Дүйсенбі, 30 желтоқсан, 22:15

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№102 – 2112
28.12.2024
PDF мұрағаты

Майданнан тыс қырғын-қасап

10.04.2021

2769 0

Тәртіп пен нақты мақсат айқын болмаған сәтте әділдік жолындағы күрес пен қарадүрсін лаңкестіктің аражігін ажырату мүмкін болмай қалады. Бұлай деуге Эфиопия себеп. Бұдан бірнеше ай бұрын Тыграй аймағында «азаматтық соғыс» мәндес майдан басталып, үкімет пен жергілікті әскер арасында қақтығыс орнаған еді. Артынша халықаралық ұйымдар араша түсіп, нәтиже шықпан соң екі тараптың келісімге келер күнін тосуға көшкен. Алайда көп ұзамай шиеленіс ортасынан ғаламторды дүрліктірген жантүршігерлік бейнежазба тарады. Онда әскерилер қарусыз жасөспірімдерді аяусыз өлтіргені көрсетілген. Әлемдік БАҚ бейнежазбаны сол мезетте жариялап, ынты­мақтастық ұйымдарын шұғыл әрекет етуге шақырды.

Осы орайда «CNN» арнасы бейнежазбаны таратып ғана қоймай, соңғы технология, ресми ақпарат көмегі­мен оқиғаның өткен жері, құрбандардың аты-жөні, әскери­лердің қай тараптан екенін талдауға мүмкіндік алған. Өңірдегі «кезекті бассыздық» деп қарамай, толыққанды зерттеу жүргізіп, оқиғаға объективті пікір білдіруге талпынған Вифлеем Фелек, Элиза Макинтош, Джанлука Меццофиоре, Кэти Полглас және Нима Эльбагир секілді бір топ тілші көрерменнің оң бағасын алды. Себебі бұл сараптау бес айға созылған қантөгісте зардап шеккен мыңдаған адамның өмірін шынайы суреттей алған еді.

Хабардың атауы – «Екі оқ жеткілікті». Журналистер алдымен бейнежазбадан үзінді келтіріп, қантөгіс баянын индукция әдісімен тарқатқан.

«Давит наурыз айының басында Эфиопияның шығы­сында орналасқан Аксум қаласындадағы туысқанының үйінде Tigrai Media House (TMH) телеарнасын қарап отырған еді. Бір сәтте экраннан Давиттің туған жері Махибере Дегодағы жантүршігерлік кісі өлімі туралы ақпарат пен бейнеүзінді көрсетілді. Одан Эфиопия әскері тау жотасында бір топ қарусыз жас жігіттерді аяусыз қинап өлтіріп, тау басынан лақтырғанын аңғаруға болады. Тіпті бейнежазбада әскерилер оқ шығындамай өлтіру керегін айтып: «Екі оқ жеткілікті» деп тұтқындағы азаматтарды қорлап, келемеж еткен. Сол сәтте Давит бейнежазбадағы тұтқындар арасынан бауыры Алуланы көреді. Ол бауырының өлім аузында екенін сезген. Себебі Давиттің өзі де бұл қырғын-қасаптан аман құтылған санаулы жанның бірі-түғын. Эфиопия әскері оның ауылына басып кіргенде Давит жансауғалап қашуға тырысқан. Аяғына оқ тиіп, қансырап, қауіпті аймақтан құтылады».

Тілшілер оқиғаға талдаудың өзегін Давит пен Алула­ның өмірімен сабақтастырған. Телеарна тілшілері қауіпсіз­дік үшін Давиттің аты-жөнін өзгертіп, түрін жасыруға да мәжбүр болыпты. Сондай-ақ бейнежазбаны саралау үшін графикалық кескін, спутник түсірілім, куәгер сөзін ше­бер пайдалана білген. Тіпті, бейнедегі таудың қай аймақта екенін, оқиға орнын нақтылау үшін Amnesty International бір­лестігі тілшілерге жәрдемдесіп, спутниктік түсірілім мен бейнежазбаны салыстыру арқылы ортақ 3D нұсқа даярлайды. 

«Белгілі болғандай, елдегі соғыс тек азаматтық май­дан сипатымен шектелмейді. Себебі бірнеше аптада бұрын Эфиопияның адам құқықтары комиссиясы тергеу барысында көрші Эритерия мемлекетінің сарбаздары елдегі 100 бейбіт тұрғынды өлтіргенін дәлелдеген еді. Ал Medecins Sans Frontieres эфиопилық әскердің Тыграй аймағында автобусты тоқтатып, бірнеше адамды жазым еткенін айтуда. Осыған байланысты Эфиопияның премьер-министрі Абий Ахмед Али үкімет кінәлілерді жауапқа тартып, елдегі Эритерия әскерінің шекараға қайтуына бар күшін салатынын жеткізді. Алайда «Бейнежазбадағы сазбардар Эфиопияның әскері ме?» деген сауал жауапсыз қалды. Эфиопия билігі мен Тыграйдағы уақытша үкімет бейнежазбаға қатысты ресми ақпар беруден бас тартты. Сондықтан арна ұжымы бәрін өз күшімен анықтауға мәжбүр. Бейнедегі тау жоталары, өсімдік түрлері, географиляық ерекшелегі Google Earth арқылы анықталып, оқиғаның шынымен Махибере Дегода болғаны нақтыланды. Ал оқиғаға қатысқандарға келсек, әскерилер киген униформадан Эфиопия мемлекетінің туы мен «Эфиопия әскері» деген қара белгіні аңғаруға болады. Яғни оқиғаға тікелей Эфиопияның Ұлттық қорғаныс күші (ENDF) қатысқанын ешкім жоққа шығара алмайды. Ол аз болса, бейнежазбада әскерилер амхар тілінде (Эфиопияның мемлекеттік тілі –ауд.) сөйлеп тұр. Бұдан өзге сол оқиғада жақынынан айырылған 10 отбасы мүшелері айтылған деректерді нақтылағаны тағы бар. Сондықтан ел билігі бұл қатігездікке тікелей жауапты».

Хабар соңында аймақтағы қазіргі ахуал туралы мәлімет келтірілген. Бүгінде оқиға орны Махибере Дегоны үкімет әскері қатаң бақылауға алыпты. Тіпті ажал құшқан азаматтарды анықтау үшін туысқандары да өңірге бара алмауда. «CNN» арнасына бүркеншік есіммен сұхбат берген Давит те бауырын іздеуге кірісетінін айтып отыр. Ол әлі де болса бауырының тірі екеніне және өзге де тұтқындардың өлім сағатын тосып жатқанына сенімді.

Тілшілер сөз соңын Давиттің жүрек тебірентетін пікірімен түйіндеді: «Мен бауырым тірі қалды деп үміттенемін. Оның әлі де болса қайта оралатынына сенемін. Маған қаншалықты ауыр болса да шындыққа көз жеткізгім келеді».

Түпнұсқадан аударып, шолу жасаған Ерсін ШАМШАДИН

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: