Жексенбі, 22 желтоқсан, 11:17

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№100 (2110)
21.12.2024
PDF мұрағаты

Германиядағы сайлау: Жеңіске кім жетеді?

25.09.2021

1264 0

26 қыркүйекте Германияда билікке келетін мемлекет басшысын сайлау өтеді. Қазіргі кезде өз бағын сынаған барлық кандидат үгіт-насихат жұмыстарын жүргізіп, өзара дебаттарды ұйымдастырды. Алдын ала дерек бойынша, сайлауда аса белсенділік пен халық қалауына ие 3 көшбасшы бар. Алайда кімнің жеңіске жететіні әлі күнге дейін белгісіз. Себебі Германияда жоғары билік тікелей халық таңдауы арқылы емес, федералды парламент – Бундестаг арқылы таңдалады.

Германияда сайлау алдындағы қауырт жұмыстар жүргізіліп, күллі әлем жұртшылығы жаңа басшыны асыға күтуде. Осы орайда CNN арнасының тілшісі Роб Пичеты Германиядағы сайлау туралы «Меркельден кейінгі өмір қандай болмақ? Немістер тартысты сайлауда шешім қабылдауға дайын» тақырыбында сараптамалық мақала дайындады.

Мақалада жазылғандай, осы жексенбіде германиялықтар сайлау учаскесіне барып, өз таңдауларын жасайды. Бір қызығы екі он жылдықтан кейін кандидаттар қатарында Германия халқына жақын таныс адам, Ангела Меркель болмайды. Негізінен 2005 жылы Канцлер қызметіне кіріскен Меркель Еуропада «тұрақтылық» нышанына айналған еді. Саяси алыпқа айналған химик популизм, қаржылық дағдарыс пен пандемияны өткерсе де, әлемдегі ең табысты әйел-көшбасшы орнын сақтап қала алды.

Дегенмен 67 жастағы Ангела Меркельдің дәуірі сайлаудан кейін бітіп, отставкаға кетеді. Осылайша елді басқару қызметіне жаңа тұлға келеді. Бірақ сайлау жақын болғанымен, нақты кімнің жеңіске жететінін болжау мүмкін болмай тұр.

«Chatham House» халықаралық сараптамалық орталығының Германия елін бақылайтын зерттеушісі Пепин Бергсеннің айтуынша, 2013 және 2017 жылдардағы сайлауда таңдауға қарағанда биылғы сайлаудан кейін неміс саясатында айтарлықтай өзгеріс болуы мүмкін. «Меркельдің ізін басуға тартыс әлі де қарқынды жалғасып келеді. Сайлаудан кейін де жаңа басшыны анықтау үшін 2-3 күн керек болады», дейді ол. Одан бөлек, зерттеуші немістер өз таңдауын қалай жасаса да жаңа басшы ел ішінде және әлемдік деңгейде бірнеше проблемаға тап болады деп болжайды.

Негізінен Меркель бұл сайлауға қатыспайтынын 2018 жылы ауданаралық сайлауда туындаған проблемадан кейін айтқан еді. Ол өз мансабында Ұлыбританияның 5 министрімен, Францияның 4 президентімен, Италияның 7 премьер министрі мен Американың 4 бас қолбасшысымен жұмыс істеді. Бірақ Меркель басқарған тұста елде бірнеше жағымды өзгеріс болып, Германия әлемдік аренада біраз абырой жинағанын ешкім жоққа шығара қоймас.

«Мұның барлығы Меркельдің тұлғалық қасиетіне оң септігін тигізді. Германия соңғы 15 жылда экономикалық тұрғыдан жақсы жетістіктерге жетті. Қаржылық дағдарыс кезінде де жоғары дәрежені сақтап қала алды. Дегенмен бұл ұзақ уақытқа созылмайтыны көпке белгілі», – деді Бергсен арнаға берген сұхбатында.

2010 жылғы босқындар дағдарысы мен Қытаймен тығыз қарым-қатынас орнатуы Меркельдің мансабына кері әсер етті. Алайда пандемияны өзге еуропалық елдермен салыстырғанда әлдеқайда оңай өткергеннен кейін Меркель көптеген германиялыққа оң пікір қалдырады деп болжайды тілші. Бұған Берлиндегі Халықаралық стратегиялық зерттеулер институтының еуропалық кеңсесінің өкілі Бен Шреердың «Германияда Меркельге деген оң көзқарас бар. Себебі олар оны тұрақтылық нышаны деп қабылдайды, қандай іс жасайтынын біледі», – деген сөзі дәлел.

Қазіргі кезде Германия саясатында алдыңғы шепте тұрған екі партия бар. Олар соңғы сегіз жыл бойы коалицияда бірге билік жүргізген христианды-демократиялық партия мен социал-демократиялық партия. Алайда бұл сайлауда «Жасылдар» партиясы да бәсекелестік танытуға қауқарлы.

Христиан-демократиялық партиядан Меркельдің ізбасары болып 60 жастағы Армин Лашет тағайындалды. Ол – партия төрағасының орынбасары және Меркельдің ұзақ жылдық әріптесі. Бірақ оның кандидат болуы да оңайлықпен жүзеге асқан жоқ. Құқық және журналистика саласында білім алған лашет Бундестагқа 1994 жылы тағайындалған.

Меркель өз сөзінде Лашетті қолдайтынын және барлық Германия халқын оған дауыс беруге шақырғанымен, сайлауалды сауалнаманың қорытындысы бойынша оған дауыс берушілер саны аз.

Ал Лашеттің басты қарсыласы социал-демократиялық партия атынан сайлауға түсетін Олаф Шольц деп танылды. Лашет те бірнеше жыл бойы германиялық билікте белсенді қызмет етті. Оның қаржы министрі және 2018 жылы Меркельдің вице-канцлері міндетін атқарғаны жаңа канцлер болуға деген мүмкіндігін арттырып отыр.

Шольц халық арасында пандемия кезінде экономикаға жауапты болған уақытта аса танымалдылыққа ие болып, бұл оның теледебатта сенімді болуына септігін тигізді. Дегенмен билікке дәл осы екі кандидаттың бірі келеді деп болжау мүмкін емес. Себебі таңдаушылар ішінде әлі өз шешімін қабылдамағандар үлесі аз емес.

Ал «Жасылдар» партиясының көшбасшысы Анналена Бербок сауалнама жүргізу барысында көп дауыс жинап, Германия саясатында сенсация жасап, «жасылдардан» шыққан алғашқы канцлер атануға деген мүмкіндігін арттырды.

40 жастағы кәсіби спортшы Бербоктың халық қалауына айналуына соңғы уақытта Германия басты проблемасына айналған экологиялық мәселелерді шешу туралы мәлімдемелері сеп болып, сол арқылы ол сайлаудағы бәсекелестік таныта алатын үшінші кандидат атанды.

Германиядағы Бундестагқа сайлау пропорционалды жүйе бойынша өтеді, яғни әр партияның дауысы олардың парламентте қанша орын алатынына тікелей байланысты. Бұл принцип партияға Үкіметті жалғыз басқаруға мүмкіндік бермейді. Оның орнына дауыс беруден кейін коалициялар құрылады. Әдетте коалиция екі топтан тұрады.

Көптеген адам қазірдің өзінде дауыс беріп үлгерді. Олар пандемияға байланысты сайлау күніне дейін пошталық дауыс беру арқылы өз таңдауын жасады.

Таңдауды қалай жасайтынына қарамастан, халықтан жергілікті депутатты, сондай-ақ өздері ұнататын партияны сайлау сұралды. Нәтиже шыққаннан кейін, сайлау елде билік ету үшін жеткілікті деп танылған қызметтік орын санын тағайындайды, яғни шағын партиялар да билеуші бола алады. «Жексенбіде қағаз жүзінде жеңіске жеткендерді анықтағанмен, нақты кім билікке келетінін айту мүмкін емес. Біз тіпті қарашаға дейін жаңа канцлердің кім екенін білмеуіміз мүмкін», – дейді Бен Шреер.

Тілші мақаланы жазу барысында сайлау кезінде қандай проблемалар туындауы мүмкін екенін де қарастырған. Ең бірінші қиындық кандидаттарға қатысты. Халық Меркельден кейінгі билікке алаңдаушылық білдіріп отырғандықтан, олар өз мақсаттарын айқындай алмай отыр. Ұлттық дебатта көтерілген басты мәселе – климаттың өзгеруі, әсіресе шілде айындағы топан су басу оқиғалары. Осы орайда әр партия өзінің экологияны жақсартуға деген мақсат-міндеттерін алға тартқан еді.

Мәселен, «Жасылдар» партиясы 2030 жылға қарай парниктік газ шығарындысын 1990 жылмен салыстырғанда 70 процентке төмендетуді көздейтінін айтты. Ал сыртқы қарым-қатынасқа және Еуроодаққа қатысты істерді оңтайлы атқару туралы мәселені социал-демократиялық партия мойнына алғанымен, Шольц көбіне ішкі жүйені, ең төменгі айлық мөлшері зейнетақы реформаларына көбірек тоқталған.

Роб Пичеты мақаласында сондай-ақ «Германия Меркельден кейін әлемдік аренада бас көрсете ала ма?» деген сұраққа жауап іздеуге тырысқан. Оның пайымдауынша, соңғы сауалнамалардың нәтижесі Меркельдің Еуропада көшбасшы екені дәлелдеген және келесі басшы бұл деңгейге жете алатынына күмән бар. «Германия сыртқы саясатта бірнеше мәселеге тап болады және жаңа Үкімет оны өз мойнына алуы тиіс. Ал Меркельдің орнын кім басады және ол бұл міндеттерді атқара ала ма? Басты сұрақ осы болып тұр. Бұл сұраққа одақтастар да, германиялықтар да күдікпен қарап отырғаны жасырын емес», – дейді Шреер.

Бұл орайда Меркельдің басты рөлі еуропалық бірлікті сақтап қалу мен Еуроодақтағы бірлік пен ішкі проблеманы жасырып қалу және үнсіз шешу еді. «Макрон Меркельдің әлемдік аренадағы орнын басып озуға тырысады. Германия позициясы өзгермейтін шығар, бірақ бірнеше биліктен тұратын коалиция кесірінен Германия әлемдік аренада біраз төмендеуі мүмкін», – деп болжайды Бергсен.

Одан бөлек, жаңа басшыға Меркель тығыз қарым-қатынаста болған АҚШ пен Қытай елімен байланысты теңестіру қажет болады. Одан бөлек, Ұлыбританиямен жақындасу да басты міндет болып қала береді. «Ұлыбритания стратегиялық жоспарда басты серіктес болып қала береді. Себебі Германия олардан алыстаса еуропалықтарды шеттеткен болып саналады. Германия – әлемдік аренада сөзсіз көшбасшы мемлекет. Ендігі сұрақ жаңа биліктің бұл деңгейді сақтап қала алатынында болып тұр», – дейді Шреер.

Бір жүйеге үйренген германиялықтар үшін бұл сайлау үлкен жауапкершілік артып, жаңа бастаманың себепшісі болып тұр. Алдағы уақытта Германияның қандай ел болатыны және нені мақсат тұтатыны айқын болады. Ал әзірге тек немістер ғана емес, күллі әлем жұртшылығына сайлауда кім женетіні және ол қандай ұстамда болатыны қызығырақ болып тұр…

Түпнұсқадан аударып, шолу жасаған

Аслан НҰРАЗҒАЛИ

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: