Сейсенбі, 26 қараша, 10:11

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№93 – 2103
23.11.2024
PDF мұрағаты

Иранның жаңа кезеңі

14.08.2021

799 0

АҚШ-пен ядролық қару дауы өршіген екі ел бар болса, бірі – Иран Ислам Республикасы. Қанша жылдық кикілжіңнің салдары айтпаса да түсінікті. Қашан көрсең, бір-бірін кінәлап жатқан тарап, «сен бастадың да, сен қоштадың» деген өнбес дау. Тіпті Тегеранда АҚШ-тың қысымы күшейсе, қарсыластың туын өртеп, қарғыс айту қалыпты жағдайға айналған. Жабайылық па, дарақылық па, ол басқа әңгіме. Бірақ екеуара жанжал күшейген сайын әлем соғыс өрті тұтана ма деп алаңдап отырады. Соңғы рет АҚШ Иранның әскербасы Қасым Сүлейманиді әуе соққысы арқылы өлтіргенде де ғалам демін ішіне тартып, ақырын күткен. Алайда тағы да сол баяғы тәсілмен тынды, қарсы митинг, өртелген ту, айтылған қарғыс… Құдайшылық үшін айтайық, осы саяси текетірес салдарынан ортада зардап шеккен тек Иранның бейбіт халқы. Жанжалдан америкалықтарға зәредей зиян келмеді. Ал санкцияның салдарынан ирандықтардың әлеуметтік жағдайы оңбай, кедейлік деңгейі көтерілуде. Тіпті оларға өзге елге виза алу да қиынның-қиыны. Осылайша қалайын десе, қауқар жоқ, кетейін десе, кедергі көп тұрғындар тұманды күн кешіп келеді.

Міне, осындай күрделі кезеңде Иран билігіне жаңа басшы келді. Ол – Ибрахим Раиси. Әсіреконсервативті көзқарасымен танылған мемлекет және дін көсемінің сыртқы саясаттағы ендігі ұстанымы белгісіз. Президенттің ант беру кешіне талдау жасап, хабар таратқан ақпараттық агенттіктердің басты мақсаты да осы жайдан хабар алу еді. «CNN» арнасының тілшісі Фредерик Плитгеннің «Ант қабылдау» атты бағдарламасы аталған сауалға аз да болса жауап берген сыңайлы.

«Бейсенбіде Ибрахим Раиси Иранның кезекті президенті лауазымына кірісті. Жаңа басшының билігі тұсында мемлекеттің сыртқы-ішкі шешімдері анағұрлым қатал, нақты қадамдарға толы болуы ықтимал. Басшының мойнында АҚШ-пен ядролық келісімді қалыпқа келтіру міндеті тұр. Су жолдарындағы қауіпсіздік, экономикалық тұрақтылық, ішкі тәртіп те кезек күттірмеуде. Ол ант беру сәтінің өзінде негізгі көзқарасын айқындады: «Мен ресми дін мен ұлт конституцияны қорғауға және Ислам Республикасын нығайтуға ант етемін» деді президент. Сондай-ақ АҚШ-тың бұрынғы басшысы Дональд Трамптың бұйрығымен өлтірілген Қасым Сүлейманиге ерекше құрмет көрсетілді. Шараға Ауғанстан президенті Ашраф Ғани, Ирак президенті Бархам Салех, ЕО бас хатшысының сыртқы істер бойынша орынбасары Энрике Мора, ХАМАС-тың көшбасшысы Исмаил Хания және Ливан, Кувейт, Катар елдерінен ресми өкілдер қатысқан.

Әйтсе де, ант қабылдау шарасынан соң Раиси АҚШ-ты санкцияны алуға шақырып, «арақатынасты жақсартуға бағытталған кез келген дипломатиялық жоспарға қолдау білдіретінін» жеткізді. Сондай-ақ Иран ядролық бағдарламаны тек энергия алуға, яғни азаматтық мақсатта пайдаланатынын тілге тиек етті», – деді тілші материалында.

Байқағанымыз, сыртқы саясатқа байланысты Иранның ендігі ұстанымы басқаша болатындай. Бұрынғы басшылар Иран ядролық бағдарламаны қандай мақсатта жүргізсе де өзі біледіге салып, қарсыласып бағатын. Жаңа басшы жаңа сүрлеу салып, екі тараптың арасын сәл де болса жақындатуға бел шешкен секілді. Олай етпеске экономикалық жағдай мұрша бермеуде. Ибрахим Раиси экономиканы аяққа тұрғызу үшін шетел, әсіресе батыс мемлекеттерінен инвестиция тартып, компанияларды елге келуге үгіттейтінін айтты. Бірақ бұл Иран билігі бардың уысында кетеді дегенді білдірмейді. Президент жиын соңындағы мәлімдемеде ұзақ жыл бойы насихатталған «экономикалық текетірес» концепциясын ұстанатынын жасырмады. Тіпті мемлекеттің сыртқы күш пен санкцияға тәуелді болмауын қадағалап, отандық өндірісті дамытуға пейілді екенін айтты. «Біз міндетті түрде орынсыз санкциядан арылуға жұмыс істейміз. Халықтың өмірін тәуекелге байлап, барлық шешімді шетелге тәуелді қылуға қарсымын», – деді ол.

«Раисидің толыққанды экономика жасауға талпынған жоспарына қарамастан, Иранды санкциялардың алынуы ғана тығырықтан шығарары белгілі. Өйткені жаңа әкімшілік алдында кенжелеген экономика, осал валюта, ұлғайған жұмыссыздық деңгейі секілді кедергілер тұр.

Соған қарамастан Раисидың әрекеті түсініксіз. Иран АҚШ-пен баллистикалық зымыран бағдарламасы, Таяу Шығысқа қатысты келіссөзге отыруға әлі де қарсы. Тіпті Тегеран тікелей келіссөз туралы сөз қозғаудың өзі артық дейді. Баспасөз конференциясы кезінде жаңа басшы «Билік құрған уақытыңызда президент Байденмен келіссөз жүргізесіз бе?» деген сауалға «Жоқ!» деп келте қайырды».

Түпнұсқадан аударып, шолу жасаған

Ерсін ШАМШАДИН

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: