Сенбі, 27 сәуiр, 06:49

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№32 (2042)
23.04.2024
PDF мұрағаты

Түрмедегі өрт пен өлім

27.10.2022

588 0

Тегеранның солтүстігіндегі Эвин түр­месінде өрт шығып, бірнеше адам көз жұмды. Ресми мәлімет бойынша көз жұм­ғандардың барлығы түтінге уланған. Алайда желіде тараған бейнематериалдарда арнайы жасақтың оқ атқаны естілген. Осы мәселеге байланысты CNN тілшілері Артемис Моштагян мен Хира Хумаюн «Өрттен кейін жас ағызатын газ қолданған» атты мақала жазды.

«Тasnim» атты жергілікті басылымның мәліметінше, оқиға салдарынан сегіз адам көз жұмған. Негізінен бұл түрме саяси тұт­қындардың қамау орны ретінде танымал. Мұнда соңғы он жылда басқарып келе жатқан ислам саясатына қарсы шыққандар қамалған.

Түрменің 62 жастағы тұтқыны Джафар Панахидің әйелі Тахере Саидидің айтуынша, түрмеде көзден жас ағызатын газ қолданылған. 62 жастағы режиссер түрмеге билікке қарсы шықты деген айыппен қамалған.

«Азаттық» радиосының Ирандағы филиалы «Фардаға» берген сұхбатында Саиди күйеуі қоңырау шалғанын және денсаулығы жақсы екенін айтты.

«1500tasvir» атты белсенді топ әлеуметтік желілерде жарияланған видеоларда оқ дауысы естілгенін және ирандық арнайы жасақтардың түрме орналасқан аймаққа қарай бет алғанын хабарлады. Ал реформаны қолдайтын IranWire басылымына түрмеден хабар түсіп, күзетшілер өрттен кейін түні бойы көзден жас ағызатын газ қолданғанын айтқан. Нәтижесінде тұтқындар тыныс алу үшін терезелерді сындыруға мәжбүр болған.

Көп тұтқынның адвокаты Мостафа Нили «Twitter»-де жазасын өтеушілердің көбі Тегераннан батысқа қарай 20 шақырым жерде орналасқан Раджаи Шахр түрмесіне ауыстырылғанын хабарлады. «IranWire» тү­сірген видеода Эвиннен тұтқындарды алып бара жатқан автобус көрсетілген. Ал түрмеде қайтыс болған 8 адамның барлығы ұрлық үшін қамалған.

Түрмедегі журналист Нилуфар Хами де сенбі күнгі өрттен кейін аман-есен. Бұл туралы күйеуі Мохамад Хоссейн өз твиттерінде жазды. «Ол маған кеше түнде Эвинде не болғанын білмейтінін, бірақ ол қорқынышты дыбыстарды естігенін және қорқынышты оқиға болды деп ойлағанын айтты», − деді Мохамад.

Тегеран прокуроры Әли Салехи «IRIB» мемлекеттік телеарнасында сөйлеген сөзін­де түрмедегі «қақтығыстың» полиция бөлім­шесінде болған жас әйелдің өлімінен кейін елде болған наразылықтармен байланысы жоғын айтты.

22 жастағы Махса Амини қыркүйек айында хиджабты дұрыс кимеген деген айыппен полиция ұстағаннан кейін қайтыс болды. Содан бері Иран билігі елдегі авторитарлық режимге наразылық білдірген демонстранттарды аяу­сыз қудалауды бастады.

Нью-Йоркте орналасқан Ирандағы адам құқықтары жөніндегі тәуелсіз орталықтың басшысы Хади Гаэми жексенбі күні «Twitter»-де: «Иранда бірде-бір тұтқын қауіпсіз емес. Онда адамдар мемлекетті сынағаны үшін мүгедек болып, өліп жатыр. Эвин мен Ирандағы саяси тұтқындар босатылуы керек. Барлық тұтқындар тиісті медициналық көмекке және адвокатпен, отбасымен кездесуі керек», − деп жазды. Гаэми сондай-ақ БҰҰ-ны Иран басшыларын жауапқа тартуға шақырды.

Адам құқығы мәселесін көтеретін «Amnesty International» ұйымының бас хатшысы Калламард жексенбі күні «Twitter» парақшасында: «Иран халқына қарсы жасалған қылмыстардың тым көптігіне» сілтеме жасап, «БҰҰ-ның Иран үкіметі мен діни билігіне қарсы тергеу және жауап беру механизмін» құру үшін БҰҰ Адам құқықтары кеңесінің арнайы отырысын өткізу қажет», − деп жазды.

Түпнұсқадан аударып, шолу жасаған

Аслан ЖАЙҚОНЫСҰЛЫ

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: