Жұма, 03 мамыр, 06:10

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№34 — 2044
30.04.2024
PDF мұрағаты

Ишугуро кереметі

22.08.2023

204 0

Жапондардың адамзат ақыл-өй өрісіне қосқан үлесі көп-ақ. Әйтсе де ол өнеркәсіптік ауқым не брендтік үлеспен емес, интеллектуалды өнім, робот саласымен бағаланады. Сондықтан болар, жапонның ерекше роботтарын зерделеу, олардың таным деңгейін сара­лау әлем назарынан тыс қалған емес. Сондықтан, бүгінгі сөз «Күншығыс елінің» робот сала­сына арналмақ.

2009 жылы Жапонияның Осака қаласындағы универси­теттің профессоры әрі робот конструкторы Хироши Ишигуро ерекше жаңалық ойлап тапты. Ол өзінің сыңар-роботымен ға­лымдардың таңданысын тудырып, саладағы тағы бір қадамның жасалғанын аңғартты. Қызығы сол, андроид бүкіл келбетімен авторы, яғни құрастырушысынан айнымайды. Оған қоса адамға тән эмоциялық әрекеттерді қай­талап, бет-әлпеттегі өзгеріске дейін айнытпай салуға қауқарлы. Мұндай теңдессіз жаңалықты ғалым кең таратуға күш салып, халықаралық жиындарда роботын ертіп жүрді. Лекция оқыған шақта да робот егесінің сөзі мен ісін қайталап отыратын.

Сол тұста робот әлеміндегі жаңалық осымен түгесілетіндей көрінген еді. Алайда тұрақтылық­ты ұнатпайтын Ишугуро 2010 жылы егізінің дамыған түрі Geminoid F-ты құрастырды. Ғылымды шоу элементімен де дамытуға болатынын түсінген ол Осака қаласында Geminoid F-ты та­ныстырар шақта прототипімен бірдей киініп шыққан. Эмоциялық диапазон да ұлғайыпты. Жаңа робот жұрт секілді күліп, ренжіп, ишара да көрсетуге мүмкіндік алған. 

Расында, Kokoro компания­сымен бірге жұмыс атқарған Ишугуроның бұл жұмысы ал­дыңғы клонынан да керемет, шынайы болды. Бұл модельде 12 сервомотор қолданылса, алдыңғысында 50 сервомотор қолданылған. Алдыңғы модельде қосымша қорапша болса, Geminoid F барлық техникасы ішіне енгізілген кейпімен таңғал­дырады. Яғни Geminoid F-ты кеңсеңіздің алдына ұялмай қойып, келген қонақтарды күліп қарсы алуын әмір ете аласыз. Ол өзіне қойылған міндетті толық атқарып, сынақтан сүрінбей өткен. Кезек­ті сынақта дәрігерге келген науқастарды күліп қарсы алған бейнесі БАҚ-та тарағанын жақсы білеміз.

Тіпті кез келген салада қарапайым қызметкер міндетін мүлтіксіз орындайтын құлтемірдің құны бір-ақ сәтте өсті. Робот құрастырушы компания қара шашты сұлу робот ханымды он миллион иенге – шамамен 110 000 долларға жасап бере алатынын жеткізген еді. Көп өтпей, сұраныс та пайда болды. Даниядағы Ольборг университетінің про­фессоры Хенрик Шарф сыңары Geminoid DK атты роботты жасатуға 200 000 төлеген еді. Ғалым өзіне ұқсайтын роботқа маңызды конференцияларда лек­ция оқытпақ ниеті болған.

Үш робот та компьютерлік әдіспен өзінің егіз адамының іс-әрекетін қайталайды. Хироши Ишугуроның пайымынша, андроидтармен сөйлесу,  оларға тапсырма беру – өз-өзіңді тануға таптырмас қадам. Сондықтан мұндай қымбат та құнды құлтемірді иемдену жаңа хоб­биді табуға, фантастикалық кинодағыдай өмір стилін татуға бірден-бір әдіс екені сөзі.

Жалпы, роботтың негізгі қызметі адам жұмысын жеңілдету деп ұғатынымыз рас. Болашақта ауыр да қауіпті жұмыстың денін жасанды интеллект жүктелген роботтар жасайды деген болжам да бар. Хироши Ишигуроның робот құрастыру бағытындағы жетістігі осы арманды жа­қындатып, жаңа деңгейге шығуға септесері анық. Тек жаңа өнертабысты ізгі мақ­сатта жұмсау ісі ғана өзекті болмақ.

Е.ЯКУДАЕВ

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: