Дүйсенбі, 23 желтоқсан, 07:33

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№100 (2110)
21.12.2024
PDF мұрағаты

Судандағы соғыс: Авиабаза үшін күрес

23.05.2023

584 0

Судан армиясы ел астанасы Хартум маңындағы негізгі әуе базасына қарай террористердің ілгерілеу әрекетіне тойтарыс беруге тырысып жатыр. Бұл туралы BBC арнасына жергілікті тұрғындар хабарлаған. Осыған байланысты Зейнаб Мохаммед Салих «Судандағы қақтығыс: Армия Вади Саидна әуе базасы үшін соғысуда» атты мақала жариялады.

Қақтығыс жүріп жатқан әуежайды ел әскері жедел қолдау күштеріне қарсы әуе шабуылдарын жасау үшін пайдаланады. Сонымен қатар оны шетелдік билік қақтығыстан өз азаматтарын эвакуациялау үшін пайдаланған. Екі жақ қарулы қақтығысты тоқтату туралы жетікүндік келісімге келгенмен, шабуыл толастар емес.

Атысты тоқтату туралы мәлімдеме жарияланған кейін келісім бірнеше минут ішінде бұзылған. АҚШ пен Сауд Арабияның мәлімдемесінде, соңғы бітім дүйсенбі күні кешке күшіне енеді және ол «атысты тоқтатуды бақылау механизмін» қамтамасыз етпек.

АҚШ пен Сауд Арабиясы 15 сәуірдегі қақтығысты тоқтату мақсатында соңғы екі аптада Сауд Арабиясының Джидда қаласында Судан әскері мен RSF (Жедел әрекет ету күштері – Суданда құрылған әскери ұйым) арасындағы келіссөздерге делдал болды.

Тілші оқиға орнындағы бірнеше адаммен сөйлескен. Олар өз сөзінде соғыс тек БҰҰ өз халықаралық әскери бақылаушыларын орналастырғанда ғана тоқтайтынын айтқан. Ал халықтың екі жақты келіссөздерге сенбейтінін дәлелі ретінде адамдардың Ніл өзені арқылы автобуспен қашуын алға тартып отыр.

20-ға жуық жүк көлігімен RSF жауынгерлері Нілдің шығысынан Вади Саидна аэродромына жету үшін көпірден өтуге тырысуда. Бұған жауап ретінде судандық әскерилер ауыр артиллериядан оқ жаудырған. Бірнеше күннен бері жалғасып жатқан қақтығыс күн сайын ушығып барады.

«Жексенбінің таңынан бастап ақырзаманды көргендей болып жатыр. Менің ойымша, олар осы атысты тоқтату келісімі күшіне енгенше бізге, қара­пайым халыққа қауіп төндіре береді», – дейді Бахри маңындағы тұрғын Ходжабаб.

Жексенбі күні Омдурманға да әуе шабуылы жасалып, оның оңтүстік аудандарында жарылыстың дауысы естілген. Бұған дейін АҚШ-тың мемлекеттік департаменті Суданға бейбітшілік орнатудың бұрын­ғы сәтсіз әрекеттерін мойындады. Бірақ бұл жолғы келісімде маңызды айырмашылық бар екенін айтқан.

Судан әскері АҚШ ұсынған кезекті мәмілеге келісім берсе, RSF ұйымы әзірге үнсіз. Бұл мәміледе сондай-ақ гуманитарлық көмек жеткізу жолдары да қарастырылған.

Азық-түліктің, қаржының және негізгі қажет­тіліктердің қорлары тез таусылып, көмек көрсету топтары Хартумға жеткілікті көмек көрсете алмай­тынына бірнеше рет шағымданған. Мемлекеттік армия мен RSF-тен волонтерлер гуманитарлық көмекті таратуға, негізгі қызметтерді қалпына келтіруге және ауруханалардан әскерлерді шығаруға шақырды.

«Жарылыс пен қарулы қақтығысты тоқтатып, гуманитарлық көмекке кедергі келтірмейтін уақыт келді. Екі жақты осы келісімді орындауға шақырамын. Өйткені бүкіл әлем бұл жайтты бақылап отыр»,  – деп жазды АҚШ-тың мемлекеттік хатшысы Энтони Блинкен өзінің әлеуметтік желідегі парақшасында.

Жалпы елдегі соғыс Суданның тұрақты армия­сының қолбасшысы Абдель Фаттах әл-Буран мен оның бұрынғы орынбасары, RSF-ды басқаратын Мохамед Хамдан Дагло арасындағы билік үшін күрестен кейін басталды. Соғыс кезінде жүздеген адам қаза тапты және БҰҰ Африканың үшінші үлкен еліндегі жағдайдың нашарлауы туралы ескертті. Себебі көптеген адам көмек сұраған.

11 мамырда екі тарап Суданға гуманитарлық көмек көрсетуге мүмкіндік беру туралы міндеттемеге қол қойған. Бірақ өткен аптаның басында БҰҰ-ның өкілі Мартин Гриффитс бұл келісімнің бұзылғанын айтқан.

Түпнұсқадан аударып, шолу жасаған

Аслан ЖАЙҚОНЫСҰЛЫ

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: