Дүйсенбі, 25 қараша, 15:03

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№93 – 2103
23.11.2024
PDF мұрағаты

Отыз жылдағы оң өзгеріс

22.05.2021

8306 0

Өткен ғасырдың 90 жылдары еліміз егемендігін алып, жаңа өмірді бастаған кез еді. Енді тік тұрып келе жатқан мемлекеттің алдынан біраз қиындықтар да кездесті. Елдегі дағдарыс халықты есеңгіретіп, экономикаға ауыр соққы болды. Еңсесін енді тіктеген ел өзінің сан-саласын нығайтуға, құлдыраудан аман алып қалуға міндетті еді. Себебі еліне сенетін халық, туған жері үшін еңбектенетін азаматтар бар. Міне, сол себепті Қазақстан бұл қиындықтарды жеңіп шығуы тиіс болатын. Осы орайда аймақтағы ауыл шаруашылығы саласы туралы қалам шертуді жөн көрдік. Себебі бұл тәуелсіздіктің алғашқы жылдары сала да біраз тұралап қалғаны жасырын емес.

Отыз жылдағы оң өзгеріс

Сыр өңірі бүгінде ауыл шарушылығы өнімін тек Қазақстанда емес, шетелге де экспорттап жатыр. Күріш егуде көш бастап тұрған аймақ диқандары тынбай еңбек етіп келеді. Жыл сайын тонналаған астық қамбаға құйылып, өңір экономикасына орасан зор табыс алып келуде. Мал басын көбейтуде Қызылорда өңірі өзгелерден қалыс қалған жоқ. Десе де сол бір 90 жылдардағы қиындық аймақтың ауыл шаруашылық саласына да салқынын тигізді.

Ол уақыттағы күрмеуі көп мәселе бізге беймәлім, әрине. Сол себептен бұл саланың сол кездегі келбетін сала ардагері, облыстық ауыл шаруашылығы басқарма­сы басшысының кеңесшісі Омархан Пашкеновтен білдік:  «Кеңес үкіметі құлап, Қазақстан тәуелсіз мемлекет атанған кезде сала мамандары біраз қиындық көрді. Ең алдымен, сол кездегі ірі шаруалар өзара кіші шаруашылық болып бөлініп кетті. Былайша айтқанда, трактордың дөңгелегін бір адам, кабинасын бір адам алды. Оның үстіне жанар-жағармайдың да бағасы қымбаттап, ал еккен егіннің өнімі керісінше арзанға сатылды. Нәтижесінде диқандардың ең­бегі өз-өзін ақтамай жатты. Осылайша шаруалар тоқыраудың алдында тұрды. Мал басы да азая бастады. Жердің құнары да нашарлап, еккен егін қурап кеткен, шықпай қалған кездер болды. Мысалы, сол кезде 1 гек­тардан 30 центнерге жетер-жетпес өнім алатын. Қазір гектарына 60 центнер өнім алып отырмыз», – дейді сала ардагері.

Отыз жылдағы оң өзгеріс

Омархан Пашкеновтың айтуынша, бұл қиындықтар 2002-2003 жылдарға дейін жалғасыпты. Кейін мемлекет шаруаларға арнайы субсидия беріп, мемлекеттік бағ­дарламалар пайда бола бастаған. Шаруалар мемлекет көмегімен тыңайтқыштар, тұқым алған. Сондай-ақ бұл салаға инвестиция тартылып, қолдауға ие болған. Осы тұста өңірде «Шапағат», «Абзал и К» секілді инвесторлар пайда болған.

Қазіргі таңда «Абзал и К» серіктестігі аймақта ғана емес, республика деңгейінде ауыл шаруашылығы сала­сында көш бастап тұрған компания. Қазіргі таңда ауыл шаруашылығында қарқынды дамып келе жатқан «Абзал и К» серіктестігінің жеткен жетістіктері ауыз толтырып айтарлықтай деңгейде. Мәселен, өткен жылы экспортталған өнім 50 процентті құраған. Бұл дегеніміз, күріш пен одан жасалатын өнімнің 20 мың тоннасы. 

Компания негізінен 1994 жылы құрылған. Мемлекет те, халық та қиын күндерді бастан кешіп жатқан тұста Абзал Ералиев ауыл шаруашылығы саласында өзін сынап көрмекші болады. Оның мақсаты – диқандардың еккен егінін сатып алып, бір бөлігін зауыттарға өндеуге беріп, қалғанын сатуға жіберу болатын.

2003 жылы компания күрішті өздері егу туралы шешім қабылдап, арнайы сала мамандарын шақыртады. Бірлескен жұмыс нәтижесінде Нағи Ілиясов ауылында күріш егу басталады. 2005 пен 2010 жылдары күріш өңдейтін үлкен зауыттар салады. Оның бірі – сағатына 5 тонна күріш өңдейтін оңтүстік-кореялық, өзгесі сағатына 7 тонна күріш өңдейтін германиялық техникамен жабдықталған зауыт. Нәтижесінде компания республикадағы жоғары технологияда күріш өңдейтін алғашқы зауыт атанады.

Сонымен қатар «Абзал и К» серіктестігі еліміздегі жо­ғары технологиялық ауылшаруашылық өндірушілерінің бірі. Германияда жасалған PETKUS Technologies GmbH атты құрылғымен жұмыс жасайтын  тұқым тазартқыш зауыт тек күрішті емес, жоңышқадан да тұқым алады. Қазіргі кезде компания Нағи Ілиясов ауылы тұрғындарының 60 процентін жұмыспен қамтып отыр. Бұл компанияның өнімдері ел ішінде ғана емес, Ресей, Әзірбайжан, Украина, Түркіменстан, Моңғолия, Қырғызстан мен Ауғанстан елдеріне экспортталады.

Компания бүгінгі таңда «Парыз» сыйлығының үш дүр­кін жеңімпазы атанып, 2 алтын медалін иеленген. 2017 жылы «Абзал и К» серіктестігі ҚР Президентінің «Алтын сапа» премиясының лауреаты атанған. Ал 2019 жылы ТМД елдерінің арасында өткен конкурста жеңімпаз атанған. «Абзал и К» компаниясының жүйелі жұмысының нәтижесінде Нағи Ілиясов ауылы республикадағы алдыңғы қатарлы елді мекенге айналды. Абзал Ералиевтің өзі «Қазақстанның Еңбек ері атағына ие болды.

Жалпы отыз жыл ішінде Қызылорда облысының аг­рарлық-өнеркәсіп кешені (АӨК) тұрақты өсіп жатыр деуге болады. Бұл саланы кешенді қолдау 2003 жылы басталып, өңірдегі ауылшаруашылықты қолдауға барлығы 142,8 млн теңге жұмсалған. Ал өткен жылы бұл салаға мемлекет 14,8 млрд. теңге қаржылай көмек берген. Облыстық ауылшаруашылығы басқармасының мәліметінше, соңғы 10 жыл­да аймақтағы жалпы ішкі өнім  құрылымындағы ауыл шаруа­шылық үлесі 3,9-дан 4,8 процентке өскен. Мысалы, өткен жылы осы салада өнім өндіру көлемі 141 млрд теңгені құрады. Ал 1991 жылы бұл көрсеткіш небәрі 2,3 млн теңгені құраған. Одан бөлек өңірдегі ауыл шаруашылығы құрылымдарының машина-трактор паркі 25 процентке жаңартылған.

Облыстағы ауыл шаруашылығы тауар өндірушілері жыл сайын шамамен 500 мың тоннадан астам күріш жинайды екен. Басқарма мәліметінше, қызылордалық күріш тек таяу шет мемлекеттер емес. Германия, Нидерландия, Түркия мен Ирак секілді елдерде де сұранысқа ие.

Мал шаруашылығында да оң өзгерістер байқалады. Соң­ғы жылдары ірі қараның саны 53,5 процентке, жылқы 2,3 есе және түйе саны 2 есе өскен. Осы өсімдер нә­ти­жесінде ауыл шаруа­шылығы жыл сайын экономиканың не­ғұр­лым тартымды са­ласына айналуда. Мұны бұл салаға салынған инвестиция­лардан да байқауға болады.

Отыз жылдағы оң өзгеріс

Экспорт көлемінің соңғы 16 жылда 2,8 есе өсті. Қазіргі кезде Қызылорданың 19 түрлі ауыл шаруашылық өнімі  әлемнің 19 мем­лекетіне экспортталады.

Ауыл шаруашылық өнімдерін өндіретін кәсіп нысандары да артқан. Бүгінде «РЗА» АҚ сүт-тауар фермасы, «Жан Арай – жем» ЖШС құрама жем зауыты, «Қызылорда балық» ЖШС балық өнімдерін шығару», «Қазақстан аквакултура ЛТД», «Арал СДО» секілді жаңа өндірістер бар. Сонымен қатар, ауыл шаруашылығы өнімдерінің электрондық саудасын жүйелендіру және агроөнеркәсіптік кешеннің экспорттық әлеуетін арттыру мақсатында «Агробиржа» жобасы іске асырылды.

P.S. Отыз жылда өңірдің ауыл шаруашылығы орнынан тіктеп тұрды деуге болады. Бүгінде күрішімен танымал болған аймақ жыл сайын рекорд жаңартып, өндіріс көлемін арттырып келеді. Бұл өңір экономикасына оң өзгеріс енгізіп жүрген сала мамандарының тынымсыз тірлігі екені анық. Олар бір орында тоқтап қалмайтынына, еңбектерінің ақталатынына халықтың да сенімі мол.

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: