Әлемді жайлаған індет тек тәнге түскен кесел емес. Мұнан адамзаттың өмір қалпы, жүйке-сезімі де зардап шегуде. Шектеуден соңғы ахуал, аурудан кейінгі арпалыс қоғамды ескі арнадан бұрмаса да жүйке күйзелісіне жетеледі. Әсіресе қалалық өмірге үйренген адамның төрт қабырғада ұзақ қамалуы қандайда бір депрессияға әкеп соғарын күнібұрын болжанған еді. Қазір байқалмаса, кейін қайдан үзілерін аңдап болмайтын қоғамның психологиялық тізбегі ғалымдарды алаңдатуда. Осы орайда «The New York Times» газеті сәрсенбілік санында Вивиан Ванг пен Хавьер Эрнандестің «Жүйке ауруына жаңа көзқарас» атты көлемді сараптамалық мақала жариялады.
Авторлардың зерттеу нысаны – Қытай қоғамы. Мақалада адамзаттың коронавирустан кейінгі күйзеліс кезеңі, оңалу формуласы туралы сәтті болжамдар көрініс береді. Индукция әдісімен өрілген зерттеу-мақалада жалпыадамзаттық ортақ таным мен еркіндіксүйгіш болмыстың шиеленіс жағдайындағы шарықтау шегі шебер талданған. Ғажап зерттеудің мән-мазмұнын жете түсіну үшін толық аударуға да болар еді, көлем жібермейді. Сондықтан ауқымды жазбаны ықшамдап саралап көрейік…
«Чжан Сяочунь Ухань қаласында дәрігер еді. Ол өзінің балалық парызы мен аналық міндетін атқара алмадым деген сеніммен терең күйзеліске түсті. Әсілінде, оған себеп болған оқиға – жалғыз қалған қызы мен ауыр жағдайдағы әкесінің халін көре тұра жұмысын жалғастырғаны болса керек. Бұл жалғыз Чжан Сяочунь бастан кешірген психологиялық шиленіс емес, миллиондаған қытайлықтың пандемиядан кейінгі жан жарасына айналды. Бұлай жалғаса берсе, аталған психологиялық ахуал әлемдік сипат алуы ықтимал».
Вивиан Ванг пен Хавьер Эрнандестің аталған тақырыпқа түрен салуын оқырман тосын қабылданғанымен, екінші жағынан әлемнің мұндай психологиялық ахуалды бастан өткерерін іштей сезетін. Оны бірқатар елдегі індеттен соң ажырасудың көбеюі, алкогольдік ішімдік саудасының қызуы аңғартқан болатын. Енді, міне, миллиардтар елінің, жұмсартып айтқанда, «психологиялық осалдығы» әлемді үрейлендіріп отыр. Неліктен? Себебі жеке тұлғаның күйзелісіне көңіл аудармайтын ортаның депрессиясы қоғамдық сипатқа көшті деп байбалам салуы жағдайдан хабар берген-ді.
«Жалпы Қытайда адамдардың әлеуметтік аражігі, таным-түсінігі екінші сатыға қойылады. Тіпті Мао дәуірінде психикалық ауытқуға душар жанды буржуазиялық лаң салушы санатына қосып, жындыханаға тоғыту арқылы шеңберден шығармауға тырысты. Мұндай үрдістің сарқыншағы қазір де бар (Қытайда – ауд.). Көптеген күйзелістегі науқастар үйден шықпауға, ортадан алыстауға бейім. Шынын айту керек, коронавирус індетінен соң жағдай мүлде қиындады. Шанхай университетінің сауалнамасына сүйенсек, елдегі әрбір үшінші азаматта күйзеліс, шыдамсыздық, ұйқысыздық белгілері байқалған. Билік көмек көрсетуге арналған тәуліктік желіні іске қосып, дәрігер-психолог мамандар онлайн-семинар ұйымдастыруды бастап кетті».
Авторлардың пікірінше, орталықтандырылған Қытай саяси жүйесі жағдайды уысынан шығармауға күш салуда. Мектептерде психологиялық күйзеліске түскен оқушыларға арнайы консультация алуға жағдай жасалған. Билік аталған мәселеге «эпидемиядан соңғы синдром» деген анықтама беріп, жылы жапқанымен «алдыңғы дөңгелектің қайда бара жатқанын» аңғару қиын емес. Себебі Чжан Сяочуньмен тағдырлас мыңдаған қытайлық әлемдік ұйымдарға көмекке жүгінген.
«Пандемиядан кейін Қытайда студенттердің өз-өзіне қол салу тенденциясы белең алды. Коронавирустан кейінгі індетке айналған қасірет биліктің түбі бұл олқылықты толық мойындауына әкеп соғары белгілі. Мысалы солтүстіктегі Хэбэй аймағында шенеуніктер суицидке қарсы мультфильмдер шығарса, университеттерде білім алушының ортаға бейімделуін жіті қадағалауда. Осындай жүйке дағдарысынан шыққан студенттің бірі – Сяо Зелин. Ол бойынан байқалған қажырсыздық пен көңілсіздікті жойып, өмірге құштарлықты ояту үшін психологтың көмегіне жүгінеді. «Бастапқыда адасқан жандай күй кештім. Қазір өзімді анағұрлым жақсы сезінемін. Бізде (Қытай -ауд.) адамдар пандемиядан кейін денсаулығына, әсіресе психологиялық жағдайына ерекше мән беретін болды».
Мақала егелері сөз соңында қауымның түгелдей дерлік депрессияға түсуін жергілікті халықтың болмысы мен өмір-салт ерекшелігіне телитін бірнеше аргумент келтіреді. Ғылыми негіздемесіне күмән болғандықтан, біз де оны мысалға санамадық. Есесіне, авторлардың күйзелістен шығу жолы шығармашылыққа ден қоюда жатқанын меңзейтін түйін сөзі көңілге қонды.
«Психолог Чан дәрігер күйзеліске түрлі терапияның пайдасы жоқ екенін айтуда. Ол науқастарды жан тыныштығына жетелейтін өзге жолға – Ван Янмин шығармашылығына жетелейді. Себебі Мин дәуірінің ойшылы адамды қайғыдан құтылуға, өмірге құштар болуға шақырады: «Жаны мазалы ұрыны ұстау – оңай, ойы тынық ұрыны ұстау – қиямет».
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!