Орталық Азия дәл қазір әлем көз тіккен аймаққа айналды. Себебі бір жағында аюдай ақырған Ресей, екінші жағында айдаһардай от шашқан Қытай, одан қалды соғыстан көз ашпаған Ауғанстан тұр. Орталық Азияға үстемдік ететін алпауыт ел табылса, сол аюдай ақырған Ресейге де айдаһардай от шашқан Қытайға да, соғыстан көз ашпаған Ауғанстанға да ішкі және сыртқы саясатта әсер ете алады деген түсініктің барын жасырып қайтеміз. Біз сөз еткен территориялық аймақта Қытай мен Ресейдің онсыз да күш алып келе жатқанын көпшілік жақсы біледі. Енді бұл қатарға алыстағы
АҚШ та қосылмақшы.
Иә, АҚШ-тың ниеті солай. Үстемдік етпесе де белсенділігін арттырғысы келетіні анық. Бұған Америка құрама штаттарының қаржы орталығы саналатын Нью-Йорк қаласында өткен Орталық Азия мен АҚШ мемлекеттері басшыларының саммитін дәлел етуге болады. Саммитке АҚШ Президенті Джозеф Байден, Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев, Қырғызстан Президенті Садыр Жапаров, Тәжікстан Президенті Эмомали Рахмон, Түрікменстан Президенті Сердар Бердімұхамедов, Өзбекстан Президенті Шавкат Мирзиёев қатысты. Ақпаратымыз шынайы болуы үшін АҚШ-тағы саммит туралы деректерді Қазақстан Президентінің ресми сайтынан алып отырмыз.
Дәл осы жиында С5+1 серіктестігі арқылы экономика, энергетика және қауіпсіздік салаларында Орталық Азияның егемендігін, орнықты дамуын және өркендеуін одан әрі нығайту үшін бірлесіп жұмыс істеу мәселесі талқыланды.
«Ақмешіт апталығы» газетінің журналистері ағылшынтілді басылымдардан тікелей аударма жасап, өзекті деген материалдарды оқырманға ұсынып жүргенін көпшілік жақсы біледі. Біз сөз еткен саммитке қатысты «The Wall Street Journal» басылымына «New Lines» стратегия және саясат институтының Еуразиялық қауіпсіздік және өркендеу бөлімінің директоры Камран Бухаридың мақаласы шығыпты. Онда БҰҰ Бас Ассамблеясының саммиті аясында АҚШ Президенті Орталық Азия елдерінің басшыларымен келіссөз жүргізетіні айтылған.
Мақалада Орталық Азия елдерінің Президенттері Мәскеу мен Бейжіңге тұрақты түрде баратыны, бірақ Ресейдің алапат соғыстан әлсіреуі мен Қытайдың экономикалық құлдырауы Вашингтонға Орталық Азиямен тығыз қарым-қатынас орнатуға мүмкіндік беретіні жазылған.
«АҚШ-қа Еуразия құрлығының қақ ортасына стратегиялық көзқарас қажет. Аймақта Ақ үйдің ықпалы тарихи тұрғыда Ресей мен Қытайға қарағанда әлдеқайда төмен. Мәскеу де, Бейжің де қиындықтарға тап келгенде Вашингтон Орталық Азиямен ынтымақтастықты берік орната алады. Ең бастысы – өңірдегі көшбасшы Қазақстанмен тығыз ынтымақтастық болмақ», делінген «The Wall Street Journal» басылымында.
Камрин Бухаридың мақаласында Орталық Азияның ерекшеліктері мен мүмкіндіктері сараланып, АҚШ дәл осы аймақта позициясын күшейтуі керектігі баяндалады.
Жалпы АҚШ-тағы саммит қалай өтті? Орталық Азиядағы 5 мемлекетпен арнайы өткен жиында нендей мәселе көтерілді?
Ақордадағы әріптестеріміз таратқан ақпаратта саммитте Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев АҚШ Президенті Джозеф Байденнен кейін сөз сөйлегені мәлім етілген. Кездесу барысында стратегиялық серіктестікті, саяси диалогты, сауда-экономикалық, инвестициялық және гуманитарлық салалардағы ынтымақтастықты одан әрі дамыту, сондай-ақ Еуразия құрлығындағы бейбітшілік пен тұрақтылықты сақтау мәселелері жан-жақты талқыланды.
Саммитте экономикалық ынтымақтастық мәселесіне, сондай-ақ америкалық компаниялардың маңызды қазба байлықтарды игеру, жаңартылатын энергия көздері, өңдеу өнеркәсібі және басқа да бағыттарды дамыту мүмкіндіктеріне баса мән берілді.
Бұдан бөлек пікірталас барысында қауіпсіздік проблемаларын, соның ішінде киберқауіпсіздік, терроризм, экстремизм, заңсыз миграция және есірткі тасымалы секілді қауіп-қатерлерді шешу үшін ынтымақтастықты нығайту перспективалары қарастырылған.
TRT-нің қазақ бөлімі таратқан ақпаратта Самарқандта 8 жыл бұрын Орталық Азия елдері мен АҚШ арасында сыртқы істер министрлері деңгейінде құрылған С5+1 форматы мемлекет басшылары деңгейіне көтерілгені баян етілген. Сонымен қатар ашық және сындарлы диалог пен тиімді ынтымақтастықты дамытудың маңызды алаңына айналғаны атап өтілді.
Саммитте сөйлеген сөзінде Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Орталық Азия мен Ауғанстандағы Біріккен Ұлттар Ұйымының Аймақтық тұрақты даму мақсаттары орталығын Алматыда құруда АҚШ-тың қолдауына сенетінін айтқан. Ал Өзбекстан басшысы Шавкат Мирзиёев сауда-инвестициялық белсенділікті күшейту, жобалық ынтымақтастық орнату, аймақтағы көлік дәліздерін дамыту, адам құқықтарын қамтамасыз ету, білім беру бағдарламаларын тарату, Ауғанстандағы жағдайды бейбіт жолмен шешуге көмектесу мәселелеріне назар аударыпты.
Қырғызстан Президенті Садыр Жапаров саммиттің өзара түсіністік пен сенімді нығайту, қауіпсіздік пен тұрақтылықты қамтамасыз ету, сауда-экономикалық ынтымақтастықты кеңейту үшін қолайлы жағдай жасауды көздеуі керектігін атап өтсе, Тәжікстан басшысы Эмомали Рахмон күшейіп келе жатқан қауіп-қатерлер, лаңкестік пен экстремизммен күрес, есірткі саудасы, аймақтық қауіпсіздікті қамтамасыз ету, Ауғанстандағы саяси жағдай және Тәжікстанның Ауғанстанмен шекарасын қорғау мәселелеріне тоқталыпты.
Қолда бар ақпаратқа сенсек, саммит соңында Орталық Азия елдері мен АҚШ арасында өзара түсіністікті тереңдету және сындарлы серіктестікті кеңейту туралы келісімге қол жеткізілген.
Қарап отырсақ, Орталық Азияға алпауыт елдер ықпал еткісі келеді екен. Бұған дейін де Ресей мен Қытайдың бастамасымен дәл осындай жиындар өткен. Енді АҚШ-тағы саммиттен соң не болады екен? Әйтеуір екі жақтағы көршіміз бұл саммитке аса қуана қоймағаны анық.
Әзиз ЖҰМАДІЛДӘҰЛЫ
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!