АҚШ билігінің Қытайға қарсы санкциясын сәрсенбідегі «Гонконг дауы» одан әрі шиеленістіре түскендей. Бұған Қытай үкіметінің Гонконгтағы демократияшыл төрт заң шығарушы шенеунікті қызметтен шеттетуі себеп болуда. Тура мағынада, батыс пен шығыс түйіскен, яғни Қытай мен АҚШ ықпалы тең жүретін алып қала қашан да ішкі Қытайға іштарта қоймайтын. Оған АҚШ ықпалында болған саяси жүйенің әсері мүмкіндік бермесе керек. Ал бұл жолғы кикілжің заң жүйесіндегі өзгеріс болғанымен, АҚШ-қа «қаладан айырылу» қаупі бар. Аталған мәселеге қатысты «The New York Times» газетінде Тиффани Мэй, Элейн Ю және Остин Рамзи «Қытай өзге пікірдегі заң өкілдерін қудалауда» атты бірлескен мақала жариялады. Тілшілер өзіндік пікірін білдіріп, оқиғаны саяси салмақ бере суреттеуге тырысқан. Мақала басында ерекше статустағы қаланың екі елге нендей маңызы бары анық айтылады:
«Гонконгтағы демократияның соңғы сарқыншағы саналатын заңгерлерге қысым көрсету қаланың саяси кеңістігі мен қауіпсіздігіне орасан өзгеріс әкелуі мүмкін. Бұған дейін демократия көшбасшыларын құрықтаған Қытай билігі енді Гонконгтағы тәуелсіз сот жүйесі мен ақпараттық агенттікке ауыз салды. Бұрынғы Британия боданындағы шаһар «Бір ел, екі жүйе» саясатын берік ұстануы қажет еді. Қаладағы заң шығарушы органы мен Заң шығару кеңесіне жасалған қысым осы келісімді бұзумен пара-пар. Деннис Квок, Квок Ка-ки, Кеннет Люн және Элвин Юнг есімді төрт шенеунік Қытайды қаланың экономикалық-саяси өмірін өзгертуге тырысты деп айыптаған. Бейжіңнен келген ресми өкіл бұл көзқарас үшін төрт азаматты жұмыстан шеттетті. Мұндай әділетсіздікке мойынсұнбаған тағы 15 қызметкер бірнеше сағаттан соң өз еркімен жұмыстан шыққан».
Сонымен қатар мақалада өз еркімен жұмыстан шыққан шенеунік У Чи-вайдың оқиғаға қатысты пікірі жарияланған. Саясаткер қаланың болашақ дамуы мен саяси бет-бейнесіне алаңдаушылық білдіріп, демократияның толық орнамағанын ашына жеткізген:
«Авторитаризм кезеңінде демократияға барар жол ұзақ әрі азапты болары белгілі. Алайда біз қысымнан қаймықпай, міндетті түрде тығырықтан шығар жолды табамыз. Маған айту қиын, гонконгтық азаматтардың көбі бүгінгі күнді көмескі деп ойлайды. Бірақ еркіндік, теңдік, әділдік жолындағы күресте тайсалмай тойтарыс берсек, күндердің күнінде өзіміз қадір тұтқан асыл құндылықты қайтаратынымыз анық».
Расында, Гонконгта өткен қарсылық шарасының дені «материктік Қытайдың» батыс ықпалын тежеу салдарынан орын алатын. Себебі шаһар Қытай иелігінде болғанымен, заңнама мен ережелер жүйесі алабөтен, елдегі ортақ заңнамаға сәйкес келмейді. Тіпті Қытай азаматтарына қалаға кіру талабы да қиын. Мұның барлығы өзара ықпал жарысына айналып, елдегі ахуалды шиеленістіре түскен. АҚШ демократияшыл қоғамды қалыптастырып, Азиядағы батыс қаласын орнатуға тырысса, Қытай ұлттық ерекшелік пен ортақ заңнаманы еңгізуді арман етеді. Міне, осындай айла-шарғы, айғай-сүрең, қуғын-сүргін сипатындағы әрекет шаһардың локалды жүйесінің берекесін кетіруде.
Ерсин Шамшадин
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!