уақытша қаруды тартып алуға мүмкіндік береді. Бұл заң Ко­лорадода  өткен жылы күшіне енген еді. Тілшілер биыл заң шы­ғару­шы орган «қаруы қолды болған жағдайда және оны қауіпсіз жерге сақтау» туралы заңды талқылағанын жазады. Мақала автор­лары оқиғадан кейін тиісті орган аталған заңды шығарады және губернатор Джаред Полис мақұлдайды деп тұжырым жасауда.

Сондай-ақ Д.Фрош пен З.Элионсон қару-жарақ құқығын қорғаушы топтар жаңа заңнамаларды сынға алғанын да тілге тиек еткен. «Соңғы 10 жылда Колорадо штатының заң шығарушы органдары түрлі шара қабылдады. Алайда олардың атқарған істе­рінің біреуі де адам өлтіруші жауыздарды ауыздықтай алмады» дейді Rocky Mountain Gun Owners директоры Тейлор Роудс.

Боулдердағы атысты ұйымдастырған Ахмад Аль Аливи Алисса қазіргі кезде қамауға алынып, 10 бап бойынша айып­талуда. Полицияның мәліметінше, террорист АR-15 мылтығының кішірейтілген АR пистолетін қолданған. Негізі 2018 жылы Боулдерде мұндай қару түріне тыйым салынған. Алайда осы айдың басында қала соты «жергілікті атқарушы орган ондай қаруды сатуға тыйым сала алмайды» деп заңның күшін жойған. Алайда атысты ұйымдастырушы «қаруды Боулдер қаласынан емес, басқа жерден сатып алғандықтан заң бұзған болып саналады» дейді тергеушілер.

Мақала соңында журналистер Колорадо көптеген қақтығыс орын алған штатқа айналғанын жазып, 1999 жылғы Колумбэйн орта мектебі мен 2012 жылы Аврора кинотеатрындағы оқиғаларды еске салды.

Түпнұсқадан аударып, шолу жасаған

Аслан НҰРАЗҒАЛИ

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: